Жұма, 7 маусым 2013 1:49
«Ордабасы құс» ЖШС-нің тұсауы осыдан үш жыл бұрын Елбасымен болған тікелей телекөпірде кесілген болатын. Бүгінгі күнге дейін бұл кәсіпорын 8 мың тоннадан астам ет өндіріпті. Ал өндіріп жатқан өнімнің ассортименті, яғни түрі 40-тан асты. Өнімнің шамамен 30-32 пайызы жақын шетелге, оның ішінде Мәскеу, Санкт-Петербург, Челябі, Новосібірге жіберіліп жатыр.
Жұма, 7 маусым 2013 1:49
«Ордабасы құс» ЖШС-нің тұсауы осыдан үш жыл бұрын Елбасымен болған тікелей телекөпірде кесілген болатын. Бүгінгі күнге дейін бұл кәсіпорын 8 мың тоннадан астам ет өндіріпті. Ал өндіріп жатқан өнімнің ассортименті, яғни түрі 40-тан асты. Өнімнің шамамен 30-32 пайызы жақын шетелге, оның ішінде Мәскеу, Санкт-Петербург, Челябі, Новосібірге жіберіліп жатыр.
«Жалпы ішкі нарықта күркетауық еті жаңа өнім болып есептеледі. Екі жылдық еңбегіміздің арқасында бұл құс етіне деген сұраныс арта бастағанын байқадық. Телекөпір кезінде Президенттің «Астананы ұмытпаңдар» деген әзіл-шыны аралас тапсырмасы болды. Қазір Шымкент қаласымен бірге Астана, Алматы, Өскемен, Қарағанды, Петропавл және Тараз қалаларын қамтамасыз етіп отырмыз. Облыс орталығында 4 фирмалық дүкеніміз, сондай-ақ, өндірістің басында, яғни құс сою бөлімінің қасында тағы бір дүкеніміз бар. Астана мен Алматы қалаларында да екі-екіден осындай дүкен халыққа қызмет көрсетеді. Өзге қалаларда ірі-ірі сауда нүктелерінде саудаға түсіп жатыр», деді бізді кәсіпорынның жұмыс жәйімен таныстырған «Ордабасы құс» ЖШС бас директоры Мұрат Тағаев.
Кәсіпорын іске қосылғалы бері 325 тұрақты жұмыс орны ашылды. Орташа жалақы 57-60 мың теңге көлемінде. Жұмысшыларға жан-жақты жағдай жасалған, жұмысқа қызметтік көліктер алып келіп, қайта апарып тастайды. Жалақы кешіктірілген емес. Қазір өндіріс тағы кеңейіп жатыр. Жоба бойынша ет өнімін 50 мың тоннаға дейін жеткізу көзделген. Соның аясында 3 мың тонналық өндірістік құсханалар салынып жатыр. Жоба толығымен іске асар болса, тағы 200 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Бұдан бөлек сату ісімен айналысып жүргендер қаншама. Оларды қоса есептер болсақ, қазірдің өзінде кешеннің арқасында 500-ге жуық адам нәпақасын тауып жүр.
Еліміздегі Тағам институтының директоры, академик Төрегелді Шарманов күркетауық етінің адам ағзасына пайдасы өте жоғары екенін көптен бері айтып жүр. Күркетауық етін америкалықтар, израильдіктер әскери мәзірге қосқан, жауынгерлерге аптасына екі реттен тұрақты беріліп отырады. Спортпен шұғылданатындардың да дастарқан мәзірінен түспейді. Сан етінде темірдің құрамы көп. Ол, әсіресе, жүкті әйелдерге өте қажет тағам. Ең бастысы, адам баласы үшін аллергия бермейтін жалғыз ет – осы күркетауық еті. Бұл әлемдік медицинада дәлелденген. Сондықтан, шетелдіктер мұны балалар, сондай-ақ, егде жастағылардың тамағына жиі пайдаланады. Әйтсе де осындай артықшылықтары бола тұра бізде бұл өнімге деген көзқарас әлі де өз деңгейінде емес.
«Себебі, осынша артықшылықтары бола тұра, мемлекеттік сатып алу жүйесіне кіре алмай отырмыз. Өйткені, күркетауық етін алыстағы Америкадан келетін «окорочкамен» салыстырады. Бұл екі құс етінің бағаларында, әрине, айырмашылық көп. Мемлекеттік сатып алу бағдарламасында «құс еті» деген бар, бірақ, жақша ішінде «бройлер еті» мен «окорочка» тұрады. Күркетауық еті атап көрсетілмегендіктен, біздер тендерден ұдайы шеттеп қаламыз. Бұл туралы Үкіметке, Ауыл шаруашылығы министрлігіне арнайы хат жаздық. Оған қатысты жауап та келді. Онда күркетауықтың етіне тыйым жоқ екені көрсетілген.
