• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Руханият 06 Тамыз, 2019

Театр – ұлттың ұйытқысы

6766 рет
көрсетілді

Жақында «Egemen Qazaqstan» газетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы-драматург Жолтай Жұмат-Әлмашұлының «Театр – ұлттың ар-ұяты» атты толғанысқа толы сұхбаты жарияланды. Сұхбатта халқымыздың бүгіні мен болашағындағы театрдың алар орны, соған орай өнердің бұл саласын дамытудағы өзекті мәселелер жан-жақты сөз болды.

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы әріптесіміз өз сұхбатын «Театр – ұлттың ар-ұяты» деп атаса, біз оны «Театр – ұлттың ұйытқысы» деген пікірмен толықтырғымыз келеді. Яғни қазақ халқының бүгінгі заманға ұлт ретінде аман-есен жетуіне театрларымыз үлкен үлес қосты. Бұл ретте, өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастап ежелгі атамекенінде отырған қазақтардың төтенше қиын­дықтарға кездескені бар­ша­ға мәлім. Қазақтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі ескіліктің қалдығы, мешеулік пен надандықтың кө­рінісі ретінде бағаланды. Сан ғасырлық тарихы жоққа шыға­рыл­ды.Тарихи тұлғалары аталмайтын болды. Қазақ тілі ресми қолданыстан шеттетілді.

Осындай кезде қазақтың мүд­десін қорғаған – ұлттық әде­бие­тіміз бен өнеріміз, оның ішінде, әсіресе, театр өнері болды. Яғни сол қиын уақытта қазақтың ежел­гі тарихы, шежіресі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, әні-биі, тұны­ғы лайланбаған ана тілі қазақ театрларының сахналары­нан көрініп, актерлердің аузынан естілді. Халық өз ұл­ты­на деген сағынышын, аңсап іздегенін теа­трдан тапты. Со­ған орай, жұрт­шылықтың театр­ға деген ынта-ықыласы, құрметі мен қызы­ғу­шылығы өте жоға­ры болды. Театр­дағы әрбір қойы­лымда зал көрермендерге лық толды. Олар­дың басым көпшілігі өнердің қа­ді­рі мен құнын білетін, талғамы жоғары зиялы қауым еді. Әрбір жаңа қойылымның қабылдануы сан рет талдау-талқылаудан өте­тін. Ал жаз шықса бүкіл театр айлап Қазақстан мен көршілес респуб­ликаларды аралап кететін. Жұрт барлық жерде театр артис­те­рін төбелеріне көтеріп, қарсы алатын.

Халықтың театр өнеріне деген мұндай ерекше ынта-ықы­ласы 80-жылдардың ая­ғы­на дейін созылды. Оның шет жағасын Ғ.Мүсірепов атындағы театрда жұмыс істеген кезде біз өзіміз де көрдік.

Ал еліміз тәуелсіздік алған­нан кейін бұл ынта-ықы­лас бұрынғыдан да артып, көрер­мен­дер қатары әлдеқайда қалыңдай түсуі керек еді. Өйткені бұл ке­зең­де Қазақстанның түкпір-түк­­пірінде жаңадан көптеген қазақ театрлары ашылды, театрға арнал­ған әсем ғимараттар бой көтерді. Театр мамандарын да­йындау да жүйелі қолға алынды. Театрлар орналасқан қалалық жерлерде қазақтардың саны барынша көбейді. Қазақ мектептері де көптеп ашылды. Міне, осындай жақсы жаңалықтардан кейін қазақ театрларының жағдайы жақсарып, көркемдік деңгейі биіктеп, көрермендерінің көбеюі заңды сияқты еді.

 Бірақ өкінішке қарай, бәрі керісінше болды. Қазіргі кезде қазақ халқының өз театрына ықыласы төмендеп, ыстық көңілі бұрынғыдан әлдеқайда суы­­ған сыңайлы. Бұл әсіресе, кө­рермендер қатарының сиреуінен анық байқалады. Қазір театрға келетін азды-көп­ті көрермендердің арасынан баяғыдағы зиялы қауымның төбе­сі де көрінбейді, бірен-саран­дары тегін шақыртумен әрең келеді. Ал көрермендердің басым көпшілігі арнайы ұйымдастырылып әке­лін­ген мектеп оқушылары мен студенттерден құралады. Әскери бөлімдердің сарбаздары мен курсанттарын да шұбыртып әкелетін жағдай жиі кездеседі. Мұндай жағдай мәдениеті дамыған елдер­дің театрларында ешқашан болмайды.

