• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Руханият 01 Тамыз, 2019

Ахметтанушыларға арзу

1143 рет
көрсетілді

Ел тарихында өмірін өзіне емес, «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деп халқының болашағына арнаған тұлғаларды саусақпен санап алуға болатын шығар. Ахмет Байтұрсынұлы сол санаулының қатарынан, бар ғұмырын ұлтына қалтқысыз қызметке жұмсаған бірегей жан еді.

Былтыр күзде бүкіл Интернет шу еткен. Орынбордан Ахаңның өз даусы­мен жазылған соңғы хаты табылыпты, оны досы, торғайлық Файзолла Сатыбалдыұлына арнаған екен, «сүйінші, Алаш арысының дауысын тыңдайық» деген үнжазба күллі қазақ даласын шарлап кеткен. Бірақ ол жаңсақ хабар еді. Мүлде Байтұрсынұлының даусы емес, орындаушы бүгінгі замандастарыңыз – Абзал Нағашыбайұлы, ал поэманың аты «Қаншеңгел», ол торғайлық ақын Хамитбек Мұсабаевтың туындысы деп Абзал Нағашыбайұлы бейнетаспаға түсіріп, интернетке салған соң ел сабасына түскен. Алайда біршама уақыт өткен соң, «Қаншеңгелге» қатысты дау қураған қауға түскен өрттей лап еткен. Даулаушы ұзақ жыл банк саласында жемісті еңбек еткен, зейнет жасына жеткенде өлкетану ісімен шұғылданып жүрген Кеңесбек Мәулетов болатын.

Менің қолымда Ахаңның өзі жазған поэмасынан үзінді 40 шумағы бар, ал кейін соның арасына ақын Х.Мұсабаев сыналап жаңа шумақтар енгізіп, 93 ауыз­дан тұратын «Қаншеңгел» деген поэма жаздым дейді, Ахаң мұрасына адалдық танытайық, деген мазмұндағы мақаласын жария етіп, ол тек әлеуметтік желілерде ғана емес, республикалық баспасөз беттерінде де жарық көрген.

* * *

Дәл осы «Қаншеңгелге» қатысты дау­лы әңгіме сонау 90-жылдары басталып барып, көп уақыт озбай тыншыған еді. Оның басталуына да, өрбіп, өршімей тұрып тоқтатуына да марқұм Сабыржан Шүкіров себепші болған. Алғашында өзі редакторлық еткен «Сұхбат» газетінде (№2, 16.01.1991) «Бұл еңбекті редакцияға Торғай облыстық советі атқару комитетінің жауапты қызметкері, экономист Кеңесбек Мәулетов деген азамат тапсырды. Ол сол облыстың Жангелдин ауданы атқару комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Сәуле Аяшеваның архивінен алыпты. Машинкаға басылған бес беттің жоғарғы жағында «Ахмет Байтұрсынов 1937 жылы 4-ші рет түрмеге түседі, сонда жатып Амангелді ауданының азаматы Файзолла Сатыбалдыұлына хат жазады. Бұл соңғы хаты» деген сөз бар. Өлең «Ахмет Байтұрсыновтың монологы. Поэма 1» деп аталған. Соған қарағанда, бұл өлеңді Ахаңның хаты немесе өмірбаяны негізінде Файзолла ақын жазған болды ма деген ой келеді. Қалай да Ахаңа байланысты дерек болғандықтан жариялауды жөн көрдік. Бұл жөнінде мағлұматы бар кісілер болса, хабарласар деп күтеміз», деп басылып, көп ұзамай Торғай музейлерін табанынан тозып жүріп ашқан, торғайлық қадірлі азамат Ғазез Әмірхановтың хатын жариялап, шығарманың Хамитбек Мұсабаевтікі екені анықталғаны туралы жазады. Осы жерде аса бір мән беретін тұс бар. Ғазез ақсақал ол хатта 1988 жылы 51 жылдан кейін халқымен қайта табысқан Ахаң жайында ауданда үлкен жиын өткенін, сонда өзіне сөз тигенде алдында көрші Амангелді ауданынан хатпен келген, әлі сиясы да кеуіп үлгермеген жырды оқығанын, көпшіліктің толқып, кейбіреулер Ахаңның өзі жазған шығар деп ойлап қалса керек, менен кім жазды деп сұрап та жатты. Шындығында бұл поэманың авторы қазіргі «Ақжол» газетінің редакторы Хамитбек Мұсабаев болатын» деп өз баяндамасының аяғында поэманы оқып бергенін тайға таңба бас­қандай етіп айқындайды. Даулы мәселенің басы ашылып, оның үстіне тура сөзге келгенде мынау жақыным еді деп бұр­майтын Сабыржан Шүкірұлының уәжд­і сөзі көпшілікке тоқтау салғандай болған.

