• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Шілде, 2019

Бақытжан Сағынтаев мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесті

526 рет
көрсетілді

Әлеуметтік қолдау көрсету мемлекет саясатының жарамас бөлігі. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс жоспарының келесі кезегінде мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесіне арнады.

Мәліметтер бойынша, Алматы қаласында 43 мыңнан астам мүгедек жандар тұрады. Кездесуге әкімнің орынбасарлары Е. Әукенов, І. Өсеров, Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы  С. Сайфеденов, Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Қ. Төсекбаев, Білім басқармасының басшысы Г. Қожабергенова, қалалық Мобилділік басқармасының басшысы С. Телібаев және де мүгедектерді реабилитациялаумен және көмек көрсетумен айналысатын ұйымдардың өкілдері қатысқан жиында қаладағы мүмкіндігі шектеулі жандарды толғандырған мәселелер тыңдалды.

Кедергісіз кеңістік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына бейімдеу мәселелеріне кеңіне тоқтала отырып, бұл бағыттағы жұмыстарға жеке емдеу мекемелерінің де қатысы бар екендігі айтылды.  Көлік инфрақұрылымының қолжетімділігі, оның ішінде арнайы қоғамдық көліктің, жаяу жүргінші өтетін жерлерде дыбысты бағдаршамдарға қатысты ақпараттар кеңінен назарға алынды. Осы жиында мәлім болғанындай, қалалық мобилділік басқармасының мәліметі бойынша биылғы жылы төмен еденді қоғамдық көліктің 73 пайызын жиналмалы пандустары бар автобустар құрайды.

Жыл аяғына дейін бұл көрсеткішті 80 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр. Патологияның ерте диагностикасы, балаларға инклюзивті білім беру, мүгедектерді реабилитациялау мен еңбекпен қамту маңызды мәселелері талқыланды. «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығының төрайымы Ләззат Қалтаева, «Altyn Time» мүгедектер ұйымының төрағасы Сағат Омарғалиев, Алматы қалалық мүгедектер қоғамдастығы төрағасының орынбасары Ұлан Іңкәрбеков, «Соқырлардың қазақ қоғамдастығы» ҚҰ Алматы қалалық филиалының төрайымы Кабира Қоңырбаева, «Кеңес» ҚҰ төрайымы Майра Сүлеева, «Подранки» мүгедектер ҚҰ төрайымы Ғалия Тобатаева тарапынан осы саладағы өзекті мәселелер айтылды.

Кеңестің қорытындысы бойынша Б. Сағынтаев қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Қ. Төсекбаевқа жеке емдеу мекемелерінің қолжетімділігі бойынша, ал Білім басқармасының басшысы Г. Қожабергеноваға мүмкіндігі шектеулі жандардың қолжетімділігіне қатысты аудит жүргізуді тапсырды. Ал оңалту орталығының құрылысын жүргізу мәселесі жеке қаралатын болады. Қала басшысы қоғамдық ұйымдар өкілдеріне көтерілген мәселелерді шешу және олардың жүзеге асырылуын бақылау жөнінде бағдарламалар әзірлеу жөнінде ұсыныс жасап, бұл кездесудің терең диалогқа негізделгенін әрі  пайдалы болғандығын жеткізіп, барлық  ұсыныстың қараусыз қалмай ескерілетіндігіне, шешімін табатындығына уәде берді.

АЛМАТЫ