Егер әр театрға жылына қан­ша қаржы бөлінді, әр жаңа қойы­лымды дайындауға қанша ақша жұмсалады, қойылым сахна­лан­ған­нан кейін қанша билет сатылып, қанша көрермен келді, одан қанша пайда түсті, қанша зиян келді – осының бәрін тайға таңба басқандай есептесек, біздің айтып отырғанымыздың шындық екендігіне оп-оңай көз жеткізуге болады.

Бірақ бұл жөнінде сөз болса, «Театр пайда табатын орын емес, оның басты міндеті – халық­қа шынайы өнер туындысын ұсыну» деген сыңайдағы сылтау көлденең тартылады. Бұл пікірмен де келісу қиын. Өркениетті елдердің бәрінде кез кел­ген театр әрбір қойылымға көрер­менді көбірек әкеліп, пайда табу, еңбекақы, басқа да қажетті мәсе­лелерді сол арқылы шешу бағы­тында жұмыс істейді. Тіпті біздің Қазақстандағы жекеменшік театрлардың жұмысы да осыған негізделген.

Осыған орай мына мәселені айта кеткен жөн. «Театр қызмет­кер­лерінің еңбекақысы төмен, актерлер мардымсыз жалақы алады» деген әңгіме жиі сөз болады. Әрине, театр қайраткерлерінің еңбекақысы бүгінгі заманға сай жоғары болуға тиіс. Бірақ ол үшін театрдың жұмысы да соған сәйкес жүргізілуі керек. Ал мұндай талап жүзеге аспай, театрға көрермен келмей, табыс азайып, шығын көбейсе еңбекақы қайтіп жоғарылайды?! Актерлер жақсы айлықты қайдан алады?

Жоғарыда айтылған осы жағ­дайлар қазақ театрлары үшін бүгінгі таңдағы ең күр­де­лі мәсе­ле – көрермендер екен­ді­гін дәлелдейді. Ал сонда көрер­мен­­­дерді қалай көбейту керек? Оның ең басты жолы – тек қана көр­кемдік сапасы жоғары, ха­лық­­­тың көңілінен шығатын, қызықтыратын пьесаларды ғана сах­налау. Егер шығарма бұл та­лап­қа сай келмесе, онда режиссер қаншама жерден жанын салып жұмыс істесе де, актерлер қаншалықты күйіп-жанып ойнаса да одан ештеңе өнбейді. Әрине, мұны театрдағылардың бәрі жақсы біледі. Және мұндай әңгіме көтерілсе, «жақсы пьеса жоқ, жалпы бізде дұрыс драматург болмай тұр» деген сыңайдағы әңгіме айтады. Мен өзім бүгінге дейін 20-ға жуық пьеса жазған адаммын. Олардың басым көп­ші­лігі республикамыздағы қа­зақ театрларының бәрінде сан рет қойылған, өзбек, қыр­ғыз, ұйғыр, қарақалпақ театр­ла­рында сахналанған. Соған орай, мұндай әңгімені талай естігенмін, онша таңыр­қа­май­мын. Бірақ мәселе басқада. Әлгіндей әңгіме айтатын театр­да­ғылар қай драматургтің қандай шығармасымен танысқан, ол шығарманың кемшіліктері неде, қайта қарап, жөндейтін тұстары бар ма – бұл жөнінде бір ауыз сөз қозғамайды. Сосын біраз уақыт өткенде өздері пьеса жазып, нағыз драматургия осындай болуы керек деп сахнаға шығарады. Немесе драматургиядан хабары шамалы кездейсоқ біреулердің сапасыз пьесаларын керемет дүние деп мақтап, көрерменге ұсынады. Ал көрермендер мұндай сапасыз спектакльдегі жасанды оқиғалардан, бос, қызыл сөзден әбден жалығып, қойылымның соңына дейін әрең шыдап, сосын театрға енді қайтып келмейтіндей болып, безініп кетеді. Ал театр­дағылар болса сосын «өнерді түсінбейді» деп халықтың өзін кінәлайды.

Мұндай жағдай қазақ театрларында 2000-жылдардан басталып, күні кешеге дейін созылды. Қазір де толық жөнделді деу қиын. Оның бәрін қайталап айта беруден де пайда шамалы. Ең бастысы, бұл кемшіліктерден қалай арыламыз? Енді осы жөнінде сөз қозғайық.

