• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Тамыз, 2019

Астана процесі: Сирия дағдарысы бойынша келесі отырыс қашан өтеді

488 рет
көрсетілді

Астана процесі аясында Сириядағы дағдарысты реттеу жөніндегі келесі халықаралық кездесу қазан айында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Бұл туралы Астана процесінің 13-кездесуінде кепіл мемлекеттер - Иран, Ресей және Түркияның бірлескен мәлімдемесінде айтылды.

«Сирия мәселелері бойынша Астана форматындағы келесі халықаралық кездесуді Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылдың қазан айында өткізуді ұйғардық», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко елордада Сирия бойынша келіссөздің 13-раундында кепіл мемлекеттердің бірлескен мәлімдемесін оқу барысында.

Сонымен бірге, ресми құжатта Астана процесінің жаңа бақылаушылары ретінде Ирак пен Ливан делегацияларының қатысуы айрықша аталып өтті.

«Бақылаушы елдер - Иордания, Ирак және Ливанның Сириядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату ісіне өз үлесін қосатынына сенім білдіреміз. Нұр-Сұлтан қаласында Сирия мәселелері бойынша 13-халықаралық кездесу өткізгені үшін Қазақстан билігіне шынайы алғыс айтамыз», - делінген мәлімдемеде.

Айта кетейік, елордада Сириядағы дағдарысты реттеу бойынша Астана процесінің 13-ші халықаралық кездесуі өтті. Басқосу Сириядағы, әсіресе Идлиб провинциясы мен елдің солтүстік-шығысындағы қазіргі ахуалды талқылауға, қақтығысушы тараптар арасындағы сенімді нығайтуға және саяси процесті одан әрі ілгерілетуге баса назар аударады.