• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Шілде, 2019

«Киелі Алтай: Берел-2019» атты республикалық фото блог-тур өтті

676 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстан облысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің қолдауымен «Киелі Алтай: Берел-2019» атты республикалық фото блог-тур өтті.

Оған ҚазҰУ оқытушылары мен студенттері, жас ғалымдары қатысты. Сондай-ақ бұл шараны жүзеге асыруға республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі, «Шығыс Ақпарат» медиахолдингі, «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі да атсалысты.  

Экспедиция мүшелері бірінші күні Өскемендегі Этноауыл саябағымен танысты. Кешен Ертістің сол жақ қанатына орын тепкен. Бірегей кешендегі саяхаттан соң, Өскеменнің «Композиторлар аллеясында» шығыстағы фотоөнерге қызығушы жастардың қатысуымен «National Geographic Qazaqstan» журналының шеф-фотографы Ерболат Шадрахов пен «Егемен Қазақстан» газетінің ардагер фототілшісі Нұрманбет Қизатұлы және басқа да кәсіби фотографтардың жүргізуімен шеберлік сағаты өтті. Белсенді қатысып, фотографияға қатысты сұрақтарға дұрыс жауап берген көрермендерге «Фотоөнер» ҚБ-нің атынан сыйлықтар табысталды.

Фотоөнерге қызыққан жастардың басын қосып, шығысқа жол бастап барған республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің оқытушысы Асылхан Әбдірайым: «Биыл Қазақстанда «Жастар жылы» деп жарияланған болатын. Осы бастамаға орай «Киелі Алтай» фотоэкспедициясымен келіп отырмыз. Бұл жердегі қатысушылардың басым көпшілігі жас фотографтар. Оның ішінде, соңғы кездері көпшілік ортасында, әлеуметтік желіде танымал болып жүрген- талантты жастар да бар.  Біздің мақсатымыз – шығыс өңірінің киелі жерлерін, атап айтқанда «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайын жас фотографтардың көзімен түсіріп, болашақта – Өскеменде, Семейде, Алматыда фотокөрмеге қоюға, әрі осы өңірдегі туризм саласына үлес қосу, ат салысу, насихаттау жұмыстарын жүргізу. Бір сөзбен айтқанда, осындай табиғаты керемет тарихи жері бар өңірді елімізге және әлемге таныстыру», деп атап өтті.

«Катонқарағай» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі Австриялық тас жолына жеткенше, фото блог-тур мүшелері Тарғын, Сарыбел, Үлкен Нарын сынды ауылдарды басып өтті. Алтай таулары сияқты үлкенді-кішілі өзендер мен елді-мекендерді, таулы шатқалдар мен асуларды да артқа тастады.

Шараға қатысқан ҚазҰУ-дың философия және саясттану факультетінің докторанты Досжан Балабекұлы: «Берел - тылсымға толы мекен. Екі дәуірдің құпиясын жұтқан обалар. Патшалар алқабы. Жан-жағын қоршаған таулар. Сарқырап, күркіреп аққан асау өзендер. Қалың ормандар. Мұның барлығы біз әлі толық біле бермеген Берелдің сиқырлы жаратылысы. Сондықтан, бұл жермен танысу үшін еліміздің әр нүктесінен белсенді жастар жиналды. Мақсат-Берелдің туризмге таптырмайтын тарихи орын екендігін айшықтайтын, кәсіби суреттер түсіріп, көпшілікке таныстыру жұмыстарына бір кісідей атсалысу болатын», деп ерекше орындағы әсерімен бөлісті.

Бұл сапар тарихты да, табиғатты да қатар қамтыды. Төртінші күнгі сапар атақты Мұзтаудың етегіндегі Қаракөл көліне саяхаттаумен жалғасты. Сапар таң ата басталды. Бірінші болып, уақыт кестесіне сәйкес топ мүшелері «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде бас қосты. Ол жерде сапарға қатысушылар музей басшылығының марапттауына ие болды.

«Киелі Алтай: Берел-2019» фото блог-турының соңғы күнінде қатысушылар Катонқарағай ауданының елді-мекенін аралап шықты. Бұл күн сапарды қорытындылау болғанымен де, фотографтар үшін нағыз жұмыс күніне айналды. Өйткені, аудан аумағы тұнып тұрған тұмса табиғат. Сондықтан, кез-келген нүктеден сурет түсіріп қалу маңызды.

Аталған күні «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қызметкерлері «Фотөнер» ҚБ-нің мүшелеріне бір апта ішінде бауыр басып қалғандай. Қимай қоштасты. Барлық уақытта есіктері ашық екенін де жеткізді. Олардың жұмысына сәттілік тілеп, күзде өтетін фотокөрмені тағатсыздана күтетіндіктерін айтты.