Бұл ретте ең алдымен театр­ла­­рымыздың жұмысын бүгінгі нарық талабына бейімдеп, жаңа­ша жүргізуді қолға алу керек. Яғни кез келген театр сахнаға жаңа спектакль шығарумен ғана шектелмей, оған көрерменді көптеп жинап, қаржылық жағдайын жақсартуға да айрықша назар аудар­уы тиіс. Мысалы, жыл сайын бізге Ресейдің түрлі театрлары гастрольдік сапармен келіп, өнер көрсетеді. Міне, сол театрлардың кіру билеттері кемінде 10 мың теңгеден басталып, 30-40 мың теңгеге дейін, тіпті кейде одан да жоғары болады. Яғни Ресей театрлары шетелдегі гастрольдерде міндетті түрде пайда табуды көздейді.

Ал біздің театрлардың гаст­рольдік сапарлары қалай өтеді? Кіру билеті қаншадан сатылады, қанша көрермен келеді, азды-көпті болса да пайда таба ма, жоқ әлде ең болмаса жол қаржысын да өтей алмай, босқа шығындала ма? Бұл жөнінде ешқандай жерде әңгіме болмайды.

Жоғарыда айтқанымыздай, өркениетті елдердегі театрларда бұл мәселе ең алдыңғы орында тұрады. Мемлекеттен ұшан-теңіз қаржы алып, оны оңды-солды жұмсап, шығынға ұшыраса ешкімге жауап бермей, тып-тыныш жүре беру олардың түсіне де кірмейді. Оларда сахнадағы қойылым көркем туынды ғана емес, халық тұтынатын өнім деген түсінік кеңінен қалыптасқан. Соған орай жұртшылықтың сұранысы, көрерменнің талабы ерекше ескеріледі. Тақырыбы қаншалықты маңызды, көтеретін проблемасы қандай үлкен болса да, көркемдік сапасы төмен, көзіқарақты көрерменнің талап-талға­мына сәйкес келмейтін шы­­ғар­­маларды ешқашан сах­­наламайды. Тіпті бұл жөні­нен Қазақстандағы орыс театр­ла­ры­ның да ұстанымы мен талғам-талабы әлдеқайда жоғары. Бұл театрларда шынайы кәсіби драма­тургтердің алдын ала талдау-сынақтардан өткен белгі­лі шы­ғар­малары ғана сахнала­на­ды. Соның нәтижесінде орыс театр­ла­рының тұрақты көрер­мен­де­рі айтарлықтай мол.

Біздің қазақ театрларының жұмысы да осы бағытта жүруі керек. Ал сонда көрерменді көбей­ту­дің жолы қандай? Бұл мәселе біз айтпасақ та түсінікті – театр сахнасына алдын ала сараптаудан өткен, көркемдік сапасы жоғары туындыларды ғана шығару керек. Бұл ретте өркениетті елдердің тәжірибелерін пайда­лан­ған жөн. Мысалы, Ресейде Мәдениет министрлігі талдау­дан өткізіп, қабылданған пьеса­лар ғана сахнаға жолдама ала­тыны баспасөзде жарияланды. Еуропаның біраз елінде ше­тел­дік авторлардың пьесасын қою үшін тиісті орындардың арнайы рұқсаты керек. Қазақстан да осындай мәселелерді қолға алғаны жөн. Әрине, біздегі театр­лардың репертуарға пьеса таңдауына еркіндік берілген. Бірақ мұндай еркіндік мемлекет қаржысын босқа шашып, халық керек етпейтін, сапасыз шығармаларды сахналай берсін дегенді білдірмейді.

Осыған орай, болашақта Қа­зақ­­станда сахнаға шыға­тын жаңа пьесалар алдын ала бейта­рап сарапшылар мен театр сын­шы­ларының тал­дау-талқылауына салынып, жетіс­тіктері айтылып, кем­шін тұс­та­ры жетілдіріліп, сах­на­ға содан кейін ғана жолдама ал­ғаны жөн. Мәдениет және спорт министрлігінің жанын­да Театр өнері жөніндегі кеңес бар. Кеңестің мүшесі ретінде мұндай басқосуға біз де бір­не­ше рет қатыстық. Сонда бай­қа­ғанымыз, кеңестің жұмысы негізінен театрлардың алдағы жыл­дардағы репертуарына кіре­тін пьесалардың тізімін талқы­лауға ғана арналады. Ал пье­са­лар­дың көркемдік сапасы қандай, көрермендер көңілінен шығатын дүние ме деген мәселе мүлдем сөз болмайды. Тізімдегі жаңа пьесалардың ешқайсысын да қолына ұстап, оқып көрмеген кеңес мүшелері бұл жөнінде нақты пікір айта алмайды. Яғни, бұл кеңестің репертуарға ең таңдаулы, сапалы пьесаларды қосуға ешқандай ықпалы жоқ. Алдағы уақытта осы мәселені бір жүйеге түсіріп, реттесе дұрыс болар еді.

