Білім және ғылым министрлігі жыл басында магистратураға түсу талаптарының өзгертілгенін хабарлаған-ды. Министрліктің мәлімдеуінше, ондағы өзгерістер жоғары білім сапасы мен университеттердегі бәсекелестікті арттыруға, үнемі қоғам талқысынан түспей келе жатқан гранттардың ашық та әділ бөлінуі төңірегіндегі күдікті ойға нүкте қоймақ. Десе де халықаралық тәжірибе бізге бейімделді ме? Бұл талап расымен де майталман маманды таңдап бере ала ма?
Тиісті ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов вице-министр кезінде магистратураның гранттары келесі жылдан бастап үміткерлердің бірыңғай емтихандағы қорытындысы бойынша бөлінетінін жазған еді. Оның айтуынша осыған дейін магистратура гранттары ЖОО-ға беріліп, олар өздері тапсырма дайындайтын және университеттер емтихан өткізіп, түсу туралы шешімді де өздері қабылдайтын. Енді GMAT форматы бойынша бірыңғай емтихан болады. Яғни үміткерлер Ұлттық тестілеу орталығы өткізетін кешенді тестілеуден өтуі керек. «Осы тестілеудің нәтижесі бойынша білім беру бағдарламалары тұрғысында қорытындысы сараланып, жоғары балл жинаған талапкерлер грант алады, сәйкесінше ерікті түрде өзі ЖОО таңдайтын болады. Осылайша «грант магистранттың соңынан ереді» деген қағида жүзеге асырылады. Бұл ЖОО бәсекелестігін арттыруы тиіс және гранттардың сөзсіз ашық және әділ таратылуына септігін тигізеді», деп жазған болатын А.Аймағамбетов.
Жаңа талап – тісқаққанды таңдауға тосқауыл
Жаңа талап бойынша өткізілетін кешенді тестілеуде талапкерлер бір жауабы бар 50 сұрақтық ағылшын тіліндегі және 30 сұрақтық оқуға дайындығын анықтайтын, сондай-ақ 50 тапсырмадан тұратын бірнеше жауабы бар білім беру бағдарламаларының бейіні бойынша тест тапсырады. Негізгі өзгеріс үміткерлердің шет тілінен білімін дәлелдеуінде емес, ол бұрын да солай болған, бастысы – олардың білім алуға дайындығы бойынша аналитикалық және сыни ойлау тестін тапсыруы тиістігінде. Бұдан бөлек 2 салалық пән бойынша білімі тексерістен өтпек. Бұл тұста да шикілік бар. Мәселен, бұрын шығармашылық мамандықтардың үміткерлері өзінің біліктілігін арнайы емтиханда дәлелдейтін. Ал соңғы өзгеріс бойынша тек тестілеумен анықталмақ.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қабылдау комиссиясының өкілі магистратура бойынша жалғыз дизайн мамандығында ғана шығармашылық емтихан бар екенін жеткізді. Журналистика, архитектура, дене шынықтыру сынды мамандықтарға тапсырушылар салаға икемдігін бұрынғыдай көзбе-көз көрсете алмайды, тек пәндік сұрақтарға жауап берумен анықталады. Бұл қаншалықты үздік талапкерді іріктеуге септеседі? Өйткені магистратурада бакалавриаттағы мамандығынан бөлек саланы таңдайтындар да бар.
Осыған дейін магистратураға түсудің екінші кезеңінде талапкерлердің еңбек кітапшасындағы жұмыс өтіліне, қызмет еткен саласына, сондай-ақ болашақ мамандығына қатысты еңбектеріне басымдық берілетін. Ал қазір олай емес. Қазақ журналистикасының зерттеушісі, профессор Намазалы Омаш сол себепті магистратураға бакалавриатта бітірген мамандығы бойынша қабылдануы тиіс деп ойлайды. «4 жыл бойы журналистиканы оқыған адамның сөзсіз сол салада базалық білімі бар. Сондықтан бакалавриатта шығармашылық емтихан тапсырған түлекті магистратурада онсыз-ақ салалық пән бойынша қабылдау дұрыс», дейді профессор. Бірақ бұл жерде мәселенің екінші жағын көруіміз керек. Мысалы, төрт жыл бойы туризмді тауысқан маман жастайынан жанына серік еткен спорттан соңғы уақытта тіпті жиі жүлдегер болатынды шығарды әрі сол салада жұмыс істейді делік. Сондықтан магистратураны спорт мамандығында оқығысы келеді. Онда қалай болмақ? Іс жүзіндегі майталман маманды қағаз жүзінде қабілетін дәлелдеуден айырамыз ба? «Мұндайда әлбетте белгілі бір шарт болғаны дұрыс. Жұмысы, жетістігі, еңбегі ескерілуі керек», дейді Н.Омаш. Бірақ ол жаңа талапта ескерусіз қалды емес пе?
Бұл өзгеріс негізінен комиссия құрамындағылар бұра тартып кетуі жөніндегі алып-қашпа әңгімелерден кейін де қолға алынғаны анық. Олай болса, жаңа талап үздігін анықтауда күмән тудырмауы тиіс қой. Аталған ұлттық университеттегі сәулет-құрылыс факультетінің деканы Серіктай Какенұлы болашақ архитекторларды таңдауда тестілеу алғаш енгізіліп отырғанын, оның әлі бұлыңғыр, түзететін тұстары барын айтады. «Алдымызға келген баланың икемін, біліктілігін, деңгейін біліп барып қабылдайтынбыз. Ал енді тест арқылы оның негізін білу қиын. Сызудан хабары бар ма, ғимараттың жоспарын қаншалықты сыза алады? 2 салалық пәндегі тестен шынымен, әлде кездейсоқ өтті ме? Мұны білмейміз», дейді декан.
