• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Шілде, 2019

Қарқаралы қыран ұлын ұлықтады

552 рет
көрсетілді

Тауына қасиет тұнған, даласына сұлулық қонған Қарқа­ра­лы өңірі – талай хас батырды өмірге әкелген киелі мекен. Бұл жақтағы халық та отаршылдыққа мойымаған, өр тұлғалы, ер мінезді, сертке берік, шешен келеді. Солардың қанынан жаратылып, Жарлы өзенінің бойында Қарқаралы тауларының Шаңкөз шыңына қарап құмартып өскен, қазақ­тың қайсар қыранына айналып өмірі қиылған Нұркен Әбдіров аты алты Алашқа аңыз болған, тәні қан майданның қызыл қырғынында қалған айбоз ұл еді.

Биыл – батырдың 100 жылдығы. Осы айтулы мерейтойды ұлықтау мақсатында туып-өскен Нұркен ауылында дүбірлі думан өтті.

Алты Алашқа сауын айтылған той салтанатты митингпен басталды. Батыр жерлесіміздің кескінді мүсіні мен жауға шапқан қанатты тұлпар ұшағы бейнеленген ескерткіш алаңына еліміздің әр түкпірінен қалың ел жиналды. Дүбірлі жиынның шымылдығын аудан әкімі Халел Мақсұтов ашып, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Серік Шайдаров, қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, Қарағанды облысының прокуроры Марат Сексенбаев, батырдың інісі Әукен Әбдіров пен бөлесі Сағадат Дүйсебеков, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне қарасты Әуе қарулы күштерінің бас қолбасшысының орынбасары Евгений Подгайский, Нұркен Әбдіров ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңіс Көпжасар бастаған құрметті қонақтар салтанатты шарада ер есімінің ел тарихында алтын әріптермен жазылғанын айтып өтіп, батырдың жауынгерлік айбынын, ержүректік пен батылдықтың үлгісін көрсететіндігін ұмытпау мақсатында ел ағалары өскелең ұрпаққа ұлықтау екендігін атап өтті.

Алдымен батыр ескерткішінің алдына алаулаған гүл шоқтарын қойып, бастарын иіп тағзым еткен қалың топ жаужүрек баһадүрді еске алып, ерлігінің ешқашан ұмытылмайтындығын айтты. Шара барысында Қаһарман батыр Нұркен Әбдіровтің рухына құрмет көрсеткен Қарағанды авиаполкінің жеке құрамы сап түзеп, шеру өткізді және осы әскери бөлімнің пилоттары үш ұшақпен әуе кеңістігінде шеберліктің хас үлгісін көрсетіп, неше түрлі бейнелер жасап, жиналған жұртқа таңдай қақтыра батырдың соңғы ұрысынан көрініс ұсынды. Қарақұрым халық жиылып, ауылдан он шақырым жердегі қырықтан астам ақшаңқан киіз үйлер тігілген ауылға беттеді. Ауылдың аймағы әуелеген әнге, күмбірлеген күйге толды, сахнада батыр жайында театрландырылған қойылым қойылды. Ұлттық спортты ұлықтаған шарада балуан жігіттер қызыл кілемде қабыландай белдесті, жамбы атылды, қой мен гір тасын көтеруден сайыс өткізіп, аламан мен топ бәйгеде кіл жүйрікте кім жүйрік екенін анықтады.

Жау жағадан алғанда фашистік залымдармен қазақтың қайсар жігіттері жерде де, көкте де қайсарлықпен айқасты. Жанкештілік атағы күллі Кеңес Одағының шартарабына жайылған батыр Нұркен Әбдіров бар болғаны жиырма үш жыл ғұмырында ерлік пен отансүйгіштіктің символына айналды. Осындай баһадүрлерімізді ұлықтауға атсалысқан атпал азаматтар мен қалың қауым бір-біріне ризашылығын білдіріп, дүбірлі тойдан рух алып қайтты.

 

Гүлбаршын Жұмаханова,

Қарқаралы ауданы әкімінің баспасөз хатшысы

 Қарағанды облысы,

Қарқаралы ауданы