• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Экономика 25 Шілде, 2019

Ферроқорытпа зауыты ашылды

1047 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Мамин Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында ферроқорытпалар өндіру зауытының ашылу салтанатына қатысып, тау-кен байыту кешенінің бірқатар кәсіпорнына барды.

Үкімет басшысы жаңа фер­ро­қорытпа зауытының ашылуымен құттықтап, өңірдің одан әрі әлеу­меттік-экономикалық дамуы үшін жоғары технологиялық кәсіп­орынның маңыздылығын атап өтті. Жобаның ерекшелігі – «Ин­дустрия 4.0» бағдарламасы ая­сында өндірістік циклдің жаңа технологиялық әзірлемелерін енгізуі. 

Кәсіпорында алғашқы ке­зең­дерде жылына толықтай экс­портқа бағдарланған 180 мың тон­на өнім шығару көзделген.

«Алдағы уақытта жыл са­йын 240 мың тоннаға дейінгі кө­лем­де өнім шығару көзделген», де­ген А.Мамин, газ тазарту жүйе­лері кешені мен көмірдің ор­нына электр қуатын пайдала­ну атмосфераға таралатын зиян­ды қалдықтарды толықтай бей­тараптандыратынын, сәй­ке­сін­ше, қоршаған ортаға теріс әсе­рі барынша аз болатынын атап өтті.

Жаңа ферроқорытпа зауыты металлургия саласындағы басты кәсіпорындардың біріне айналады және өңірдің ғана емес, еліміздің әлеуметтік-эко­но­ми­калық да­муына оң үлесін қосады.

Ферросилицийдің негізгі көле­мі Ресейге, Түркияға, Оңтүс­тік Кореяға, АҚШ-қа және Еуро­палық одақ елдеріне жеткізіледі. Сонымен қатар дайын өнім өн­діру кезіндегі қазақстандық қамту үлесі 94%-дан асады.

Зауыт құрылысы кезеңінде мың жарымнан астам жаңа жұ­мыс орны құрылды. Оны пайда­лану кезеңінде 350 тұрақты жұ­мыс орны ашылады, екінші кезең іске асырылған жағдайда, олар­дың саны 550-ге дейін артады.

Премьер-Министр Қарағанды облысының Қазақстанның өңдеу, металлургия, тау-кен өндіру өнер­кәсібі, қара және түсті металлур­гия, машина жасау саласын дамы-

тудағы маңызды рөлін атап өтті.

«Қарағанды облысында өнер­кәсіпті әртараптандыру, жүйе құрушы кәсіпорындарды жаң­ғырту, инвестициялар тарту жұ­мыс­тары жалғасып жатыр», деген А.Мамин, барлық тартылған инвес­тициялардың 93%-ы – жеке, оның жартысы шетелдік қара­жат екенін айтты. Облыста 1 трлн-нан астам теңгеге 35 жаңа ірі ин­вестициялық жоба іске асыры­лып жатыр, олардың 17-сі ше­телдіктердің қатысуымен қолға алынды. 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында инвестициялар өсімі 72%-ды құрады.

Премьер-Министр өңірге жұ­мыс сапары барысында «Алайғыр» кен орнының қорғасын-күміс кенін өңдейтін және байытатын, катодты мыс өн­ді­ретін кәсіп­орын­дарына, сон­дай-ақ «Көктасжал» кен орны база­сын­дағы тау-кен байыту ке­шеніне барды.

Асқар Мамин «SES Саран» күн-электр стансасын тексеріп, Қарағанды қаласының солтүстік және шығыс айналма жолының реконструкцияланған бөлігімен танысты. Ұзындығы 20 шақы­рым­нан астам «Қарасор көлінен айнала Көкпекті-Қарағайлы» айналма темір жол желісі құры­лысы жобасын қарау барысында су тасқыны салдарынан зиян келтірілген шо­йын жол желісінің бөлігін қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы баяндалды.

Қарағанды облысы