• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 29 Шілде, 2019

Қаламгердің қайраткерлік қолтаңбасы

580 рет
көрсетілді

Жуырда бас басылымның ардагері, журналистердің талай буынын тәрбиелеген және еліміздің ұлттық педагогикалық бас­пасөзін қалып­тастыру мен дамытуға табанды үлес қосқан кәсіби редактор, бел­гілі қа­ламгер Сайраш Әбішқызының жаңа жинағы оқырманға жол тартты.

Елордадағы «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Шығармашылық шырағым – бақ жұлдызым» атты автордың сүбелі еңбегі журналистік ғұмырдың жылы естеліктерімен өріл­ген өмірбаяндық жолды һәм қоғам­дағы күрделі мәселелерге бейжай қарамайтын қайраткерлік бол­­мыс­ты жан-жақты аша түсуімен ерекшеленеді.

Жаңа жинақта автордың туып-өскен жері – Ақсуат өңіріндегі балалық шағынан бастап, жастық жігері жалындаған жылдардағы алғашқы еңбек жолы мен қазақ журна­листикасы аға буынының қам­­қорлығы және ортасынан озып шығып, баспасөз бен қоғам ісінде қазақтың қайраткер қызына ай­налған дүбірге толы уақыттың, жемісі мәуелі жылдардың жарқын үні бар. Сонымен бірге автордың жетпістің бел ортасына жеткен биігінен қарағандағы өмірдің өз өрімдері әжелік парасатпен ұштаса әлі де қаламын қолынан тастамаған қажырлылығын көрсетеді. Міне, бұл – мамандыққа деген шынайы іңкәрлік!

«Байқасаңыз, бір емес, бірнеше адамның еншісіне бұйыратындай-ақ іс-әрекет, атақ, абырой. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде жетсе керек мұның бәріне. Журналистік, ұстаздық ізденісінің негізінде қан­дай мәселені қаузаса да бүге-шігесіне дейін нақты талдайтын өресі таңғалдырады» деп жазады кітаптың алғысөзінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Мағира Қожахметова. Шын мәнінде, Сайраш Әбішқызы кіта­бының көгілдір мұқабасында көр­сетілгендей, журналистік еңбек жолын аға басылым – «Социалистік Қазақстаннан» бастап, Ұзақ Бағаев, кейін Сапар Байжанов жетекшілік еткен редакциядағы кіл жүйріктердің арасынан суырылып шығып, «Қазақстан әйелдері» журналында ұйымдастырушылық қабілетін ұштап, сол кездегі республикадағы жалғыз-жарым педагогикалық басылымдар санатындағы «Қазақстан мектебі» мен «Бастауыш мектеп» журналдарының басшылығына жан-жақты дайындықпен келген-ді. Міне, ХХ ғасыр басында Ах­мет Байтұрсынұлы мен Смағұл Сәдуақасұлы сынды біртуар арыс­тар қалаған журналдың елуінші жылдардан бастап кеңестік идеология қыспағымен тарыла түскен өрісін кеңейтуге білек сыбана кі­ріскен Сайраш Әбішқызы 30 жылға жуық бас редакторлық қыз­ме­тінде «Қазақстан мектебі» жур­налының жанынан «Отбасы және балабақша», «Информатика, физика, математика», «Қазақ тарихы», «Биология, география және химия» сияқты көптеген пәндерге арналған журналдарды ашып, ұлттық мектептердің артуына ғана емес, ондағы білім сапасының жоғарылауына да журналдағы қыз­метінен бөлек, Алматы қала­сы мәслихатының депутаты және «Қазақ тілі» қоғамының Ал­­ма­ты қалалық филиалының же­тек­­шісі ретінде де айтарлықтай үлес қосты. Сонымен бірге редакция мүшелерінің әлеуметтік жағдайларының оң шешілуіне қолұшын созып, бүгінде әдебиет пен мәдениеттің белді өкілдеріне айналған журналистер қауымының баспаналы болуына ықпал етті. Бұл жергілікті ұлттың тіркеусіз қалада тұрақтай алмайтын, Алматыда алшаң басып жүре алмайтын ке­ңестік кезең мен тоқсаныншы жыл­дардың тоқырауында мейі­рімділік пен менеджерлік үйле­сімінің үздік үлгісі іспетті еді. Жи­нақта қай­раткер-қаламгердің бұл қыры да жылы естеліктермен, жүректен шыққан жырлармен өрілгенін айта кеткен ләзім.

Сайраш апай бүгінге дейін білім саласындағы, ұлттық тәлім-тәрбие ісіндегі көкірегін қозғаған көркем ой­ларын оқырманымен бөлісіп келеді.

Жинақты қолға алғаныңызда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Білім беру ісінің құрметті қызметкері Сайраш Әбішқызының болашақ ұрпақтың бірегей болуына арнаған шығармашылық ғұмыры шынында бір адамға жетерлік бақ жұлдызы екенін түйсіне түсесіз.