Жас қаламгерлер мақалаларында аға газеттің ғасыр жылнамасы болуымен қатар, халқымыздың ұлттық құндылықтарын сақтауға, ана тіліміздің – мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуге атсалысқан, қазақ мектептері азайып, қазақ тілі есіктен қарап қалған жылдары оның мұңын мұңдаған күрескерлігін көркем тілмен жеткізуге тырысқан. Газеттің ескі тігіндісінен тіл туралы әр жылдары жазылған мақалаларды мысалға алып, шығармаларын жандандыра түсіпті.
Байқау жеңімпаздарына жүлде тапсыру салтанатына облыстағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен оқырмандар қатысты. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Меңдекенова қазақ журналистикасының қара шаңырағы – «Егемен Қазақстан» газетінің мерей тойымен құттықтады.
«Мемлекеттік тілдің дамуына «Егемен Қазақстан» газетінің қосқан өлшеусіз үлесін насихаттау мақсатында «Тіл тарихы: жүз жылдық жылнама» байқауын өткізуді жөн деп таптық. «Егемен» қазақ тілінің дамуына атсалысуымен де ерекшеленеді. Ол қазақ тілі төте жазу, латын, кирилл қаріптеріне көшу кезінде жаңа әліпбиді насихаттау, оқырмандарды оған бейімдеу жұмыстарының көшбасында болды. Қазір елімізде қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру жұмысы қанат жайып отыр. Мұнда да аға басылым алдымен газеттің атын, тақырыптарын, одан кейін мақалаларды латын қарпімен беруді бастап, үлгі көрсетті», деді Гүлжан Ермашқызы.
Байқауда «Егемен» кейіпкерінің ізімен» номинациясы бойынша Амангелді аудандық «Амангелді арайы» газетінің тілшісі Әнет Жұмабеков және «Жас қалам» номинациясы бойынша Лисаков қалалық «Лисаковская новь» газетінің тілшісі Айман Қадырханова дипломмен және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Үшінші орынды алған Қостанай қалалық «Наш Костанай» газетінің тілшісі Аягөз Кәкімжановаға диплом мен 50 мың теңге сыйлық тапсырылды. Екінші орынды «QOSTANAI» телеарнасының жүргізуші-редакторы Нұрқанат Бұқабаев иеленді, оған диплом мен 70 мың теңге табыс етілді. Бірінші орынды облыстық Қостанай таңы газетінің тілшісі Қасқырбай Қойшыманов жеңіп алып, диплом және 100 мың теңге сыйлықпен марапатталды.
Қостанай