• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әлем 25 Шілде, 2019

Ұлыбританияда премьер ауысты

296 рет
көрсетілді

Өткен сейсенбі күні Ұлыбританияда Консервативтік партия көшбасшысы сайлауының екінші, шешуші кезе­ңінің қорытындысы жария етіліп, бұрын елдің Сыртқы істер ми­нист­рі және Лондон қаласының мэрі қыз­меттерін атқарған Борис Джон­­сонның жеңіп шыққаны белгілі болды.

Еуроодақтан шығуды жақтаушы

Бұл жеңіс енді билеуші партияның басшысы ретінде Б.Джонсонға ел үкіметін басқаруға мүмкіндік береді. Жаңа премьер-министрдің алдында «Brexit» жобасын жүзеге асыру және консерваторлардың позициясын нығайта түсу міндеті тұр.  

Борис Джонсон жаңа лауазымына ресми түрде кеше кірісті. Бұрынғы премьер Тереза Мэй «Brexit»-ті жүзеге асырудағы сәтсіздіктерінен кейін партия басшылығынан кететінін мәлімдеп, өзінің дәрменсіздігі мен шарасыздығын мойындаған болатын. Тиісінше, кеше ел парламентінде соңғы рет сөз алған соң Тереза Мэй Букингем сарайына аттанып, Ұлыбританияның 93 жастағы патшайымы Елизавета II қабылдауында болып, премьерліктен босатуды сұрады. Әрі қарай қалыптасқан дәстүр бойынша Б.Джонсонды қабылдап, үкімет құрамын жасақтауды қолға алуды сұрайды. Бұл – ағылшын билігінің формальды тәртібі.  

Джонсонның жеңісі Британия тари­хын­дағы азшылық үкіметінің пар­тияішілік сайлау жолымен ауысуы болып отыр. 

Борис Джонсон жаңа қызметке сайлана салысымен 31 қазанға дейін Ұлы­британияны Еуроодақтан шығаруға, елді біріктіре отырып, оппозициялық Лей­бористік партия жетекшісі Джереми Корбиннен басым түсуге уәде етті. 

Оған жауап ретінде Д.Корбин: «Джон­сон байларға арналған салықты төмен­детуге уәде етілген және Еуроодақ­тың келісімінсіз-ақ «брексит» алуға негіз­дел­ген бағдарлама арқылы 100 мың адам­дық топтың атынан таңдалды. Енді ол елдің алар бағытына маңыз беріп ойлануы керек. ЕО құрамынан келіссөзсіз шығу медициналық мақсаттағы тауарлар келісімін шектейді, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпке, жалпы экономикаға нұқсан келтіретіндіктен, Борис Джонсон Дональд Трамппен сауда келісімін жасауға мәжбүр болады, бірақ ол келіссөздерді Джонсон әлсіз жақтың позициясынан жүргізеді», деп үн қатты. 

Ал Америка президенті болса Джон­сонның танымалдығын оның «британдық Трамп» деген лақап атына байланысты екеніне риясыз сенім білдіріп отыр. 

Өз кезегінде Лондон қаласының мэрі Садық Хан «Брексит» мәселесінде жаңа премьердің ұстанымымен келіспейтінін айтады. Ұлы­британияның Еуропалық Одақпен келі­сімсіз ат құйрығын кесуі жұмыс орын­­дары­ның тапшылығын тудырады, эконо­ми­калық өсімді тежейді, халықтың әл-ауқатына кері әсерін тигізеді деп топшылайды. 

Міне, осындай пікір қайшылықтарынан кейін Борис Джонсонның Ұлыбритания премьер-министрі лауазымына тағайын­далуын жақтаушылар мен қарсы топ Лондон көшелеріне шығып кетті. Ал оппозиция болса, жаңа көшбасшыға сенімсіздік білдіруге қамданып жатыр. 

Шыққан тегінде жақындық бар

55 жастағы Борис Джонсон Нью-Йорк қаласында дүниеге келген және 2016 жылға дейін АҚШ азаматы да бол­ған. Толық ныспысы – Александр Борис де Пфеффель Джонсон. Бірақ бізді қызық­тырған мәселе басқа – Борис Джон­сон Османлы мемлекетінің соңғы Ішкі істер министрі болған Али Кемалдың шөбересі. Мамандығы журналист болған атасы 1920-шы жылдары қаза тапқан. Ал әкесі Стэнли Джонсон Консервативтік партияның қата­рында жүріп, Дүниежүзілік банкте жұмыс істеген, Еуропарламенттің мүшесі болған. 

Әжесі де Кавказ аумағынан Түркияға ауған шеркес қызы екен. Жалпы, Б.Джон­сонның нағашыларын да осал деуге кел­мейді – ақпарат құралдары жаңа премьер­дің анасы Ұлыбритания королі II Герцогтің тұқымынан екенін жарыса жазып жатыр. 

Саясаткердің өзі британдық көптеген әріптестеріне тән қалыппен Итон және Оксфордта білім алған. Оқып жүріп, Окс­форд пікірталас одағының тең төрағасы ретінде көзге түскен. Еңбек жолын жур­налистік саладан бастап,  The Times басылымында азды-көпті жұмыс істеген. Бірақ әлемге әйгілі газеттен жалған дерек­терді қолданғаны үшін қуылыпты. Кейін­нен The Daily Telegraph басылымында жұмыс істей жүріп, нағыз еуроскептик болып қалыптасқан. 

Ал 1997 жылдан бері үлкен саясатқа белсене араласып, министр лауазымынан Лондон мэріне дейінгі дәрежеге көтерілді. Жалпы, Б.Джонсон телевизиялық шоуларға жиі қатысып, өткір пікірлері арқылы елдің ішінде танымалдығын арттыра түскен. Оның сол шоулардағы бүйректен сирақ шығаратын ойлары беделін өсіре түскені де анық. 

2016 жылы Борис Джонсон парламентке оралуды көксейді. Бір қызығы, оның орнына Лондон басшысы болып бұл қызметті иеленген тұңғыш мұсылман Садық Хан қалды. Ал Б.Джонсонның түбі түрік болғанымен, мұсылмандарға да, түркі әлеміне де іштартқан кезі белгісіз. Керісінше, жоғарыда айтылғандай, ұр да жық мінезі арқылы оқшауланып тұратын империялық пиғылдағы саясаткердің мұ­сылмандар мен Африка туралы айт­қан сөздері көпшіліктің наразылығын туғызған. Сыртқы істер министрі болып тұрған уақытында ел үкіметінің басшысымен «Брексит» мәселесі бойынша келісе алмай, қызметінен кетті. 

Ақпарат көздеріндегі мәліметтерге қарағанда, екі рет үйленген Б.Джонсонның төрт баласы бар екен. 

Жалпы, әңгіме басында Б.Джонсонның алдында тұрған міндет – Ұлыбритания­ны ешқандай мәмілесіз Еуропалық одақ­тан бөліп шығару екенін айттық. Саясат­кер бұл жолдағы кедергілерден тайсалмай, бірбеткей мінезі арқылы мақсаты­на жетпей тынбайтындай көрінеді. Ол кескін-келбеті де өзіне ұқсайтын амери­калық әріптесі Дональд Трамптың саяси биліктегі жетістіктерін қайталаудан үмітті екенін жасырмайды. Бірақ оның бұл пиғылына британдық өркениет көне қойса жақсы...