Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымының ерекше маңыздылығын атап өтті. «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі — неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол — ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі» — деді Елбасы.
Мақалада халық санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру мақсатында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы қолға алынатыны және оның ауқымды бағдарлама болатыны айтылды. Осы ретте туған жерімізді, тарихымызды, рухани-мәдени мұрамызды бойымызға сіңіру, жаңа деңгейде танып-білу, оны жастарға ұғындыру мақсатында Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейі «Ұлы дала – ұрпаққа аманат» атты экспедиция ұйымдастырды.
Оған музей қызметкерлерімен қатар, облыс жастары арасындағы «Әулиеата жауһарлары» атты тарихи-танымдық экспедициясы негізінде ауданымызға атбасын тіреген Мойынқұм командасы да қатысты.
Жас толқын алдымен орталықтағы мұражайға табан тіреп, екі мыңнан аса жәдігері бар мекеменің археология, тарих, даңқ, мәдениет, өнер және спорт, этнография залдарын аралап көрді. Мұнан кейін ерте темір-қола дәуірлерінен белгілі Қарасай шатқалындағы петроглифтерді өз көздерімен көріп, Байзақ батыр Мәмбетұлының кесенесіне мінәжат етті.
Экскурсия 2007 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетіне енгізілген Қостөбе және Түймекент ауылының оңтүстік шығыс шетінде орналасқан Түймекент қалашықтарында жалғасты. Осынау мәдени орындардың тарихын аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Айнагүл Мамытбекова кеңінен түсіндірді.
Жастар барған келесі нысан – орталық саябақтағы А.Суханбаев, Сарыкемер ауылына кіреберістегі Байзақ батыр Мәмбетұлының ескерткіштері болды. Мойынқұм жастары мұнымен қатар, «Әдемі» ұлттық киімдер шеберханасына да келді. Көрсе көз тоймайтын ер, әйел, жас балалар мен қыздарға ұлттық нақыштағы шапан, көкірекше, көйлек тігетін шеберхана жұмысы оларды қызықтырмай қоймады. Жастардың әл-Фараби атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры Амангелді Тілеповпен болған сұхбаты да барынша мәнді өтті.
Гүлайым БАЙМҰРАТОВА,
Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері
Жамбыл облысы