Облыста «Мектепке жол» республикалық акциясы жалғасуда. Шараны ұйымдастырушылар – облыстық білім басқармасы мен өңірлік Кәсіпкерлер Палатасы. Бүгінгі таңда жәрдемге мұқтаж жандардың тізімі анықталды. Акция аясында 11 мыңнан астам ұл-қызды мектепке дайындау жоспарланып отыр. Аталмыш шара жыл соңына дейін жалғаспақ.
«Мектепке жол» дәстүрлі республикалық акциясы ағымдағы жылы облыс бойынша 1 шілдеде басталды. Биылғы жылы "Жүректен-жүрекке" ұранымен өткізілуде. Облыс бойынша 11 мыңнан астам оқушыны жаңа оқу жылына дайындау көзделіп отыр. Осы мақсатқа «Оқумен жаппай қамту» қорынан 25 миллион теңге бөлінген. Мұндай шараның шарапатын аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан оқушылар, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар көретін болады.
– Облыс орталығындағы осындай отбасылардың балаларына бүгінгі күні 11 миллион теңге жұмсалды. 2 миллион теңге демеушілердің қаражаты. Ал қалған 9 миллион теңге «Оқумен жаппай қамту» қорынан алынған. Барлығы алты жүз оқушыға, оның ішінде 200-і бірінші сынып оқушыларына қажетті кеңсе заттары бар сөмкелер табысталды,–дейді Көкшетау қалалық білім бөлімінің бас маманы Айнұр Жүсіпова.
Гүлмира Нұрсейітова төрт баланың анасы. Денсаулығына байланысты бүгінгі күні жұмыс істей алмайды. Ал үш бірдей баланы жаңа оқу жылына дайындауға қауқарсыз. Сондықтан, аталмыш акция аясында көпбалалы анаға дер кезінде көмек көрсетіліп отыр.
– Қолдау көрсетіп жатқандарыңыз үшін үлкен алғыс білдіремін. Мен 4 баланың анасымын. Балаларымды жалғыз өсіріп, тәрбиелеудемін. Балаларым мектепте тегін тамақтанады. Демеушілер әрқашан кеңсе заттарымен, киімдермен көмектесіп тұрады. Сондай-ақ жазғы сауықтыру лагерьлеріне демалуға барып тұрады,–дейді көпбалалы ана Гүлмира Нұрсейітова.
Биылғы акцияның ерекшелігі ұйымдастырушылар құрамына "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы да еніп отыр. Көмек көрсетуге ынта білдірген кәсіпкерлер саны да артып келеді. Атымтай жомарттар балғындардың алаңсыз білім алуына барынша жағдай жасауға талпынуда. Көңіл марқаяды.