• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Тамыз, 2019

Менің Отаным–Қазақстан» слеті өтті

889 рет
көрсетілді

Жақында Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының жоспарына сәйкес «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы жүзеге асыру аясында «Менің Отаным – Қазақстан» туристік экспе­дициялық жасақтардың облыстық слеті өтті. Оны Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасының «Дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы өткізді. Табиғаты тамылжыған Риддердегі олимпиадалық резервтің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі ауласын таңдап алудағы мақсат – бұл жерде мектеп оқушыларының экскурсиялық жорығына, оқу-тәжірибелік сабақтар өткізуіне, әртүрлі байқауларға қолайлы жағдай жасалған.

Туристік экспедициялық жасақ­тар­дың слеті үшінші рет өткізіліп отыр. Алайда, бұл жолы слетке 9 аудан мен қаладан аудандық және қалалық кезең­дердің жеңімпаздары болып табылған 210 оқушы қатысты. Іс-шараның мақсаты – балалар мен жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеу, саламатты өмір салтын насихаттау, отрядтардың туристік қызметін күшейту. Облыстық білім басқармасының «Дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы директорының орынбасары Елена Шиминаның айтуынша, әрбір қатысушы экологиялық-биологиялық және ғылыми-техникалық бағыттағы өз жұмыстарын таныстыруға, туристік шеберлікті, экологиялық мәде­ниет­ті дамыту, өңірдің тарихы мен географиясы, оқушылардың туған елге деген көзқарасын қалыптастыру жайлы ойларын толық жеткізе алуы тиіс.

Слетке қатысушылар Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығына жорыққа шығып, «Команданың визиттік карточкасы» байқауында күш сынасты. Бұл байқауда Шемонаиха ауданының «Жастар» командасы бірінші орынды иеленді. Катонқарағай ауданынан келген «Арайлы Шығыс» және Глубокое ауданынан келген «Мұрагер» командалары екінші орынға, ал Бородулиха, Алтай және Курчатовтан келген оқушы­лар жүлделі үшінші орынды қанағат тұт­ты. «Туған өлке соқпақтары» аталымы бойынша іздеу-зерттеу жұ­мыс­тары жобаларының байқауы, «Эко­ло­гиялық есеп» презентациясын қорғау, «Экологиялық соқпақ» байқауы, «Аралас туризм» кросс жорығында туған өлкенің табиғатын қорғауды мақсат тұтқан оқушылар шеберліктерін көрсете білді. Риддер, Курчатов қалалары мен Алтай, Зайсан, Бородулиха аудандарынан келген балалар да туристік экспедиция талаптарына сай білім мен біліктілік танытты.

– Шығыстың табиғаты ғажап. Бұл өңірде 2 мыңнан астам өзен-көл, бірнеше мемлекеттік қорық орналасқан. Атақты Берел, Елеке сазы қорымдары, «Қызыл кітапқа» енген құстардың саны мыңға жақын. Өңірде туристік клас­тер дамып келеді. Биылдың өзінде Кенді Алтайға екі жүз мыңнан астам турис келген. Катонқарағай ауданындағы Өрел мектебінде он шақты жылдан бері гид-рейнджерлер әзірлейтін сынып жұмыс істеп тұр. Олар шетелден келген туристерге қызмет көрсетеді. Ал мына іс-шараның маңызы зор. Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жүзеге асуда. Оқушылар өз ауданы, мекені жайлы диплом жұмысын қорғады, спорттық бағдарлама, компаспен жұмыс істеуді меңгерген, тауға шыққан кезде әріптестеріне қалай көмектесу жайлы да білуі шарт, – дейді оқушылардың білімі мен біліктілігіне сараптама жасаған Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Ханша Советханқызы.

Слеттің үшінші күні жеңімпаз коман­да­лар мен үздіктер І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен, кубоктармен және медальдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаз атанған команда Ақмола облысы, Бурабай ауданы, Қотыркөл ауылындағы, «Звездный» ла­герінде өтетін республикалық бай­қау­ға қатысады. Командалық есепте Боро­дулиха (1-орын), Катонқарағай (2-орын), Алтай (3-орын) аудандарының командалары жүлделі орындарды бөлісті.

 

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

журналист

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Риддер қаласы