• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Тамыз, 2019

Елордада өзгеше карнавал өтеді

365 рет
көрсетілді

Тамыз айы елорда тұрғындары үшін таңғажайып карнавал шеруімен есте қалмақ. HPAIR Asia Conference-2019 халықаралық конференциясы ұйым­дас­тырушыларының ұйытқы болуымен бас шаһар төрінде I Carnival дәстүрлі мәдениет карнавалы және әлемнің 40-тан астам елінің өкілдері қатысатын I Night кеші өтеді.

16-20 тамыз аралығында дүние жүзінің жас көшбасшылары Қазақстан астанасына әлемнің ең ауқымды студенттік жобаларының бірі – HPAIR Asia Conference-2019 шарасына  қатысу үшін жиналады. Конференция ұйымдастырушылары делегаттар мен бас шаһар халқын естен кетпес әсерге бөлеу үшін де жоба бағдарламасын түрлі мәдени бастамалармен байытыпты. Соның бірі  – I Carnival мәдениет және дәстүр карнавалы. Халықаралық жәрмеңке форматында өтетін  өнер оқиғасы қала тұрғындары мен қонақтарына конференция делегаттары ұсынар дәстүрлі тағамдардың дәмін татып, ұлттық кәдесыйлар сатып алуы­на тамаша мүмкіндік береді. Ал айтулы жоба аясында өтетін I Night халықаралық мәдениет мерекесінде түрлі елден келген қатысушылар өз халқының ұлттық музыка, театр және би өнерінен шашу шашады.

– I Night және I Carnival жобасы – әлемнің түрлі халық өкілдері арасындағы рухани дос­тық пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін бірегей мәдени оқиғалардың санатында. Осы орайда біз өз тарапымыздан Kazakhstan Night жеке іс-шарасын дайындап жатырмыз. Онда шеттен келген қонақтарға қазақ музыкасының жауһарларын, атап айтсақ домбыра мен қобыздың ежелгі күйлерінен бастап, Q-pop заманауи мәдениетіне дейінгі ғасырлар бойғы эволюциясын көрсеткіміз келеді. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған конференция қатысушылары – құрметті мей­мандарымыздың елордамыз, жалпы Қа­зақстан туралы ұмытылмас әсер ал­ға­нын қалаймыз, – дейді HPAIR Asia Conference-2019 ұйымдастыру комитетінің төр­ағасы, Назарбаев Университеттің студенті Ләйлә Ахметова.

Естеріңізге сала кетейік, HPAIR Asia Conference-2019 конференциясын Назарбаев Университетпен ынтымақтастықта Азия және халықаралық қатынастар бойынша Гарвард университеті (HPAIR: Harvard College Project for Asian and International Relations) бірлесіп ұйымдастырады. Өзінің 28 жылдық тарихында HPAIR Asia Conference Орталық Азия аумағында алғаш рет өткелі отыр. Кон­ференцияның күн тәртібі алты тақырыптық бағытты және ауқымды мәдени бағдарламаны қамтиды.