• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Тамыз, 2019

Ежелгі сырласын елеңдей күтеді

206 рет
көрсетілді

Ардагер Хамит Ембергенов – Қызылорда қаласының байырғы тұрғыны. Ұзақ жыл Сырдария аудандық партия комитетінде үгіт және насихат бөлімін басқарды. Зейнетке шыққан соң Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлер жайында бес томдық «Боздақтар» кітабын жинастырып, баспадан шығарды.

Еңбегіне лайық талай құрметке ие болды. Омырауы толған орден, медаль. Сырдария ауданының құрметті азаматы.

Биыл тоқсанға шыққан ақсақал әлі қуатты, бойы тіп-тік. Киімді мезгіліне қарай киеді, үстіне шаң жуытпайды. Шалбар-көйлек, галстугін жұқа дәкені ылғалдап, өзі өтектейді.

Біз барғанда ардагер аға кең залдың төрінде жазу столындағы орындықта отыр екен. Алаңдай берді:

– Пошта неге кешігіп жатыр? Таңер­тең­гі оннан қалдырмай газеттерімді әкелетін еді. Поштадағы қыздарға телефон соғайыншы деп орнынан қозғалды.

– Қыздарым-ау, газет кешігіп жатыр ғой.

– Хамит аға, әлгі хат тасушы қыздар сіздің үйге аттанып кетті. Қазір барып қалар.

– Ә, жарайды. Сыртқа шығайыншы, деп Хамекең дарбаза сыртына шықты. Әудем жерден хат тасушы қыздар көрінді. Сәлден соң бір бума газетті ардагер құ­ша­ғына қысты. Жүзі жадырап қоя бер­ді. Дереу бөлмесіне кірді. Алдымен өзі­нің сүйікті бауыр басқан «Егемен Қа­зақстанның» әр бетіне зер сала көз жү­гірт­ті. Телефонға қол көтеріп, тұс-тұстағы сыйлас азаматтарға қоңырау шалды.

– Бүгінгі «Егеменді» алдыңдар ма? Мырзатайдың Роллан жайында жазғанын оқыдыңдар ма? Әлгі Баймұрат батыр жа­йында жазылған дүние жақсы екен. Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуовтің жаңа қолжазбасы табылыпты, оқыңдар.

Ардагер осылайша күн сайын сыйлас азаматтарды мазалайды. Жиын-жина­лыс­тарда «Егемендегі» ана дүние, мына дүниені оқыдыңдар ма деп қамшылайды, басылымдардағы өткір сөздерді қойын дәптеріне жазып, оны да тілге тиек етуден жалықпайды.

Бір кездегі осы «Егеменде» еңбек еткен Әзілхан Нұршайықов, Жекен Жұмаханов, Мұқан Иманжанов, Нұри Мұфтақтардан сөз қозғайды. Баспасөз дарабоздары Шерхан, Сапар, одан соң Ұзақ Бағаев жа­йында, Ұзақтың жазушы Зейнолла Шүкіров жайында жазған «Құрыш қазақ» атты очеркін майын тамыза айтқанда сусының қанады. Шерхан, Камалдардың жазысқан хаттарын, Шерағаның «Бір кем дүниесін» жалғастырғанда, таңырқайсың.

Сырдың сырбаз ақсақалы Хамит Ембергенов қазір 33 немере, 70 шөбере, 2 шөпшектің құшағында. Өсірген он ұл-қызының бәрі де жоғары білімді. Солардың ыстық құшағына бөленіп отырғанын жыр етіп айтудан жалықпайды.

– «Егеменнің» 100 жылдығы – үлкен қуаныш. Бұл менің елу жыл бойы үзбей жазылған, әр саны есіме ұмытылмас әсер қалдырған газетім. Басылымдағы қаламы ұшқыр журналистердің қалам сілтер қадамына қуанамын. Ардагерлер қауымын алдағы жылға жазылуға бел­сенділік танытуға шақырамын. Әр шаңы­рақта басылымды сүйсіне, асыға оқи­тындар көбейсе, – дейді ардагер Хамит Ембергенов.

 

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