• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Шілде, 2019

«Дипломмен – ауылға» барған дәрігер баспаналы болды

778 рет
көрсетілді

«Бәрін кадр шешеді» деген сөздің мәні өзгермеді. Тіпті, мағынасы артып, маман иесінің білім мен білігіне қатысты салмақты бола түскендей. Бұл талап денсаулық саласына қатысты қойылғанда екі есе жауапкершілік жүктейді. Өйткені, қазір кадр тапшылығы мен білікті маман жетіспеушлігі отандық медицинада өткір тұр.

Денсаулық саласындағы кадр мәселесі Алматы облысында да алдыңғы орында. Дерек бойынша өңірде 525 түрлі деңгейдегі дәрігер маманы жетіспейді екен. Бірақ, облысқа жоғарғы оқу орынын бітіріп, еңбек етуге келіп жатқан жастардың да қатары өсіп келеді. Мысалға, биыл аймақ дәрігерлерінің қатарын 443 жас маман толықтырмақ. Оның ішінде 56 хирург, 40 акушер-гинеколог, 134 жалпы тәжірибелік дәрігер, 7 невропотолог, 14 реанимотолог, 5 кардиолог сияқты сұранысқа ие мамандық иелері бар. Қазір облыстық денсаулық сақтау басқармасы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті мен Семей, Қарағанды, Нұр-Сұлтан қалаларындағы жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Өңірге келіп жатқан жас мамандар осы оқу орындарының түлектері.

Жалпы, аймақтағы дәрігер мамандардың тапшылығы негізінен алыс аудандарда байқалып отыр. Оның бір себебін медицина саласындағы жалақының аздығы, әлеуметтік қорғаудың әлсіздігі мен баспанамен қамту жайының қиындығынан іздеуге тура келеді. Бірақ, жас мамандарды ынталандыруға үлкен қадам жасалуда екен.

- Алматы облысы бойынша биыл жас дәрігерлерді әлеуметтік қолдауға, оның ішінде бір реттік жәрдемақы төлеуге 1,5 млн теңге, көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй жалдауға берілетін қосымша жәрдемақыға 2,5 млн теңгеге дейін қаржы бөлінген. Ауылдық өңірге жұмыс істеуге барған жас маманға 3 787 500 теңге шамасында өсімсіз несие беріледі, бұл бойынша «7-20-25» бағдарламасымен тұрғын үй алу қол жетімді. Ал өңір бойынша жас маман-дәрігердің айлық жалақысы 110 000 теңге мен 180 000 теңге аралығында, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ.

Айтпақшы, ауылдық жердегі кадр жетіспеушілігі мәселесін шешуге «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы да оң үлесін қосқанын айту парыз. Осы бағдарлама басталғалы бері Алматы облысында 6253 жас маман өңірдегі ауылдарға ат басын бұрған екен. Есеп бойынша 2009 – 2018 жыл аралығында «Дипломмен ауылға» келгендерге жалпы сомасы 785,3 млн теңге болатын көтерме жәрдемақы берілген. Ал өткен жылы ғана бұл қолдауға 571 жас маман ие болыпты. Жалпы, 2009 – 2018 жыл аралығында «Дипломмен - ауылға» жобасына қатысушылар бойынша білім саласына қатысты мамандықтарға сұраныс жоғары болыпты. Жетісудың ауылдарына бала оқытуға келген жас мұғалім саны 4328 адамды құраған. Мұнан кейінгі орын медицина саласына бұйырыпты, 1487 дәрігер, медбике сияқты мамандық иесі аймаққа оралған. Сондай-ақ, 236 жас маман агроөнеркәсіп кешеніне, 113 адам мәдениет мекемелеріне, 49 жас әлеуметтік қамсыздандыру саласына және 40 спорт маманы өз болашағын ауылмен байланыстыруға бел буған екен. Айтпақшы, жоба аясында берілген тұрғын үй сатып алу несиесінің  жалпы көлемі 7,7 млрд теңге шамасында. Бұл қаржыға 2912 жас маман баспана сатып алды деуге болады.

Осы «Дипломмен - ауылға» бағдарламасының игілігін көріп, ауылға оралған жас дәрігердің бірі – Аяужан Құбайдолданова. Ол бүгінде Үшарал қаласындағы емханада педиатр болып еңбек етуде. 2018 жылы бағдарлама бойынша Алакөл ауданына жолдамамен келген болатын. 1 жыл ішінде мемлекеттік бағдарлама бойынша баспанаға қол жеткізді.

- Семей мемлекеттік университетін жалпы тәжірибе дәрігері мамандығы бойынша бітіргесін, ШҚО, Ұлан ауданындағы Таврия ауылында еңбек жолымды бастадым. Кейін Алакөл ауданына «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша шақырту алдым. Басында жүрексінген едім, жалақы төмен, баспана жайын қалай етеміз дегендей сұрақтар туды. Сәтіне қарай, мемлекеттік бағдарламада көрсетілген шарттың барлығы уақтында орындалды. Жақында баспаналы болдық. Дәрігердің алаңсыз жұмыс істеуіне бұдан артық қандай жағдай керек?- дейді ақ желеңді Аяужан.

Ал осы ауданның Қазақстан ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда жалпы тәжірибе дәрігері болып жұмыс істеп жүрген Мәдина Ерланқызы да «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша еңбек жолын бастаған екен.

- Әуелгіде көп ойландым. Алматыда қалатындай мүмкіндік те болды. Бірақ, ауылға біз сияқты жастар барып жұмыс істемесе, зейнетке кеткен дәрігерлердің орынын кім басады? Менің мамандығым бойынша ауылда маман жоқ десе де болады екен. Бала дәрігері болу өте жауапты жұмыс қой, істеген сайын тәжірибе жинап, емдей жүріп үйреніп жатырмын. «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша келгендіктен, әлеуметтік жағдайымызға алаңдамадық. Тұрақты жалақыдан бөлек бір реттік жәрдемақы төледі, көтерме ақы мен тұрғын үй жалдауға берілетін қосымша қаржы тағы бар. Үй алуға өсімсіз несие берді. Жақында біздің айлық жалақымыз 30 процентке өсті. Осы қамқорлық үшін ризашылығым шексіз, - дейді жас маман Мәдина.

Жалпы, Алматы облысында медицина мамандарының біліктілігін арттыруға, оларды қайта даярлауға да лайықты көңіл бөлініп отыр. Дәл осы мақсатқа 2018 жергілікті бюджеттен 201,5 млн теңге жұмсалыпты. Соның нәтижесінде өңірдің медицина қызметкерлері шетелдің озық клиникаларында тәжірибе алмасуға, белгілі клиникалардың жоғары білікті мамандарынан дәріс тыңдауға мүмкіндік алыпты. Мәселен, былтыр 344 маман Литва, Польша, Оңтүстік Корея, Түркия елінің білікті кадрларынан дәріс алған. Сол сияқты дәрігерлердің бір тобы Израиль, Оңтүстік Корея, Түркия мемлекетінде қабылдау бөлімінің жұмысын жетілдіру, лапароскопиялық техникамен жұмыс істеу, триаж жүйесі бойынша медициналық сұрыптауға қатысты тағылымдамадан өткен екен.