«Рухани жаңғыру» бағдарламасы қалтарыста қалған құнды дүниелерімізді паш етуге бағытталған маңызды шаралармен жалғасын тауып келеді. Алматыда «Ғылым ордасының» Сирек кездесетін кітаптар музейінде өткен «Кітап – баға жетпес қазына» көрмесінде шағын пішімдегі кітаптар қойылды. Көрмеге мұқабасының әсемдігімен, жұқа, қалыңдығымен емес, пішімінің шағындылығымен ерекшеленетін кітаптар сөрелерге сап тізілді.
Музей меңгерушісі Әйгерім Серіктің айтуынша, көрме экспозициясынан Абай Құнанбайұлының, Жамбыл Жабаевтың кіші көлемді қазақ тіліндегі, шығыс ғұламаларының, сондай-ақ қасиетті Құран кітаптарын, әлемдік әдебиеттің көрнекті өкілдері А.С.Пушкин, М.Горький, Л.Толстойдың, Данте Алигьери, Уильям Шекспир, Денни Дидро кітаптарын кездестірге болады.
«Ғылым ордасы» Сирек кітаптар музейінің кіші ғылыми қызметкері А.Жұмабековтың ықшам кітаптардың тарихына қатысты зерттеулеріне сүйенетін болсақ, дүние жүзінде микроскоптың көмегімен ғана оқитындары да кездеседі. Ондай нано-кітаптар санатына 70 мкм/100 мкм көлеміндегі монокристалды кремний чипіне басылған «Тернип қаласынан келген кішкентай Тэд» кітабы жатады. Еуропа елдері, сондай-ақ Америкада ықшам кітаптардың көлемі 3 дюйм немесе 76 мм болса, посткеңестік елдерде 100 мм құрайды. Тіптен, көлемі 10х10 мм аспайтын кітаптар да кездеседі. Бүгінде Гиннестің рекордтар кітабына нано-кітаптарға жатпайтын шағын чипке сыйып кететін басылымдар да кіреді.
Шағын көлемді кітаптар тарихын зерттейтін тарихшылар бұл кітаптардың алғашқы нұсқаларын 4000 жыл бұрын Вавилонда табылғандығымен байланыстырады. Антикалық дәуір деректерінде, атап айтар болсақ, 37 кітаптан тұратын Планийдің «Тарих» шығармасында 15 686 шумақтан тұратын Гомердің «Илиадасының» жаңғақ қабығына сиярлық пергаменттеріндегі нұсқасы аталады. Баспа машиналары пайда болғанға дейін көп таралыммен басылмастан бұрын мұндай кітаптар жоғары санатты өнер туындысы саналған. Яғни, жасалу техникасының күрделілігі, эстетикалық бейнесі, қолайлылығы, безендірілуі жоғары бағаланып, коллекционерлердің пайдасына асқан. Бастапқыда кіші көлемдегі дұға кітаптары басылған.
Шағын кітаптар көрмесімен қыркүйек айының соңына дейін танысуға болады.