* * *

Өткенде астанадағы Оқушылар сарайында «Руханият алаңы» ғылыми-танымдық пікірталас клубының бір отырысы арнайы осы поэманың авторын анықтау мәселесіне арналып «Қан­шеңгел» поэмасы: авторы кім? Деректі бұрмалау – тарихқа адалдық па?» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстелге бір-біріне дау айтар қос тарап пен ғалымдар және Байтұрсынұлы мұрасына жанашыр қауым жиналды.

Поэманы Ахаңның төл туындысы дейтін басты баяндамашы Кеңесбек Мәулетов «1989 жылдан бері бірнеше мәрте жарық көрген. Бірақ әр кезде көлемі әр қилы шыққан, арасына қолапайсыз сыналап енгізген шумақтардан аршысаңыз Байтұрсынұлының қуатын танисыз», деген. Сондай-ақ поэманың Ахмет Байтұрсынұлынікі екеніне дəлел ретінде «Хамитбек Мұсабаев 1989 жылы жаздым десе, 1986 жылы машинкада басылған нұсқасы бар. Оны атамыз Қабыл мен армияда жүргенде салып жіберген екен. Ол хат қолымызда сақтаулы» деп Ахмет Байтұрсынұлымен аталас туыс Қайрат Қабылов қызулана сөйлеген.

Ал Хамитбек Мұсабаев болса, 1989 жылы Амангелді аудандық «Тың шұғыласы» газетінің сарғая бастаған қиындысын көрсетіп (20 июль, 1989 жыл, №87 (6280), шығарма авторы өзі екендігін, алғашында газетке толық басылмауының себептерін айтқан. Ол уақытта Ахаң ақталғанымен Алаш жайлы айтуға болмайтын. Сондықтан да поэмадағы Алашқа қатысты бөлікті алып қалып, тек Ахаң бар тұсы ғана жарияланды. Негізінде Байтұрсынұлының Фай­золлаға жазған хаты мүлде болмаған. Тіпті екеуінің айнымас достығы туралы да дерек жоқ, бұл менің шығармашылық қия­­лым, жалпы поэманың авторлығы жа­йында бөгде ой болуы тиіс емес», деген.

* * *

Жиналған ғалымдар қауымы не деді?

Дәулеткерей Кәпұлы: 1999 жылы Айбек Қалиев досым «Файзолла досым, аса қымбаттым» деп басталатын ұзақ толғауды торғайлық Нағашыбай Алпысов ағамыздың орындауынан жаттап, бізге айтып беріп, Балғынбек екеуміз мақамына қызығып басын жаттаған едік. Кейін Нағашыбай ағаның ұлы, құрдасымыз Абзал Алпысовтан толық нұсқасын тыңдағанбыз. Біз «менің əкем Ахмет Байтұрсынұлы» дейтін Рымғали Нұрғалиевтің шәкірттеріміз. «Алаш ұранды əдебиет» дейтін термин қалыптастырған Рымғали ағаның «Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған» деп аталатын көлемді ғылыми мақаласында Ахаңның соңғы монологы жайлы бір ауыз сөз жоқ. Бұл «Ахаңның толғауы» демеген... ҚазҰУ-де сабақ берген ахметтанушы ғалым Өмірхан Əбдиманов ағамыз да бұл шығарманы Ахаңа телімеген еді. Бұл дауды соза берудің еш пайдасы жоқ. Поэманың Мұсабаевтың туындысы екеніне талас тумауы тиіс» дейді.