Жаңа пьесаларды қазіргі за­ман­ға сай қаламақы төлеп, сатып алуды да реттеу керек. Бұған қазір толық мүмкіндік бар. Осыдан екі жылдай бұрын «Мәдениет тура­лы» заң «әдебиетті сатып алу және тарату» деген терминмен толықтырылған еді. Соған орай Мәдениет және спорт министрлігі «Әлеуметтік маңызды әдебиетті сатып алу, шығару және тарату» атты арнайы бағдарлама қабылдады. Осындағы «сатып алу және тарату» драматургиялық шығармаларға тікелей қатысты. Өйткені министрлік жаңа пьесаларды сатып алады, сосын репертуарлық басқарма арқылы театрларға таратады. Мәдениет министрлігі 90-жылдарға дейін жаңа пьесаларды сатып алып, таратуды осындай жолмен жүргізіп келген. «Мәдениет туралы» заңға сүйене отырып, министрлік сол тәжірибенің бүгінгі заманға сай жаңа үлгісін жасауы керек. Заңға «әдебиетті сатып алу мен таратуды» енгізуге Нұрлан Оразалин бастаған драматургтер ерекше ықпал еткен еді. Енді сол жаңалықтың игілігін көруден драматургтер сырт қалмауға тиіс.

Жалпы алдағы уақытта бұл мәселенің нақты бір жүйеге түскен анық ереже-тәртібі жасалып, бекітілуі қажет. Яғни жаңа пьесаны министрлік немесе театр сатып алғанда қаламақы қалай төленеді, айырмашылықтары, мөлшері қандай болады – осының бәрі нақты, ашық көрсетілуге тиіс.

Пьеса сахнаға қойылғаннан кейін, билет сатудан түскен қаржы­ның тиісті бөлігі дра­ма­тург­терге қалай бөлінеді, бұл жө­ніндегі театрлар мен ав­торлар қоғамының міндеті, жауап­кер­ші­лігі қандай болады – мұның барлығы да заң негізінде бір жүйеге түсірілгені жөн.

Театрларымыздың болашағы жаңадан келетін жас толқынға қамқорлық жасап, қолдау көр­се­­туге тікелей байланысты. Мұн­­дай қамқорлық жас драматург­тер­ге де өте қажет. Бүгінгі таңда жас драматургтерді дайындау Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университеті мен Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына жүктелген. Бұл оқу орындарында болашақ драматург­терге Әкім Тарази, Дулат Исабеков, Смағұл Елубай, Роза Мұқанова сынды көрнекті қаламгерлер ұстаздық етеді. Біз де біраз жылдан бері осы ұстаздардың қатарындамыз. Осыған орай, қазақ театрларын жақсы, сапалы шығармалармен қамтамасыз ететін жаңа толқын өсіп келе жатыр деп толық сенім­мен айта аламыз. Мысалы, менің алғашқы шәкірттерімнің бірі – Айдана Аламанның «Жүре­гім­нің иесі» пьесасы М.Әуезов атындағы театрда қойылып, көрер­меннің көңілінен шықты. Әлішер Айтуар, Мерей Қосын, Нұржайна Жұмәділлаева, Тұр­сын­бек Кешубай, Ақмарал Әбді­халық, Мәдина Төле сияқты шә­кірт­терім де аз уақыттың ішінде шығармашылық жетіс­тік­те­рі­мен көрініп, түрлі бәйгелерге ие болды, бірнеше театрларда шығармаларын сахнаға шығарып үлгерді. Ал осы академияның түлектері Әннас Бағдат, Қолғанат Мұрат та қазір танымал драматургтер қатарында. Біз ұстаз ретінде осы шәкірттеріміз бен басқа да дарынды жастардың жаңа туындылары дер кезінде сахнаға шығып, көрермендермен көбірек жүздесе берсе екен деп армандаймыз.

Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз – біздің жоғарыда айтқан­да­рымыз шешілуі қиын аса бір күрделі мәселелер емес. Тиісті заң-ережелерге сүйене отырып, бір жүйеге түсірілсе, барлық мә­се­ле өз орнына келіп, ұлттық театр­ларымыз дамудың жаңа белесіне көтеріле беретіні анық.

Соған орай, Мәдениет және спорт министрлігі алдағы уақытта бұл мәселеге айрықша назар аударып, қажетті іс-шараларды қолға алады деп сенеміз. Бұл ретте Қазақстан Үкіметі де министр­ліктің Қазақстандағы бүкіл театрларға шығармашылық жөні­нен бағыт-бағдар беріп, ықпал жасау мүмкіндігін қазіргіден әлдеқайда кеңейтеді деген де үлкен үмітіміз бар.

 

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург

 

 АЛМАТЫ