• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Шілде, 2019

Тозығы жеткен үйлер жаппай сүріліп, жаңа шағын аудандар бой көтеріп келеді

440 рет
көрсетілді

Өңірде 1758 көпқабатты тұрғын үй есепке алынса, 90 пайызға жуығы Кеңес заманында салынғандықтан, әбден ескірген. Оның үстіне оның бір мыңға жуығында пәтер иелері кооперативтері құрылмауы салдарынан ішкі инженерлік желілердің істен шығуы жиі кездеседі. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес кондоминиум нысанындағы жалпы мүлікті күтіп ұстау талаптары да қатаң сақтала бермейді.

«Тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы аясында 2011-2018 жылдар аралы­ғында 166 үй ғана қалпына кел­тірілген. Күрделі жөндеуді қажет ететін баспаналардың үлесі бар-жоғы 27,5-ден, 17,3 па­­йызға азайған. Ал аталған бағ­­дарламаны республикалық қа­зы­надан қаржыландыру тоқта­тылғаннан бері соңғы екі жарым жылдың ішінде тоғыз үй ғана жөнделген. Облыс басшысы Құмар Ақсақалов қала активіне жаңа әкімді таныстырғанда осы мәселеге арнайы тоқталып, апатты үйлерді сүру басты мін­дет­т­ердің бірі болып табыла­тынын атап көрсеткен болатын. «Соңғы үш жылда құрылыс көлемі 30,5 пайызға ұлғайды. Осы қарқынды төмендетпеуіміз керек. Біз ескі үйлердің орнына жаңасын салып, тұрғындардың әлеуметтік сұранысын шешу үрдісін жүйелі түрде жалғасты­ра­мыз. Қазір 600 үй сүріліп, 2 мыңнан астам пәтер салынып жатыр. Былтыр 3 апатты үй құ­латылса, биыл 17 апатты үй­дің төртеуі сүріледі. 17-18 қа­батты үйлер тұрғызылып, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 542 пәтер пайдалануға беріледі. 2007 жылы қабылданған шаhар­дың бас жоспарында қазіргі уа­қыт талаптары ескерілмеген. «Копай» шағын ауданы мүлдем көрсетілмеген. Ондағы жағдай мәз емес, еш сын көтермейді. Ол жақты да құрылыс алаңына айналдырып, коммуникациялар жүйесін тартатын кез кел­ді. Облыс орталығын сәнді де көрікті қала ету әркез басты назарда ұсталынады», деді өңір басшысы.

Облыс әкімінің бастамасы­мен көпқабатты тұрғын үй­лер мен әлеуметтік нысан­дар құ­рылысын дамыту тұжырым­дамасы бекітіліп, бұл бағытта көп іс тындырылды. Бұған жап­­пай құрылыс және даму ай­ма­ғына айналған «Жас өркен» шағын ауданын айтсақ та жеткі­лікті. Бұған дейін «ДСР» деген лақап атауға ие қаланың «бас қақпасы» аумағында негізі­нен ескі үлгідегі жер үйлер көп шоғырланған еді. Қазір бұл маң адам танымастай өзгерген. Оңтүстік жақ кіреберістегі айналма жол бойына биіктігі 14 метрге жететін Қожаберген жы­­рау бабамыздың еңселі ес­керт­кіші орнатылды. Әмбебап спорт және оқушылар сарайлары, халықаралық стандарттар­ға негізделген теннис орталығы тұрғызылды. Жергілікті қа­зы­надан бөлінген қаражат есебі­нен 635 ескі үй мен өткен ға­сыр­дың 40-50-ші жылдары тұрғызылған нысандар сүріліп, 140 мың шаршы метр болатын 2500 пәтерлік 10 көпқабатты тұрғын үй, заманауи ғимараттар салу жоспарланған. Қоңыр күзге таман іске қосылатын 500 орындық қазақ театрының сәулеті неоклассика стилінде бол­мақ. Онда осы заманғы тренд­тер мен классика әдемі үй­ле­сім тапқан.

Сол сияқты «Береке», «Сол­нечный», «Орман», «Юби­лей­ный» шағын аудандары да ек­пінді құрылыс алаңына ай­на­лады. Бұл жөнінде Петро­павл қаласының бас жоспарын әзірлеуге кіріскен «Град­комплекс» ЖШС-нің директоры Нұрбек Әужанов әкімдіктің кеңейтілген отырысында баян­дап берді. Болжам бойынша 2035 жылға таман шаhар тұрғындарының саны 250-260 мыңға жетуі ықтимал. Осы се­беп­ті облыс орталығының ше­­ка­расын кеңейткеннен гөрі қазір­гі аумағын тиімді пайда­лану­дың маңызы зор. Ол қала ішінде орналасқан ескі үйлерді сүріп, лайықты нысандар салу, бос тұрған өнеркәсіп аумақ­тарын спорт залдарына, мә­де­ни-демалыс және сауда орын­дарына беруді ұсынды. Об­лыс басшысы бас жоспарды тия­нақты дайындау қажеттігін ескертіп, бірқатар түзетулер ен­гізді. Қаланың аумағын тарылтып алмауды тиісті мекеме басшыларына жүктеді. Алты шағын ауданда құрылыс жұ­мыстары қарқынды түрде жал­ға­сатын болып шешілді. Ел ішінде «Копай» атанып кет­кен шағын ауданға жаңа ат бері­ліп, 130-ға жуық үй бұзы­лады. Сөйтіп, 40 гектар аумақта тұрғын үйлермен қатар мектеп, балабақша бой көтереді. «Шығыс» шағын ауданында 500 науқасқа лайықталған көп салалы аурухана, оның жанында көпқабатты тұрғын үйлер мен дәрігерлердің екі жатақханасы, ал қаланың қақ ортасында 900 орынды мектеп пен 280 орынды балабақша сап түзейді.

