Соңғы жылдары суармалы егіншілік жағдайында күріш шаруашылығын дамытып, елімізді осы дақыл өнімімен толықтай қамтамасыз етіп отырмыз. Дегенмен, Сыр өңірінде, трансшекаралық Сырдария өзенінің су ресурстарының азаюы экологиялық және экономикалық тұрғыдан алаңдататын мәселелер туындатуда.
Осы жағдайға байланысты облыста өсімдік шаруашылығын әртараптандыру бағытында суды аз тұтынатын ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемін ұлғайту көзделуде. Оның қатарына жаздық бидай, мақсары дақылдары да жатады. Себебі оның бейімделу мүмкіндіктері жоғары, өнімділігі және жан-жақты пайдаланылуы жағынан әлемдегі жетекші дақылдар қатарына кіреді.
Қазір ауыл шаруашылығы өндірісіндегі басты мәселенің бірі – климаттық өзгерістерге қарамастан, астық өндірісін тұрақтандыру. Демек, астық мәселесін шешу ауыл шаруашылығы ғылымының жетістіктерін қолдануды керек етеді.
Облыстың агроөнеркәсiп кешенінде ғылым жетістігіне қоятын талаптардың бірі – шөлегін жерде (богарное земледелие) су үнемдегіш технологияларды енгізу арқылы дақылдар өсіруді ұйымдастыру болып отыр. Осы талапқа сәйкес 019 бағдарламасы бойынша «Қызылорда облысының оңтүстік аймағында орналасқан тәлімді (тау етегіндегі суарылмайтын жерлер) жерлерде дәнді және майлы дақылдарға ылғал сақтағыш тәсілдерді қолдану арқылы ресурс үнемдегіш технологияны өндіріске енгізу» атты жоба дайындалып, қолданысқа ұсынылды. Бұл жұмыс сәтті жолдамасын алды.
Астық өндірісі саласын жеделдетіп дамыту – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы мемлекеттік-аграрлық саясаттың бірінші кезекті міндеті екені белгілі.
Ал Арал өңірі жағдайында ауыл шаруашылығын көтерудің негізгі бағыты – басты дақыл күрішті интенсивті дамыту. Бірақ қазіргі кезде су ресурсының негізгі көзі – Сырдария өзені суының азаюына байланысты, жылдан-жылға су тапшылығы күшейіп, жаз айларында өзен суы ауылшаруашылық дақылдарын суаруға жеткіліксіз болып отыр. Болашақта бұл жағдай алаңдататыны да ескертіліп жүр.
Сондықтан суды аз талап ететін дәнді дақылдарды, мысалы, жаздық бидайды, мақсарыны өндіріске енгізу экономика жағынан тиімді. Жаздық бидай бағалы азықтық, ал мақсары сұранысқа ие майлы дақыл. Бидай мен мақсарыны өсіруге Арал өңірінің топырақ-климаттық жағдайы жалпы қолайлы болғанымен, оның да жайсыз кезеңдері бар. Тәлімді (шөлегін) жерде өсірілетін жаздық бидай мен мақсары дақылдарына оның өнімділігін арттырып және сапасын жақсартатын, әрі суару режімін оңтайландыратын технология енгізу қазіргі кезеңде өте маңызды.
Жоба жұмысының іске асырылатын жері Жаңақорған ауданы болып таңдалды. Ауданның Қаратау тауының бөктерінде өсірілетін жаздық бидай және мақсары егісіне наурыз, сәуір, мамыр айларында жауатын жауын-шашын мөлшері, оның вегетациялық мерзіміне керекті ылғал мөлшеріне жуықтайды. Яғни, жаздық бидай мен мақсарыны өсіруге жағдай қолайлы. Дегенмен ауа райының жылма-жыл құбылмалы екенін де ескергеніміз жөн. Сондықтан бұл дақылдарды басты кезеңде ылғалмен қамтамасыз ету үшін, егістікке ылғал сақтағыш технологияны қолдану қажет. Бұл технологияны қолдану негізі Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында ертеректе жасалған болатын.
Гидрогельдің ВП-2 қазақстандық түрі осы институтта 2006-2008 жылдары күріш дақылына зерттелген (Х.Жамантіков, 2006-2008 ж.ж.). Гидрогельдің су үнемдегіш технологияның ерекше нысаны екенін және оның суперабсорбциялы қасиеті зор екені сол кезде дәлелденген.
Қазақстандық ВП-2 гидрогелі қазіргі таңда өндіріс көлемінде шығарылмағандықтан, зерттелген гидрогельге ерекше қасиеттерімен жақын америкалық «ЗЕБА» гидрогелі жоба жұмысына пайдаланылып отыр. Әйтсе де өзіміздің препаратымыз болса ғой деген арман көкейімізде.
Сонымен тәлімді жерлерде өсірілетін жаздық бидай және мақсарының өніп-өсу дәуірінде үнемі ылғалмен қамтамасыз ету үшін, гидрогель препаратын колдану арқылы ылғал сақтағыш қасиеті бар инновациялық технологияны өндіріске енгізу жұмысы басталды.
