Қазақстан Елшісі Раушан Есбулатова Қазақстан мен Таиланд арасындағы сауда диалогын дамыту мен өзара тиімді ынтымақтастықты үйлестіру мақсатында таиландтық іскерлік топтарымен кездесу өткізді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Таиландтың кәсіпкерлерімен кездесу барысында Елші Қазақстанның Бангкоктағы Елшілігі таиландтық және шетелдік кәсіпкерлер үшін өзара әрекеттесу тізбегін – Елшіліктен бастап жергілікті атқарушы органдарға дейін «СІМ – шетелдік мекемелер – өңірлер» форматында бағыттаушы рөл атқаратынын еске салды.
Қатысушылар ауыл шаруашылығы, азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп және т.б. арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар шеңберіндегі инвестициялық мүмкіндіктермен таныстырылды.
Қазақстан қазіргі таңда жаңа инвестициялық даму кезеңінде және көптеген бизнес мүмкіндіктері бар мемлекет болып табылатындығы және инвестициялық жобалардың шетелдік қатысушылары үшін ерекше жағдайлар жасалатындығы туралы айтылды.
Кездесу соңында тараптар Қазақстан аймақтарына бірлескен іссапарларды ұйымдастыруды жалғастыруға келісті. Ағымдағы жылдың маусым айында таиландтық компаниялардың өкілдері Алматыға сапар шегіп, әлеуетті серіктестермен және «Kazakh Invest» ҰҚ» АҚ өкілдерімен кездесулер өткізгені мәлім.