Шыңғыс төре 1844-1853 жылдар аралығында Құсмұрын округінің аға сұлтаны болды. Сол кезеңде жасөспірім жастағы Шоқан сәйгүлікпен Құсмұрынның қыратты-ойпаңды даласын кезіп, айнадай жарқыраған Құсмұрын көліне шомылған болар-ау. Бұл жердің табиғаты да ғажап сұлу. Селеулі дала, тастақты қыраттар, қайыңды тоғайлар әдейі салған суретші туындысы іспетті. Табиғатқа таңғалып әрі алдымыздан полковник Шыңғыс төре мен Шоқан шыға қалатындай әсерленіп, жүзімізді жұмсақ самалға тосып тұрдық. – Шоқанды замандастарынан бөлек асқақ еткен де, ақылды еткен де Құсмұрын табиғаты шығар, шіркін! – деп қояды «Шоқан жолдары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Раушан Иманжүсіп. Шоқанды зерттеп жүрген ғалым Құсмұрын көлінің шетіндегі майдай қара батпақты кешіп барып, суымен бетін жуды.
Көлден көп ұзамай жүрсеңіз өзеннің табанындай ұзыннан ұзақ созылған сай бар. Жолсеріктеріміз, Құсмұрын төңірегіндегі Новопавлов ауылының тұрғындары Ермек Кенжебаев пен Жауһар Ғабдуллина «сайға түсейік, папоротник көріңіздер» дейді. Бұл енді жартылай шөлейт даланың табиғатына қарама-қарсы көрініс еді. Өсімдікті сайдың қасынан өткен бөтен кісі бірден байқай алмайды. Қалың терек қоршаған, қанды ағаш тоғайы өскен сайдың шеті түйетайлы емес, буырқанып өзен ағып жатқандай тіке жар боп келеді. Сайға аяқ басқаннан-ақ қазекем «қырыққұлақ» деп атаған папоротниктердің қайшымен қырыққандай қиғаш тарамдалған, көлдей жапырақтары көрінді. – Биыл жаңбыр тамбай тұр ғой. Жауын-шашын мол жылдары бұлар аспандап, ұзын болып өседі, – дейді Жауһар. Сайдағы тоғайдың іші қара көлеңке, салқын лептен сергіп сала бердік. Қанды ағаш пен теректер жапырағының арасынан күн сәулесі себезгілейді. «Қырыққұлақ сайдың сыртындағы қырық күн шілдеде иісі мұрныңды жарып, басыңды айналдыратын жусанның күнін көрсе не істер еді, замандасы динозаврдың артынан кетер ме еді, ыстыққа шыдамай?» деген ойдың қалбалақтап келе қалуына Ермектің «папоротник біздің ауылда Юра дәуірінен бері өседі» деген әзілі себеп болғандай. Расында 400 миллиондай жыл бұрын Мезозой дәуірінің Триас пен Бор кезеңі арасындағы 199 миллион жылдан 145 миллион жылға дейін созылған Юра кезеңінде алып папоротниктер пайда болғанын айтады ғалымдар. Ал Құсмұрындағы қырыққұлақтың Юра кезеңіне қатысы бар ма? – Юра дәуіріндегі папоротниктер жойылып кеткен. Ал оның Құсмұрындағы аттасы мұз басуынан кейінгі Голоцен, яғни жаңа геологиялық дәуірде пайда болған өсімдіктер. Тек Құсмұрын ғана емес, біздің өңірде мұздықтан кейін тайга болған, бұл өсімдік сол қалың жыныс – тайганың жұрнағы, көненің көзі, – дейді биолог Андрей Андрющенко. Папоротник Қостанай өңірінде жыра-сайлы Денисов ауданында да өседі, бірақ жұрнақ десе жұрнақтай болып, көлеңкелі ағашы, ылғалы мол аз ғана сайларда кездеседі. Новопавлов ауылының тұрғындары бұл өсімдіктің көшетін есігінің алдына, құмыраға отырғызып көрген екен, өспепті. Осылай бола тұра, папоротник «Қызыл кітапқа» енбеген. – «Қызыл кітапқа» кірмеген себебі бар. Папоротник көрші Челябі облысының солтүстігіне қарай жақсы өседі, сирек өсімдікке жатпайды. Тайгаға жақындаған сайын одан аяқ алып жүргісіз. Ал өзіміздің өңірлік «Қызыл кітап» шығарылса, соған енгізуге болар, – дейді Андрей.
Қазір қырыққұлақтың жер жүзі бойынша он мыңнан аса түрі бар көрінеді. Құсмұрындағы қырыққұлақ солардың тайгадан тікелей қалған көнекөздерінің бірі шығар-ау?
Қостанай облысы, Әулиекөл ауданы