Алайда, «окорочкамен» арадағы баға мәселесі тағы кедергі болып отыр. Мен бір мысал келтірейін. Қазір америкалықтар бізбен серіктесіп жұмыс істеуге құмбылдық танытып жүр. Олар өз тараптарынан 6 ай бойы бізден шығатын барлық өнім түрін елдеріне арнайы алдыртып, жан-жақты тексерді. Сапасын мойындады. Қазір меморандумға қол қою жағын ойластырудамыз. Оларға күркетауық еті не үшін қажет? Әскерді сапалы ас мәзірімен қамтамасыз ету үшін. Ендігі олардың талабы «бізбен ғана жұмыс істейсің» болып отыр.
Әрине, шығарған өніміміздің бірін қалдырмай бір жерден сатып алып жатса, бізге де сол тиімді. Бірақ, біздің ойымыз, мүмкін болса, өндірген өнімдеріміз 100 пайыз өзіміздің жергілікті халықтың игілігіне жұмсалса екен.
Америкалықтар ақымақ емес, қымбат болса да күркетауық етін әскери ас мәзіріне қосып отыр. Израильде де сондай. Ағзаға деген пайдасы орасан етті Американың әскері үшін емес, жерлестеріміздің, болашағымыздың денсаулығы, елімізді, жерімізді қорғайтын әскеріміздің күш-жігері үшін жаратсақ, қанеки! Бұл қорғаныс, денсаулық сақтау, білім, спорт саласындағы басшы азаматтарымызды ойлантуы тиіс. Қашанға дейін біздің жауынгерлер, бүлдіршіндер, оқушылар, жастар «окорочка» жеуі керек?» дейді осы жөнінде Мұрат Тағаев.
Сондай-ақ, бұл саладағы ең үлкен кемшілік – құс саласына қатысты қазақ тілінде техникалық оқулықтардың жоқтығы. Кеңес дәуірінен қалған «Птицеводство» атты кітапты қазақшаға аударып, профессорлық құрам соны студенттерге оқытады екен. Ол кездегі технология ескірген, бүгінде жарамсыз десе де болады. Ал дүниежүзілік әдебиетті қазақша сөйлетіп жүрген ешкім жоқ. Осы себепті теориялық білім алған студент өндіріске келгенде мүлдем өзге жағдайға тап болады. Сондықтан техника саласындағы әлемдік әдебиеттерді кеңінен пайдалануымыз керек.
Қазақ жастары қазір қазақша оқиды, яғни орысшаға шорқақтау. Ал жаңа әдебиеттердің көпшілігі орыс, не ағылшын тілінде. Қиындықтан айналып өтудің тағы бір жолы – тәжірибеге көбірек мән беру. «Ордабасы құс» ЖШС бас директоры жақында тәжірибе алмасу мақсатында Литвада болып қайтыпты. Ол жақта да осы мәселе бар екен. Дегенмен, оларда терең өңдеу жақсы жолға қойылған. Құс етінің 100-ден астам ассортименті бар. Біздің ағайындар халықтың әлеуметтік ахуалдарына қатысты әр тобының қалтасы көтеретіндей етіп өнім дайындау бізде әлі кемшін соғып тұрғанын осы сапардан байқап қайтыпты. Елбасының үдемелі индустриялық жобадағы ең басты талабы да осы емес пе?
Жалпы алғанда, бұл кәсіпорынның болашағы зор. «Ордабасы құс» ЖШС «ИСО 9000», «ИСО 22000» деген халықаралық сапа менеджментін иеленген. Өткен жылы Ұлыбританияның Оксфорд қаласында Еуропалық сапа сертификатын, күні кеше ғана Париж қаласында Тәуелсіз қоғамдық сапа жөніндегі бірлестіктің алтын медалін алды. Былтыр алтын сапа – «Қазақстанның үздік тауары» деген номинацияға лайық деп табылып, қатарынан екі жыл жеңімпаз болды. Мұның барлығы әрине, бұл кәсіпорынның шығарған өнімінің сапасына берілген баға екені анық.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Ордабасы ауданы.
__________________________
Суреттерде: «Ордабасы құс» ЖШС бас директоры Мұрат Тағаев. «Ордабасы құс» ЖШС-ның арнайы цехы.