Халқымызда «Жолаушы өз үйінен 40 қадам ұзап шыққан соң – мүсәпір» деген ұғым бар. Негізі, араб тілінен енген мүсәпір сөзінің өзі жолаушы деген мағынаны береді, ал біздің халқымызға ол жолға шыққан адамның қорғансыздығын, дәрменсіздігін білдіретін мағынасымен сіңісті болған. Хадистерде: «Сапар – азаптың бір бөлігі, ол біріңді ішіп-жеуден және ұйқыдан тосады, егер (кісі) шаруасын тындырса, отбасына асықсын» делінген. Асыл дінімізде сапарға шыққан адамдарға Алланың тағылымды жеңілдіктері өте көп. Қазақ халқы да қай заманда болмасын, тіпті өздері жоқшылықтың зардабын тартып отырған кездің өзінде де жолаушыларды төріне шығарып, бар тәттісін, сусынын аузына тосқан. Бірақ біз қозғағалы отырған әңгіме басқа – қазір жолаушылар, оның ішінде сапарға шыққан әйел адамдар үшін жолда жүру неліктен қауіпті болып кетті?
Жолдағы қауіпсіздікті кім қорғайды?
Қазақстанның Бас көлік прокуратурасы «Тальго» пойызында жолаушыны зорлаған жолсеріктерге шыққан үкімді зерделей келе, сотқа апелляциялық өтініш жолдады. Қостанай көлік прокуратурасының талабы – сотталғандарға неғұрлым қатаң жаза қолдану.
Бастапқыда мемлекеттік айыптаушы жолсеріктер жолаушыны топтасып зорлады деген ұйғарым жасап, олардың әрқайсысын 6 жылдан аса мерзімге бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Алайда Қостанай қалалық №2 сотының үкімі бойынша сотталушылар 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандықтарынан айырылды.
Ең бастысы, бір қыздың тағдыры сот пен жолаушылар тасымалы жүйесіндегі, құқық қорғау саласындағы, қоғамның талқысындағы өзекті мәселелердің басын ашып тастады.
Біріншіден, аталған сорақы оқиғадан соң қоғамның бір бөлігі жолаушылар пойыздарында әйелдерге арналған бөлек вагон немесе купе шығару қажет деген пікірлерді жарыса айтып жатты. Бірақ бұл – ұзақ талқылау, зерделеу мен қатар орасан қаражатты қажет ететін ұсыныс. Осы орайда, «Қазақстан темір жолы» АҚ басшылығы бұл жұмысты қоғамдық пікірді білуден бастау керектігін мәлімдеп, пойызға бірге мінетін ерлі-зайыптылардың да қалауы ескерілуі тиіс деген ой айтты.
– Егер Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әйелдерге арналған бөлек купе шығар деп талап қояр болса, орындаймыз, – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ департамент директоры Әлібек Сұлтанов. Алайда АҚ өкілі мұндай талаптың қазіргі уақытта тиімсіз болатындығын айтты.
Әрине, темір жолға жаңадан шығарылып, пойыз құрамына қосылып жатқан вагондар бейне бақылау камераларымен жабдықталып жатқаны да аса бір жұбатарлық шара емес. Өйткені «Тальгодағы» оқиғада өзгенің купесін қызметтік кілтімен ашқан жолсеріктер жымысқы әрекетке оқталған болса, камераны не сөндіру, не бүркемелеу амалын қолданар ма еді? Ал Ұлттық тасымалдаушы мен осы саладағы азды-көпті жеке компаниялар қатардағы жолаушылардың сұранысын қанағаттандыра алмай отырғандарын вагон тапшылығымен де байланыстыратынын ескерсек, әйелдер мен ерлер вагоны туралы ұсыныс айтудың өзі бос сөз шығындау ғана сияқты. Әрине, адамның өмірі мен денсаулығының, қауіпсіздігінің қорғалуына Конституциямыздан бастап барлық бейінді заңнамаларда кепілдік берілген. Бірақ экономикалық мүмкіндіктер ол кепілдіктердің маңына да жуымайды.