АҚШ-та жасалған «ЗЕБА» гидрогелінің 1 грамы 500 мл ерітіндіні бойына сіңіріп сақтайды, әрі ол өсімдіктің тамыры арқылы сорылып ылғалға деген сұранысын оңтайлы қамтамасыз етеді. Тәлімді жерде жаздық бидай дәнінің толысуына және мақсарының толық пісуіне жағдай осы препарат сақтаған ерітінді арқылы жасалады. «ЗЕБА» гидрогелі түйіршіктері өсімдік тамырларының шоғырланған топырақ қабатына сепкішпен орналастырылады.
Егін шаруашылығы бүгінге дейін негізі екі жолмен дамып отырғаны белгілі. Біріншісінде, егіс дақылдары суару арқылы өсірілетін болса, екіншісі – табиғи ылғалды сақтау шарасын қолданып өнім алу. Демек, Түркістан өңіріндегі тәлімді немесе шөлейт белдеуіндегі жерлерді игеру ғылым жетістігіне жүгінгенді керек етеді. Қыстағы және көктемдегі ылғалды дақылдарға керек кезінде қолданатындай етіп, оны жинап, керек мөлшерін қанағаттандырып, қалғанын ыдысқа құйғандай, төкпей-шашпай сақтайтын ғылыми ізденістен туындайтын өнімді жасауды ғалымдар ертеректе армандаған еді. Бұл ғылыми өнім гидрогель деп аталатын күрделі химиялық (полимерлік) қосылыс болып шықты. Оның ерекше сорғыштық қасиеті ғалымдарды қызықтырады.
Гидрогель – негізі ерігіш полиэлектролит. Бұл қосылыстың беткі қабаттары сорғыш, әрі алмасу реакцияларына әрдайым дайын амин, карбоксил және гидроксил топтарына толы, әрі олар электрленген түрде болады. Сондықтан ол зат түрінде жасалғанда оны суперсорғыш, яғни одан күшті сорғыш, кеңістікте сирек кездеседі деген сөз.
Гидрогель су ерітіндісін бойына жинап сақтайды.Топырақтағы тыңайтқыш ерітінділерін де ысырапқа ұрындырмайды. Өсімдік оның ерітіндіге толысқан кезінде тамырымен торлап сорып, ылғалын азайтса, гидрогель түйіршігі топырақ ылғалданған жағдайда қоректік ерітіндіні қайтадан сорып толық қалпына келеді. Осылай «резеңке губка» сияқты «сорғыш» рөлін дақыл піскенше, топырақтағы ылғал таусылғанша күзге дейін мінсіз атқарады.
Күзде гидрогель, әсіресе «ЗЕБА» препараты тез ыдырайды. Себебі ол – жүгері крахмалының қосындысынан тұратын гидрогель. Крахмал фруктозаға, ал ол глюкозаға айналады. Оны микроағзалар (микробтар) таласып жейді, қорек етеді. Осыдан гидрогельдің топыраққа және өсімдікке зиян келтірмейтінін көреміз.
Сонымен «ЗЕБА» атты гидрогельді қолданып, Жаңақорған ауданындағы «Бесарық +О» ЖШС-ның көрсетілім алаңына (көлемі 5 га) екі дақыл: жаздық бидай мен мақсары егілді. Бұл, әрине облысымызда алғаш атқарылған жұмыс. «ЗЕБА» препараты (гидрогель) Қызылорда облысында бірінші болып өндіріске енгізіліп отыр. Бидай мен мақсарының шығымы, өсуі қазіргі кезде көз тойдырады. «ЗЕБА» қолданған жерде жаздық бидайдан орташа есеппен, 15% артық өсімдік өсіп шықты, ал мақсарыдан 41% өсімдік көбейіп өсті. Бұл нәтижелер салыстырмалы түрде өсімдіктердің түп айыру кезеңі басталған кездегі 1 шаршы метр мөлтек аудандағы өсімдік сандары. Мөлтек өлшем (1м2) бірнеше жерге салынып есептелді.
Осы бастамадан күтілген нәтижелерге: жаздық бидайдан гектарына 7 центнерден-15 центнерге, мақсарыдан 7-ден 12 центнерге дән өнімін көтеруге мүмкіндік жасаса, онда ауыл шаруашылығының екінші тынысына жол ашылады деуге болады. Ылғалды ұстап, оны тиімді пайдалану арқылы егіншіліктің жаңа (шөлегін) бағыты жетіледі. Ғылыми өнім гидрогельдің әсерімен ылғалды сақтап, оны үнемдеп, өсімдікке беру қасиетінің зор күші байтақ шабындық жерлер арқылы дәнді және майлы дақылдар егісінің көлемін өрістетуге үлкен ықпал етеді. Қысқасы, шөлегін бағыты біртіндеп нәтижелі дамыса, оның келешегіне сенім артуға болады. Әрине, егіншіліктің бұл бағыты өндіріске де әрі ғылыми жетістіктердің сапасына да үлкен талап жүктейтіні сөзсіз. Ол үшін барынша табанды еңбек жасалады деп білеміз.
Бақытжан ДҮЙСЕМБЕКОВ,
Хасый ЖАМАНТІКОВ,
Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жетекші мамандары
Қызылорда облысы