Қазақстандық кәсіпкер Мемлекет басшысы қандай аяқ киім сатып алғаны туралы айтты. Бұл туралы tengrinews.kz хабарлады.
Компания құрылтайшыларының бірі әрі басқарушы директоры Дәурен Рахманқұл фабрика Алматы қаласында орналасқанын тілге тиек етіп, Президенттің өз тауарын сатып алуы күтпеген жағдай болғанын айтты. «Айқын» газетінде біздің аяқ киім туралы мақала шықты. Президент баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы мақаланы оқып, жас кәсіпкерлердің осындай ауыр өндіріспен айналысқанына қуанып, аяқ киім сатып алғысы келетінін айтты. Оған газеттегі сурет ұнаған» дейді кәсіпкер.
Кейінірек кәсіпкер WhatsApp мессенджерімен баспасөз қызметінің жетекшісіне аяқ киімдердің модельдерін жіберген. Президент аяқ киімнің қоңыр түсін таңдапты.
«Туфлиді «Қазпошта»-мен жібердік және ол төлеп алды. Бағасы 21 мың теңге, ал аяқ киім өлшемі – 43. Ол қоңыр түсті лофер алды. Біздің аяқ киімдер таза былғарыдан» деп атап өтті Дәурен Рахманқұл.
Президент аппаратынан төрт жұп аяқ киімге тапсырыс берілген екен. Бір жұбы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, екіншісін Берік Уәлиге және тағы екеуін екі қызметкер берген. Сонымен қатар Президент Әкімшілігінде істейтін әйелдер аяқ киімдерге қызығып, өздеріне тапсырыс бермекші болған екен.
Алайда, фабрика әйелдер аяқ киімін тікпейтін көрінеді.
Еске сала кетсек, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісіндегі парақшасында қазақстандық кәсіпкерден аяқ киім сатып алғанын жазған болатын.
«Айқын» қарапайым еңбек адамдарын үнемі насихаттайды. Жақында етік тігетін жас кәсіпкер туралы жақсы сұхбат жарияланды. Отандық өнімді қолдау мақсатында мен де бір аяқ киімін сатып алдым. Адал еңбек етіп, нақты кәсіппен айналысуға деген көзқарас орнығуы тиіс» деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.