Негізі, қоғамдық вагондарға жынысына байланысты билет сату тәжірибесі әлем елдерінде бұрыннан бар. Бұл өркениет бізге де жақындап келеді. Мәселен, қазірдің өзінде елордамыздағы такси қызметтерінің бірінен жүргізуші әйелді таңдауға мүмкіндігіңіз бар.
– Бұл қызметті негізінен қыз-келіншектер жеке бастарының, бала-шағасының қауіпсіздігі үшін пайдаланады. Қазір сұраныс аса жоғары болмаса да, шақыртулар болып тұрады. Бізден сол өтініш бойынша тек қыз-келіншектер басқаратын таксилер жіберіледі, – дейді такси қызметінің операторы.
Болашақта мұндай қызметтерге сұраныс жоғары болатыны да байқалады. Өйткені жиі іссапарға шығатын қыз-келіншектер қазір «Тальго» оқиғасынан» кейін қалың үрейдің құшағына енген.
Мәселен, белгілі тележүргізуші Дана Нұржігіт әлеуметтік желілердің біріндегі парақшасында: «Іссапардан келе жатып, пойыз купесінде зорланған әйел туралы ойласам, төбе шашым тік тұрады! Мен жолда көп жүремін... Көзге елестетудің өзі ауыр! Тәнің зорланғаны – бір, жаның зорланды, намысың тапталды ғой! Мұндай қылмыс үшін екі жарым жыл түрме деген аз! АЗ!», деп жазды.
Осындайда әдетте жолаушылар пойыздарында вагон аралап, спирттік ішімдік ішушілерді аңдып жүретін полиция қызметкерлері қайда болды деген сауал да туындайды. Бірақ әккі жолсеріктер пойыз құрамындағы полицейлердің тынығатын, кезек ауыстыратын уақытын да жақсы білгендеріне күмән жоқ. Қыздың зорланған уақыты да таңғы сағат 4.00-дің шамасы...
Ұлттық дәстүр құтқарады
Жалпы Батыс елдері мен Америка Құрама Шаттарында кеңінен қолданылатын, түп-тамыры ағылшынның «harassment» деген сөзінен алынған ұғым бар. Бұл «Харассмент» түсінігі әртүрлі кейіптегі психологиялық қысымды білдіргенімен, іс жүзіндегі ауқымы кең. Талдап айтар болсақ, бір адамды ренжітуге немесе қорлауға, өзгелердің жеке шекарасын жүйелі түрде бұзуға бағытталған психологиялық қысымның бұл түріне сөзбен мұқату, іс-әрекет және ерсі қылықтарының барлығы, тіпті жаныңнан өткен адамның соңынан ысқырудың өзі жатқызылады. Әдетте мұндайда жәбірленушілер, айталық балалар – ересектерден, ересек ер-азаматтар мен әйелдер – бастықтарынан, әйелдер – қоғам талқысынан, ал ерлер жағы – күлкі болудан жасқанып, «Харассмент» ұғымының аясына кіретін қысымдар бойынша жақ ашпайды. Мұндай «үндеместік қасиет» біздің қанымызға да әбден сіңісті болған. Өйткені ел ішінде басшылары жыныстық сипаттағы қысым көрсетіп, мейрамханаларға шақырып, түрлі сыйлықтар жасап, зәбір көрсетуге дейін баратын жағдайлар аз емес. Бұл ретте жәбірленуші алдымен жұмыс орнынан айырылып қалудан, сонан соң абыройының төгілуінен тайсақтап, қылмысқа пара-пар әрекеттерге амалсыз төзеді немесе жұмыстан үн-түнсіз кетіп тынады. Ал дамыған елдерде «Харассменттің» жазасы ауыр. Жалпы, мұндай тәуелділіктің, жымысқы ойға құрылған үстемдіктің соңы ауыр жағдайларға да соқтырары анық. Біріншіден, жәбірленуші белгілі бір дәрежеде ауыр күйзеліске түседі. Екіншіден, жазасыздықтың дәмін сезген адам анау жолсеріктер тәрізді аса ауыр қылмыстарға барғанын аңдамай қалады.