Контент – әрдайым маңызды мәселе
Магистрант атанғысы келетін үміткер жаңа талап бойынша GMAT форматындағы бірыңғай емтиханды тапсыруы тиіс. GMAT – (Graduate Management Admission Test, тікелей тәржімаласақ, басқару бойынша қорытынды емтихан деген мағынаны береді – А.Ш.) негізінен экономика, бизнес, қаржы және аты айтып тұрғандай, менеджмент мектебіне түсуге ниетті талапкерлерді іріктеуге арналған стандартты тест. Назарбаев университетінің өкілдері GMAT тестінің математикалық бөлімі едәуір күрделі болатынын айтады. Сондықтан бұл тестілеуді алгебра мен геометрияны жақсы білген жағдайда ғана тапсырған жөн екенін ескертеді. Ал гуманитарийлердің математикалық білімі мектеп бағдарламасынан әрі аспайтынын ескерсек, осы салаға тапсыратындар үшін (әлеуметтанушылар, суретшілер, экологтар, журналистер және т.б.) ғылымның ауылы біршама алыс болады деген күдік бар. Осы орайда, министрлікке ғылымның екі ірі, яғни жаратылыстану мен гуманитарлық бағытына қарай өзге де форматты қоса қарастыру қажет-ақ.
Жарайды, халықаралық стандартталған тест грантты әділ әрі ашық бөлуге септігін тигізеді дейік, бірақ бұл әр салаға өз мықтысын таңдап беруге қаншалықты қауқарлы? Әлде кедергі келтіре ме? Көкейдегі осы сауалға жауап табу үшін Ұлттық тестілеу орталығының мамандарымен байланыстық. Жаңа форматтағы бірыңғай емтиханның оқу дайындығын анықтау бойынша үлгілік сұрақтар орталық сайтында жарияланыпты. Мысалы, мынадай:
Екі достың үйлерінің арасы – 10 метр. Ал олардың хат-жәшіктері үйлерінің ортасында және өз үйлерінен 2 метр жерде орналасқан. Әр баланың өз үйінен өз хат-жәшігіне дейінгі жол өз үйінен досының үйіне дейінгі жолдың неше бөлігі екенін табу керек.
A) 4/10 B) 4/5 C) 1/3 D) 1/5 E) 3/5Тағы бір тапсырмада Рационал (Q), иррационал (I) және нақты (R) сандар үшін дұрыс қатынасты анықтау қажет. Ал оның жауап нұсқалары келесідей: A) QÈR = I; B) I ⸦ R; C) I ⸦ Q; D) R ⸦ Q; E) Q ⸦ I.
Физика-математика бағытын-
дағы мамандықтарға түскісі келетіндер үшін түсінікті тапсырмалар, ал айталық, лингвистика, мәдениеттану, туризмге түсетін талапкерлердің шартты есепті шешуі мен иррационал санды білуі немесе түбір астын табуы өз саласы бойынша магистратураға дайындығын көрсете ала ма?
Магистратураға бекітілген түсу талабы басым бөлігіне бірдей болғанымен, кейін оқитын, жетілдіретін саласы сан қилы. Жас ғалымдар альянсының жетекшісі, докторант Әсия Ермұхамбетова біздегі көп таңдаулы тестілеулердің басты проблемасы – оның мазмұнында екенін айтады. «ҰБТ-дағы әншінің костюмі, пәленшенің иті деген сынды сұрақтар – соның дәлелі. Контент мәселесі күн тәртібінен түспейтін шығар. Бакалавриатқа қабылдайтын осы бір тестілеудің айналасында, әсіресе сұрақтарына қатысты 10 жыл көлемінде түрлі шу көтерілгенін ескерсек, магистратураға енгізілген жаңа форматтағы тапсырмаларға қатысты да талай түсініспеушілік пен қателіктер кездесетініне күмән жоқ», дейді Әсия. Себебі әдетте жаңа тәжірибе бізге бейімделместен бұрын енгізіледі емес пе?
Барлық талапкерге берілетін жоғарыдағы математикалық тапсырмалардың жай-жапсарын білмекке бел буып, Ұлттық тестілеу орталығының маманы Айнаш Оспановамен сөйлестік. Оның айтуынша, бұл тапсырмалар 6 сыныпқа дейінгі математикадан алынған. Сондықтан оны барлығы білуі тиіс. «Былтыр ағылшын тіліндегі оқу бөліміне 21 мамандық бойынша талапкерлер осы жаңа форматта емтихан тапсырды. Сонда олардың 70 пайызы өтті. Мектептегі білім барлығына бірдей берілді. Сондықтан оны бәріне білу міндетті», дейді орталық өкілі. Тапсырмаларға қарасаң, логикалық дегенді математикалық сөзімен алмастырып алған ба дерсің. Рас, бизнес мектебіне қабылдауда алынатын GMAT тестінің түпнұсқасында тура осындай математикалық тапсырмалар бар, бірақ ол бейінді білім ордасына оқуға қабылдауды мақсат етеді. Ал біз оны бірыңғай емтиханға енгіздік. Мәселе осында болып тұр. Логиканы іске қоссақ, бұдан қарапайым сұрақ туады: магистратураға түсетін адам кемінде 22 жаста болады. Ал 6 сыныпты ол шамамен 12 жасында оқыды. Сонда 10 жыл бұрынғы білім есінде бар ма? Жақсы, еске түсіруі тиіс десек те, 6 сыныптағы біліммен мамандандырылған мектеп, колледж, тіпті бакалавриат та емес, магистратураға қабылдау қаншалықты қисынды? Сұрақ көп, жауап жоқ.