 Нұрсұлтан Назарбаев пен Аяған Шәжімбаев көшелері қиылысқан учаскеде ескі бас­паналар бұзылып, тұрғындар жайлы пәтерлерге ие болды. Жалпы қаланың орталық бө­лі­гіндегі жеке секторда ша­hар­дың көркін қашырып тұр­ған үйлерді бұзу, сәулетті де еңселі ғимараттар тұрғызу бағдар­ла­масы аясында 30 шақты ескі баспананы сүріп тастау  жоспарланған. Апатты үйлердің бірқатары Первомай көшесі бойында тіркелген. Осы жерде жалдамалы-коммуналдық екі зәулім үй тұрғызылады. Әр­қай­сысы – 93 пәтерлік. Оларға бірін­ші кезекте көп балалы отбасылар мен аз қамтылған жандар қоныстанады. Шаhардағы ең көне Потанин көшесін де ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Атап айтқанда, «Ойқала» ша­ғын­ ауданында ашық аспан ас­тындағы музей жасалып, өзгеше нақышпен безендіріледі. Иесіз қалған ғимараттардың бірін жеке кәсіпкер Андрей Исаков мен­шігіне алыпты. Ондағы ойы жалпы аумағы 27 мың шаршы метр нысанды қалпына келтіруге 1,5 миллиард теңге жұмсап, «Семейный» сауда, ойын-сауық орталығын ашпақ. Ескі үйлерді сүрумен айналысып жүрген Валерий Дорощенко жетекшілік ететін компания «Жұлдыз» шағын ауданының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп қойыпты. Бүгінде Петропавл қала­сында 17 үй апаттық деп танылған. Сөйтіп ескі ша­ғын аудандардың жаңа тынысы ашылып, өзгеше кейіпке енеді. Зәулім баспаналардың бірінші қабатында әсемдік салондары, балалар орталығы орналасады. Аулаларды абаттандыруға, кө­ше­лерді кеңейтуге, демалыс ай­мағын жасауға қомақты қара­жат қарастырылған.

Жатақханаларда студенттерге орын жетіспеушілік мәселесі біртіндеп шешімін табатын күн де алыс емес. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде бүгінгі таңда 7 мыңнан астам студент білім алса, жартысына жуығы басқа аймақтардан келген. Олардың екі мыңдайы жатын орынға мұқтаж. Біржарым мыңдай студент туыстарының үйінде тұруына болмаса пәтер жал­дауына тура келеді. Елба­сының «5 әлеуметтік бас­тамасы» шеңберінде әкімдік мәселені университет басшылығымен бірге талқылап, жеке инвестор­лар тартуға уағдаласқан. Қал­талы қаржыгерлер 280 орынды жатақхананы қайтадан қалпына келтіріпті. Жаңа оқу жылында 330 орынды тағы бір жатын орын ашылады. Сөйтіп, орын тапшылығы 34 пайызға дейін азаяды. Жеке инвестор Денис Бернат 4 жатақхана тұрғызуды өз міндетіне алған. Тұтастай ал­ған­да, облыс аумағында 2022 жыл­ға дейін 2262 студент­ке ар­­­н­ал­ған 5 жатақхана тұр­ғызыл­мақ.

Өңірде демографиялық ахуалды реттеу, мамандар тап­­шылығын жою мақ­саты­мен қабылданған мемлекет­тік бағдарлама жүзеге асы­рыл­ғалы 900-ден астам отбасы көшіп келіп, түрлі әлеу­мет­тік қолдауларға ие болды. Қазір олардың басым көп­ші­л­ігі ауылшаруашылық, білім, денсаулық, мәдениет, кәсіп­кер­лік салаларында еңбек етеді. Биыл экономикалық белсен­ділігі жоғары 150 елді мекенге 2,5 мың адамды қоныстандыру ойластырылған. Өңір басшысы­ның күнгей жақтардан көшіп келген ағайындар үшін 3 мың коттедж салу туралы ұсынысына орта және шағын бизнес өкіл­дері де белсене қатысуға ниет білдіріп отыр. 3-4 баласы бар дәрігер, агроном, тракторшы, комбайншы мамандығын иеленген жас отбасыларға жайлы баспаналардың кілті бірден тапсырылады.

Тек қана облыс орталығын көркейту жұмыстарына 38 миллиард теңге бағытталғанын ес­керсек, оның қомақты бөлігі то­зығы жеткен үйлерді жаң­ғыр­туға, жаңа шағын аудан­дар­­ды көркейтуге жұмсалатын болады.

 

 Солтүстік Қазақстан облысы