Осы халықаралық ұғымға кіретін дәлелді алыстан іздеудің де қажеті жоқ. 2013 жылы қазақстандық спортшы Азамат Теңізбаев еліміздің таеквондодан жастар құрамасының сапында Мексикадағы әлем біріншілігінен қайтар жолда Ұлыбританияда ойламаған жерден үлкен дауға тап болып, сотталып кете жаздаған еді. Ұшақта қалғып кеткен спортшының бір иығы жанында отырған қызға тиіп, ол бойжеткен бір сәтте жәбірленушіге айналып шыға келген. Өзіне жыныстық сипаттағы қысым жасалды деп, стюардессаға шағымданған израилдық қыздың арызы бойынша жерлесіміз британдық «Хитроу» әуежайында тұтқынға алынады. Ақыры не керек, бұл дау жарты жылға созылып, абырой болғанда, отандасымыз әрең дегенде ақталып шықты. Міне, өркениетті елдің тәртібі де, заңы да осындай.
Белгілі саясаттанушы Талғат Қалиев мұндай әрекеттердің алдын алуда ұлттық салт-дәстүріміз, болмысымыз есепке алынуы тиіс деген пікір айтты.
– Халқымызда «Жер дауы» мен «Жесір дауы» – өте күрделі және ауқымы терең ұғымдар. Оған қоса, Ұлы далада әйелдер, қыз-келіншектер ерекше құрметке бөленді. Ал оларды зорлау кісі өлтірумен тең қылмыс ретінде дәрежеленді. Осыған қарамастан, қазір біздің қоғамда қызмет бабын немесе басқа да үстемдіктерін қолдану арқылы жасалатын ерсі әрекеттер туралы ашық айтыла бермейді. Мұндай әрекеттердің алдын алу жолы ретінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын айтар едім. Біз халқымызға тән асыл қасиеттерді, құндылықтарды бағалай білуіміз керек. «Тальго» пойызындағы оқиға бойынша пікір екіге жарылып, бір тарап қыздың өзін кінәлап жатыр. Бірақ қандай жағдайда да зорлауға жол берілмеуі қажет, – дейді Т.Қалиев.
Ал келесі саясаттанушы Ерлан Сайыров «Тальго» пойызында болған жағдайға бейжай қарау мүмкін еместігін айтады.
– «Қазақстан темір жолы» халықтан кешірім сұрауы керек. Бүгінде кешірім сұрау дегеніміз, әлсіздіктің, әлжуаздықтың белгісі деген жалған пікір қалыптасқан. Ал шынына келетін болсақ, кешірім сұрау – биік парасаттың, жоғары ақыл-ойдың белгісі. Сондықтан кешірім сұрауды өмір салтына енгізсек, көсегеміз көгерудің алғышарты болуы әбден ықтимал, – деп ой қорытты саясаттанушы.
Ұлттық тасымалдаушыдан кешірім сұратуды қоғам талап ете бастаған уақытта Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде өткен кеңестің мінбесін пайдаланған «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Алмағамбетов тасымалдаушы компанияның және жеке өзінің атынан жәбірленушіден кешірім сұрайтынын мәлімдеді. Ал бұл кеңестің ізін ала ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында жәбірленушіге сот шешімімен қарастырылатын барлық заңды өтемақы толық төленетінін хабарлады.
Сайып келгенде, халқымызға тән дәстүрлер мен тәуелсіз еліміздің заңнамасы да, Еуропа елдерінің саясаты да қандай да бір зорлауға, қорлауға, қорлыққа, әлімжеттікке жол бермеуге бағытталған. Бұл нағыз құқықтық мемлекеттерге жарасымды қасиет. Қалай десек те, жоғарыдағы оқиғалар қоғам санасын бір сілкіп алды. Бірақ уақыт өте бұл даудың да жаңғырығы көмескілене түссе, қауіпсіздікті тағы кейінге ысыра тұратын жаман әдетіміз бар.