Айбек Қалиев: «Ақын, əдебиетта­нушы, Торғай ақындарын зерттеуші ре­тінде айтарым бұл поэманың стилі 30-жылдардағы қазақ поэзиясына да, Ахаң стиліне де жат. Стильдік тұрғыдан алғанда, бұл 80-жылдардың аяғында жа­зылған поэма. Оған ауылдас, жерлес ағам термеші, жыршы Нағашыбай Ал­пы­сов əуен шығарып ел арасында айты­лып жүрген, қазіргі тілмен айтқанда ке­зінде Торғай облысы аймағында хитқа ай­налып кеткен. Ал «Ахаңның өз даусы та­былды» деген шуға келер болсақ, негізі ол дауыс менің сыныптасым, Нағашыбай Ал­пысовтың ұлы Абзал Алпыстың даусы. Күні кешегі мəселенің, авторы тірі поэ­­маның ақиқаты айтылуы керек. Та­лас­­­сыз поэма – Хамитбек Мұсабаевтікі», дейді.

Қайырбек Кемеңгер: «Менің білуімше Байтұрсынұлы туралы 30-40 диссертация қорғалды. Әдебиеттанушылар арасында әр кезеңнің сөздігін жасау керек деген әңгіме айтылғанымен әлі күнге дейін Алаш боздақтарынан қалған текстология­ны қараған, мәтінін талдаған, авторлығы анықталып дау тудырмайтын, бүркеншік есімдерді нақтылайтын шығармалар жинағы шығып болмады. Белгілі бір мақала, шығарма бірнеше авторға телініп жүр. Біздің пайымдауымызша, әдеби-теориялық, көркемдік-стильдік, тарихи-текстологиялық тұрғыдан қарағанда, «Қаншеңгел» шығармасының авторы Ахмет Байтұрсынұлы емес. Туынды мәтіні ХХ ғасырдың 20-30-жылдары жазылғанға, Ахаңның сөз саптауына, өлең жазу үлгісіне келмейді», деген.

* * *

1986 жылы әскердегі немересіне Қабыл ақсақал жіберген хат жайында бірер сөз.

Бұл хат түгелдей емес, тек поэма жа­зылған тұсы Қабыл немересі Тал­ғат Фазылұлының қолында сақтаулы. Онда былай делінген «Құрметті жерлес­тер! Сөз соңында мен Ахаңның 1937 жылы соңғы түрмеге түскеннен кейін қазіргі Амангелді ауданының азаматы қадірлес жолдасы, інісі болған Файзолла Сатыбалдыұлына шағынып, басына түскен ауыр өмір, ақтаңдақ жылдардың зорлығымен қорлығын көрсетіп, бірақ өзінің ұстанған жолы мен бағытының дұрыстығын ертелі-кеш еңбегінің жарық көретініне, болашаққа сеніммен қарап жазған поэмасынан үзінді» делініп, 40 шумақ поэма мәтіні келтіріледі де, ең аяғына Хамитбек Мұсабаев деп жазылып тұр. Бұдан байқалатыны, Қабыл ақсақал жіберген мәтіннің бір жиында баяндамашы аузынан оқылғаны. Ал 1986 жылы және оның арғы жағында Ахмет Байтұрсынұлы есімі ашық айтылып, оның болашаққа сеніммен қарағаны жайында жиында баяндама жасалмақ түгілі жеке адамдардың есік-терезені жауып қойып, жасырын сөз ететін кезі еді. Соған қарағанда, хат 1986 жылы емес, одан кейінірек, жоғарыда Ғазез Әмірханов Ахаң ақталғанда көпшілік алдында оқыған баяндамадан алынған тәрізді. Және егер осы 40 шумаққа Кеңесбек Мәулетов айтқандай Хамитбек Мұсабаевтың еш қатысы болмаса, онда Қабыл ақсақал болашақта өзі танымайтын адамның поэма жазатынын білетіндей көріпкел болғаны ғой. Ал Ахмет пен Файзолла екеуінің аралас-құраластығы менің қиялымнан туған деген Мұсабаев сөзінің де анық-қанығын, жалпы текстологиясына қатысты ғылыми-зерттеуді қалың жұртшылық ғалымдардан күтеді.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, жалпы ахметтанушы ғалымдардан келелі сөз, байламды зерттеу айтылуы тиіс деп білеміз.