• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Шілде, 2019

Алматыдағы «Алатау» лагерінде «Рухани жаңғыру» күні өтті

537 рет
көрсетілді

«Алатау» демалыс лагеріне республиканың түкпір-түкпірінен жиналған балалар Алматыдағы зиялы аға-апаларымен бірге «Рухани жаңғыру» күнін өткізді.

Лагерь демалушылары бұл күнді «Мен Рухани жаңғыруды қалай түсінемін» тақырыбындағы шығарма жазудан бастап, осы арқылы «Рухани жаңғыру» дегенді әр бала өз ой елегінен өткізіп, мән-маңызын түсінді. Әрі қарай  «Ұлы дала тарихы – ұрпаққа аманат» атты кездесу кешінде, этнограф-зерттеуші Баяхмет Жұмабайұлы, Салт-дәстүр академиясының академигі, этнограф, жазушы Болат Бопайұлы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, халықаралық «Ильхам» сыйлығының иегері, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесі президиумының мүшесі Майра Сағымбекова, Халықаралық «Жанашыр» қорының президенті Жаңыл Әпетова, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ-нің Достық үйі Медиация кабинетінің жетекшісі Нұрсауле Әлтекова, «Орта Азия және Қазақстан отбасы институты» жекеменшік мекемесінің директоры Акбота Базарбаева сынды басқа да ҮЕҰ басшылары мен қоғам белсенділерінің «Қазақтану»,  «Өзгерісті өзіңнен баста» тақырыбында мәдени-ағартушылық, тәлім-тәрбиеге толы әңгімелерін  тыңдады.

Этнограф, жазушы Болат Бопайұлы лагерь демалушыларына «Біз сіздерге бала деп емес, дана деп қараймыз. Сондықтан, айтып жатқан әңгімелерімізден көп дүниені саналарыңызға сіңірерсіздер деп үміттенеміз» деп балаларды әңгімеге тартса, этнограф-зерттеуші, жазушы Баяхмет Жұмабайұлы балалармен бірге ұмыт бола бастаған ұлттық ойындарды ойнап көрсетті. Қоғам қайраткері Майра Сағымбекова «Рухани жаңғырудың» мән-маңызындағы бүгінгі ұрпақ,  еліміздің ертеңі – балалардың рөліне тоқталды. Нұрсауле Әлтекова әңгімесін татулық, достық тақырыбында өрбітсе, Акбота Базарбаева, ақын Ләззат Игісін лекциясын отбасы тәрбиесімен ұштастырды. Ал, ақын Дәулетбек Байтұрсынның қазақ тарихымен байланыстыра оқыған лекциясы балалардың қызығушылығын арттырып, қойған сұрақтарымен шынында «дана» екендіктерін танытты.

Тыңдаған лекцияларды викториналық ойындар арқылы пысықтап, балалардың кітап оқуға деген ынталарын арттыру мақсатындаөткен «Кітап – біздің досымыз» тақырыбындағы «Букдайтинг» шарасына ұласты. Шараға қатысқан жазушы-этнограф Баяхмет Жұмабайұлы өзінің этнографиялық-танымдық және балаларға арналған кітаптарын таныстырды. Мұнан кейін лагерь кітапхана қорына кітап сыйлаған «Буккроссинг» шаралары балалардың қызығушылығын тудырдырып, шараларға белесене араласуға жетеледі.

«Таланттарды таныту» шарасында өнер көрсеткен Қадырмолдаевтар отбасының көрсеткен өнері, қатарластарының құрметі мен қошаметіне лайық болды. «Ауылдың алты аузы» демекші, лагерьде демалушы балалар да өз өнерлерін ортаға салды.

Шаралар кешені «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалы қызметкерлерінің қатысуымен өткен «Цифрлан! Трендте бол!» акциясымен жалғасты. Балалар «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жайлы мағлұмат алып, смартфон арқылы Телеграм-бот қосымшасымен жұмыс істеуді үйренді. «Телефон арқылы да 25 мемлекеттік қызметтер мен анықтамалар алуға болатынын білдім, енді  үйренгендерімді ата-анама, достарыма үйретемін. Таратылған парақшалар мен буклеттерде де онлайн қызметтерді алу жолдары туралы көп мағлұмат бар екен», дейді лагерьде демалушы Айнұр Асанова.

Лагерьде өткен «Рухани жаңғыру» күні жайлы мекеме директоры Қаншайым Мұсаева ризашылықпен оң пікірін білдірді. «Бүгін арамызға келіп, мол мұраларымен бөлісіп жатқан ақпараттық топ өкілдеріне алғысым шексіз. Балаларшын мәнінде рухани байып, болашаққа бағдар болар бай біліммен қаруланды. Саналарында сілкініс болды деп айтуға болады. Жас ұрпаққа тәрбиелік мәні зор мұндай шаралар керек-ақ. Сіздерді алдағы ауысымдарда да күтеміз», деді.

Бұл шара ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты негізінде «Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ілгерілету жөніндегі ғылыми-ағартушылық жобасын әзірлеуге және іске асыруға ҮЕҰ, сараптамалық қауымдастықты тарту» тақырыбындағы жоба аясында өтті.