«Замана өзгеріп, уақыт зымырап жатқанда ұлттық дәстүр екінші қатарға шығып қалғандай болады. Жеңіл-желпі хабарлар көбейіп барады» деп көңілінің түкпіріндегі күпті сөзін жасыра алмаған Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев ағамыз жаһандану кезеңінде руханиятымызды сақтап қалудағы қазақ радиосының күш-қуаты, қабілет-қарымымен атқарып жатқан шаруасы ғибратты дейді. Қазақ халқы табиғатынан бейбітшіл, тату-тәттілікті уағыздайтын, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін, тарихы ғасырлар қойнауынан басталатын ұлағатты ұлт екенін «Інжу-маржан» хабарының өн бойынан көреміз. Осы тұрғыдан алғанда аты айтып тұрғандай, ұлттың інжу-маржанын, көркем дүниесін, кестелі сөзін, зерделі пайымын келер ұрпаққа жеткізіп, дәріптеудегі хабардың маңызы жоғары.
Бүгінде миллиондаған аудиторияның үнжарғысына айналған Қазақ радиосынан таралатын «Інжу-маржан» қазақтың рухани кеңістігіне, өткен тарихына, бүгінгі ақиқаты мен болашағына қызмет ететін қазақ тіліндегі хабарлардың бірегейі, дейді ақын-драматург Нұрлан Оразалин ағамыз. «Қазақтың рухын айғақтайтын хабарлардың көп болғаны ғанибет қой. Қашан да қанатты хабарларымен ерекшеленетін «Інжу-маржан» қазақтың тұтастығына, елдігіне қызмет етуімен қатар әрбір ұлтжанды азаматқа рух берері сөзсіз. Ұлт тарихындағы тұлғалардың арғы-бергі дәуірлердегі атқарған ұлы істерін насихаттау, рухты сусындатуды мақсат ететін хабар эфирде ғана емес, алтын қорымызды толықтырудағы мазмұны тереңдей түсетіні анық.
Иә, эфирдің құдіреті де болмысы да дара. Біздің темірқазығымыз – ұлттық рух дейтін болсақ, «Ұлы даланың ұлы есімдерін» танытуда ел тархындағы әз Тәуке хан, Бейбарыс, Кенесары, Абылай сияқты белгілі тұлғалармен қатар тарих төріндегі атақты баһадүрлер, қолбасшылар, билер, шешендердің ел билеудегі өнері, қаһармандық еңбегімен қатар дала тағдырын, тіл тағдырын ойлаған жанкешті еңбегі халқымен қайта қауышты. Ұлы дала деректерін, ұлттық рухты сөйлететін «Інжу-маржан» құлағының құрышы қанып, жаны рахаттана тыңдайтын тыңдарман үшін эфирдің эпопеясына айналған хабар болды, дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов.
Ал Қазақ радиосының Алматы өкілдігінің басшысы Бақыт Жағыпарұлы «Қошекең кен іздеген кеншідей қазақ даласының төрт бұрышын түгел шарлады. Шежіре, тарих, әдебиет пен өнер хақын алуан түрлі әңгіменің тиегін ағытып, Қошекеңнің қоңыр үні толқындағы тораптан тарап бүтін болмысыңды баурап алады» деген жүрекжарды пікірімен бөлісіп, «Інжу-маржан» тарихынан біраз мағұлматтар беріп өтті.
– «Інжу-маржан» деп айдар таққан хабарының әліппесін бар қазаққа ортақ тұлға әйгілі Қабан жыраумен ашқан еді. Қабан жырау жайлы толғай-толғай сыр айтып, даңқты жыраудың арғы-бергі тарихын қопарып, құм ішінен ашу тас аршығандай жыр-дастандарын жинады. Оны бүгінгі жыршыларға айтқызып, «Алтын қорымызды» 400-ден астам ерекше хабарлармен толықтырды. Қошан Мұстафаұлының сөзімен айтсақ, «Көненің тарихы болып қоңыраулатып, құлаққа жағымды қобыз сарынындай жыраулық дәстүрдің, жыршылық-термешілік өнері жіп иірген ұршықтай дөңгеленіп, ХХІ ғасырға да иек артты. Бүгінде қыр мен даланың емес, жыр-терме дейтін саланың агрономына айналған білгір маманның жемістері қазақ өнерінің бақшасында жылдың төрт мезгілінде де жайқалып тұратыны анық. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сағатбек Медеубекұлы айтқанындай, Қойшығұл Зарлиев Қазақ радиосының айтаманына айналды, – дейді Бақыт Жағыпарұлы.
Ал Қошан Мұстафаұлы «Әдеби сазды» бағдарламалар редакциясынан тарайтын «Інжу-маржан», «Терме» хабарларының қазақтың көне жыршылық-жыраулық поэзиясын, батырлар жырын, дәстүрін және жыр орындаушыларын насихаттау мен халқымыздың асыл маржан сөздерін, дана би-шешендеріміздің ұрпағына қалдырған өсиетiн тыңдарман назарына жеткізуді мақсат ете отырып, тарихи және жыраулық поэзияға барынша мән беретін хабарлардың санын мыңға жеткізуді мақсат етеді. Бабалар мұрасын халыққа жеткізіп, жас ұрпақтың санасына сіңірсем деген ұстанымды жанына жалау еткен ақпарат саласының үздігі «Хабар жасау барысында менің көзімнің жеткені Жұбан ақынның «мың өліп, мың тірілген» деген сөзімен менің көзқарасым сәйкес келеді екен. Кешегі хандар, би-шешендер мен батырлардың өмір жолында жасаған дүниелеріне қарап отырсақ, соқыр көзден жас шығады» деп толғанады.
Иә, ғылыми-ақпараттық, мәдени-танымдық бағыттағы әр хабарды зер сала тыңдағанда шағын ұжымның зерттеу ісімен айналасып жатқандай әсерде боласыз. Ұлт тұлғаларының тағдыр-талайына қатысты тың да жаңа тұрпатты хабарлардың әрқайсысынан ұжымның толассыз еңбегін көресіз.
Хабар авторының ауыл шаруашылығына маманданып, кейіннен оркестрде ән салғанын, сондай-ақ кезінде Жалғасбек Бегендіков, күйші Сәмиғолла Андарбаевтан тәлім алғанын, Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосыновтың «заочнигі» атанғаны туралы әңгіме Қошан Мұстафаұлының өмірлік тәжірибесінің тарихына енген. «Қазақфильмнің» қоржынында да Қошекең сомдаған рөлдер жатыр. Сценарийін Мырзатай Жолдасбеков жазған Жамбылдың жастық шағы туралы фильмде Сарбас ақынның бейнесін сомдады. Тіптен, Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясында атқарған қызмет жолы еңбек кітапшасында тайға таңба басқандай жазылған. Ал таста ғана ізі қалған, бүгінгі күннен алыстап кеткен көне әлемді қопарып, соңынан шам алып түсуге деген Қошан Мұстафаұлының құштарлығы бүгінгі биігіне шығарды.
Иә, «Көшкен сағымдай мұнартқан, бағзы заман тарихынан қозғалып, ел болуды көксеп, тебінгіні терге шірітіп, терлігін майдай ерітіп, ат үстінде күн кешіп, ел бірлігінің бүтіндігіне қызмет жасаған, ел билеген көсем, сөз бастаған шешен, пейілдің мұхитынан ой мен сөздің лағыл дүрлері төгілген дара да дана билерге арналады» деп кестелі көркем сөздерімен көмкеріле өрілген қоңыр дауыс радио толқынынан «Інжу-маржан» болып шартарапқа шашырап барады.
АЛМАТЫ