• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 24 Шілде, 2019

Abai175 челенджі: оқудың бәрі тоқу ма?

914 рет
көрсетілді

Өмірдің, көңілдің, күнделікті күйбең тірліктің кез келген көрінісінде тіл ұшына Абай оралады. Қуансаң да, көңілің түссе де, бір мәселенің шешімін іздесең де Абайдың өлеңі, қара сөздері, Абай айтыпты делінген әңгімелер көкейіңді түрткілей береді. «Абайдан сөз қалған ба?..» деп үлкендердің неге тамсанып отыратынын түсінгендей боласың.

Хакімнің мұраларын насихаттаған #Abai175 челенджі бірнеше аптаның ішінде жер-жаһанға жайылып кетті. Қаршадай балдырған бастап, Президент Қ.Тоқаев қабыл алған эстафетаны министрліктер, өнер тарландары, қоғамның барлық мүшелері қостады. Жұмыр жердің әр тұсында хакімнің жырлары жатқа оқылып, әндері шырқалып жатыр. Қазақстандықтарды айтпағанда, орысы, ағылшыны, қытайы бар, түрлі шетел азаматтары өздерінің ана тілінде немесе шама-шарқынша тілдерін бұрап «Әсемпаз болма әрнеге...» деп Абайдың өлеңін қазақша оқығанына еріксіз сүйсінесің.

Дегенмен, Абайды оқу бар да, тоқу бар. Кемеңгердің «Қалың елі қазағы, қайран жұртына...» жаны ашып айтқандарын, кемшіліктеріне жаны күйіп сынағандарын, басқа ұлттардан төмен тұрған тұстарымызға налығанын тақылдап оқу бар да, оны көкейге тоқу бар. Біз оның айтқан ақыл-кеңестерін мүлтіксіз орындамасақ та, соған тырысып жүрміз бе? Әлде, эстафетаны қабылдап алып, образға кіріп өлең оқығанымызға күпсініп жүрміз бе?

Мәселен, қазір той маусымы қызған шақ. Тойханалар енді қара күзге дейін босамайды. Үйлену тойы, ұзату той, мерейтой, сүндет той, мектеп табалдырығын аттағандардың тойы, мектепті бітірген түлектердің тойы, мектепті бітіргеніне дөңгелек дата болғандардың тойы... Қысқасы, қыс бойы жоспарланған тойлардың бәрі көктемде басталды, күзге дейін толастамайды. Қалыңдық пен күйеу жігіт тойханаға лимузинмен емес, тікұшақпен барғаны туралы бейнероликтер таралып жатыр. Ол тікұшақ заңсыз қызмет еткен болып шығып, құқық қорғаушылардың қырына ілініп, ұшқыштың қызметтен қуылғаны туралы ақпарат та желдей еседі. Сондағы мақсат не? Жасыратыны жоқ, кейбіреулердің көксегені «Бәленшенің тойы дүркіреп өтіпті» деген дақпыртты сөзді есту. «Біздің той түгеншенің тойынан асып түссе» деген пендешілік ой көкейін қытықтайды. Қысқасы, мақтангершілік. Осындай тойлар шектен тыс көбейгені Абай айтқандай, «Ойлағаны айт пен той, Ыржаң-қылжаң ит мінез...» жұртқа айналып бара жатқанымызды білдірмей ме?

Жиырма үшінші сөзінде хакім: «Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш дегендер бар. ...Жұбанышы - жалғыз біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ болады да деген сөзді жұбаныш қылады...». Арада ғасырдан астам уақыт өткенде, біздің қазекең «Елдің бәрі алып жатыр ғой...» деп өзін-өзі жұбатып, той-кредит алып жүр. Той-кредитті өтей алмай, банктерді, билікті жамандап жүргендер де жетерлік.

Таяуда ғана Сенаттың пленарлық отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев халыққа берілген тұтынушылық несиенің қаншасы тойға жұмсалатынын да айтқан еді.

– Тұтынушылық несие беретін банктер құрылымын түгелге жуық тексеріп көрдік, берілетін несиенің 9,5 пайыздайы той-несие,– деді бас банкир. Айтуына қарағанда, несиені ата-ана алып, баласының тойын өткізіп, тойдан кейін төлеу миссиясын жастардың мойнына артып қоятын фактілер өте көп кездеседі екен.

 «Жиғаның тойға шашылсын» деген жақсы тілек бар біздің халықта. Көптен аңсап күткен қуанышыңа деп аз-мұз материалдық қор жинағандардың той тойлағаны орынды, әрине. Біздің айтып отырғанымыз оларға қатысты емес.

Жалпы, жекелей азаматтар емес, тұтас мемор­гандардың өзі пайдасы аз, шығыны көп іс-шараларға салынған кезде, бюджеттің қаражаты миллиондап желге ұшатыны айтпасақ та түсінікті. «Мемлекеттің имиджі», «Бренд қалыптастыру» деген аргументтің бәрі бос сөз екені бүгінде бәріне белгілі болған. Президент Тоқаевтың «имидждік іс-шараларды қысқарту» туралы тапсырмасы осының бір айғағы.

«Қазаққа ес кіргенде – Абай ескіреді» депті Асқар Сүлейменов. Әзірге Абайдың ескіре­тін түрі жоқ, қайта күн өткен сайын Абай­дан қалған сөздердің өзектілігі артып келе жатқандай. Егер хакімнен оқығандарымыздың 1 пайызын жасасақ, «Толық адам» болып кемел қоғам құрар едік-ау. Өкінішке қарай, сол оқыған, естігендеріміз «Құлақтан кіріп бойды алмай», екінші құлағымыздан шығып кететін сияқты. «Қайран сөзі тобықтының езіне қор болғандай», қалың қазағына да қор болмаса екен.