Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ұлықтау рәсімінде негізгі он маңызды бағытты айқындап берді. Соның бірінші бағыты – халықтың табысын арттыру. Елбасы Жолдауында да халық тұтынатын тауардың ауқымды номенклатурасын игеріп, «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарға көмектесуге басымдық берілген болатын.
Бұл экспорттық əлеуетімізді көтеруге ғана емес, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру үшін де маңызды. Мемлекет басшысының тапсырмасын халыққа жеткізу мақсатында Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен аудандарда жиындар өткізілуде. Осы жиындардың барысында көптеген елдімекенде үй жанындағы қосалқы шаруашылықтар дамып жатқанының куәсі болған жайымыз бар.
Айталық, Т.Рысқұлов ауданындағы Абай ауылының тұрғыны Орынбай Бекназаров 30 жылдан бері үйінің ауласындағы 25 сотық жерді тиімді пайдаланып, таңқурай өсірумен айналысып келеді. Бұл туралы Орекең былай дейді:
– Жас кезімнен спортпен айналыстым. Институт бітіріп, қызметке араласқан соң, көбінесе автокөлікпен жүріп, қимыл-қозғалыс азайып, аз уақыт ішінде салмақ қостым. Үйленген соң байқаймын, еріншектік меңдеп барады. Сөйтіп, қимыл-қозғалыссыз өмір сүруге болмайтындығын түсіндім.
Таңертең тұрып жүгіріп те көрдім. Бұрыннан айналысқан спорт түрлерін де қолданып бақтым. Ешбірінен көмек болмады. Жан-жақты ізденіп, денсаулық туралы журналдар оқып, артық салмақтан, күйзелістен, қан қысымынан арылудың бірден-бір жолы – жеміс-жидек, көкөніс өсіру деп түйдім. Сөйтіп, бірден осы кәсіпті бастап кеттім. Алдымен бақшама алма, алмұрт ектім. Алманың маусым, шілде, тамыз, қыркүйек, қазан айларында пісетін сұрыптарын өсірдім. Ондағы ойым жылына 6-7 ай дастарқаннан жеміс үзбеу еді. Қызанақ, қияр, басқа да көкөністерді жыл бойы тұтынамыз ғой, – деді ол.
Жеміс-жидектен бөлек, сарымсақ та өсіріпті. Бәрінен де денсаулыққа таңқурай зор пайдасын тигізетінін журналдардан оқып алған Орекең жаңа кәсіптің қыр-сырын жан-жақты зерттеп барып ден қояды. Оның мол өнім беретін «Техас» деген сұрыбын тауып, бақшасына отырғызады. Қазір жыл сайын 20-25 сотық жерден 2-3 тонна өнім жинап, 3 миллион теңгеге дейін табыс тауып отыр. Таңқурайды қайда өткізем деген уайым жоқ. Өйткені тапсырыс берушілер үйінен өздері әкетеді. Жыл сайын пайдасын еселеген ол 25 сотық жердің 5 сотығына қора-жай салып, мал ұстап отыр.
Жалпы таңқурай егіп, жұмыс бастағалы жағдайы біраз жақсарып қалыпты. «Кемел» атты жеке шаруа қожалығын құрып, жылқы басын бір үйірге, қой басын екі отарға жеткізді. Осынша малды бағып отырса да, таңқурай өсіруден танбай келеді. Оны спорттың таптырмас бірден-бір ғажап түріне жатқызады.
– Таңқурай жемісін жинау нағыз дене жаттығуына жатады. Мысалы, 1 литр банкада шамамен 1000 таңқурай дәні болады. Сонда әр өнімді еңкейіп теру қаншама қимылды керек етеді. Одан басқа қырқу, суару, шөбін жұлу, сабағын байлау сияқты әрекеттер бар. Соның бәрінің балаларымды, немерелерімді еңбекке тәрбиелеудегі мәні зор. Әрі үйге әжептәуір қаржылай көмек. Алма, алмұрттың сұрыптары, барлық жеміс ағаштары 100-ден асады. Жеміс-жидек ойлы-қырлы жерлердің бәріне егілген. Ал таңқурайлардың бір өзі 20-25 метрден 60 арық немесе шамамен 0,03 га жерді алып жатыр. Бізде кәдеге аспайтын 1 шаршы метр жер жоқ. Айналасын жеміс-жидек көмкерген үйіміз көз қызықтырады, шаттандырады, демалтады. Сөзбен айтып жеткізу қиын. Ал піскен жеміс салбырап, иіліп жаныңды жадыратады, – дейді Орынбай Бекназаров.
Ол бақшадағы белсенді жұмыс қан тамырларының жақсы жұмыс істеуіне көмектесетінін медициналық-профилактикалық білімді жоғарылатудың, ізденістің арқасында білдім. Таңқураймен айналысқалы семіздіктен, қан қысымынан арылған. Бүгінде Пайғамбар жасына келсе де, таңқурайды өзі күтіп-баптайды.
Орынбай ақсақалдың отбасы жылда 200 килодай тосап жабады екен. Артылғанын сатып, пайда тауып отыр. Кәсіпкер 1 шаршы метрден 1000 теңге табуға болатынын алға тартуда. Осы тоқымдай жерге 2 шелек қи төгіп, таңқурай егіп, 2-3 шелек су құйып тұрса, ол жер міндетті түрде еңбектенген адамға мол өнім сыйлайды.
– Мұны мүмкіндігі шектеулі адам да істей алады. Он екі мүшесі сау адамдар неге қол қусырып қарап отыруы керек. Тек ниет болса болғаны, – дейді ол.
Орынбай Бекназаровтың тәрбиелеген ұл-қыздары да еңбекқор болып өскен. Ұлдары мен қыздары жоғары оқу орындарында сабақ береді. Қазір өзі меңгерген кәсіпке немерелерін баулып жүр.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жамбыл облысы,
Т.Рысқұлов ауданы