Шаршадым білем, соңғы жылдары қайдағы бір ауру айналшықтап жанымнан шықпай-ақ қойды. Биылдың өзінде ауруханада екі рет жатып шықтым. Ал аурухана – тағдыры әр басқа, өмірге деген көзқарасы мен ұстанымдары да әр бөлек адамдардың тоғысатын орны. Үнемі шалқаңнан түсіп жата бермейсің, бір кезек сыртқа шығып, аурухана есігі алдында, аулада күн сайын топтанып отыратын сол адамдармен әңгіме-дүкен құрасың. Сол әңгімелердің біріне қуанасың, енді біріне салың суға кеткендей ренжіп қаласың.
...Бүгін де күн ыстық екен. Сондықтан болса керек, төсек тартып жатпағандардың дені аурухананы айналдыра қоршай құйылған цемент іргетасқа құйрық басқан, тек Сәбит қана жапырағы мол биік қараағаш көлеңкесін сағалап, соған сүйеніп тұрып, әдеттегідей әңгіме тізгінін өз қолына алыпты.
...Облысты былай қойғанда, Алматы, Ақмола, Қостанай, Көкшетау дейсің бе, бәрін араладық қой. Жер көрдік, ел көрдік. Сол ел азаматтарымен де тіл табыса әңгімелестік. Бәрінен бұрын газет-журналдарды көбірек оқуға тура келді...
– Сонда Көкшетау қай жақта?
Мына сауалға ол да, мен де таңғалдым. Сосын әлгі дауыс шыққан жаққа жалт қарадым. Кәдімгі жиырма-жиырма бес жас шамасындағы, өңі қуқыл тартқан (сірә, ұзақ науқастанған болса керек) қазақтың қарадомалақ баласы. Алайда жүзінен имандылық ескен жылылық пен көп оқып-тоқыған парасаттылықты аңғара алмадым, қатып қалған көнтері біреу.
– Оу, жігітім, өз еліңнің жер-су аттарын, облыс орталықтары мен қала атауларын білуің керек қой... Сірә, кітап, газет оқымайтын шығарсың. Онда бәрі бар ғой, – деді Сәбит күйініп.
– Газет оқып не керек? Бәрі мынада бар, – деп жігіт манадан бері шұқылап отырған алақандай жалпақ телефонын көрсетті...
* * *
Жатар орныма келіп жайғасқан соң әр кез, әр жылдары жазған шыжбайларымды ақтарып-төңкеріп қарай бастадым. Қызықты деректер көз алдымда тұра қалды. Тоқсаныншы жылдар... Сол кездегі премьер-министрден бастап, ауыл әкімдерін, шаруашылық, кәсіпорындар басшыларын қоғамда болып жатқан өзгерістерге тап солар кінәлі болғандай сыни сипатта төпелей жазыппыз. Республикалық «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», облыстық газеттер тым еркін, тіпті асыра сілтеушілікпен ұлт тағдыры туралы жазылған мақалаларды күн құрғатпай басып жүрді. Әсіресе «Ана тілі» газетінің беделі орасан зор болды. Солай болуы тиісті де еді. Өйткені ана тіліміз жойылып кету алдында тұрды. Ал тіл дегеніміз – кез келген ұлттың басты өлшемі. Сондықтан болса керек, ұлт көсемі А.Байтұрсынұлы өткен ғасырдың басында: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – Тіл. Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады. Ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады», деп ап-анық айтып кеткен-ді.
Ал интернетке, смартфон сияқты ақпарат тарататын құралдарға жегілген бүгінгі жастарымыз ұлт мәселесі түгілі, дұрыс сөйлеу мәдениетінен де алшақтап кеткен сияқты. Тілдері шолақ, сөйлем құрастыруы түсініксіз. Анығырақ айтсақ – сауатсыз. Бүгінгі заман ғалымдары оны енді-енді айтып жатыр, яғни әр ұлттың бір-біріне ұқсамайтын өз коды болады дейді. Шындығын айтсам, біздің бүгінгі жастарымызда сол ұлттық код – ұлттың дәстүр-салты, болмысы жұқарып бара жатыр-ау деп қорқамын. Ал оны қалай байытып, ілгерілетуге болады? Бір сөзбен айтсақ, ол білім мен біліктілікке байланысты, біліктілік ең әуелі газет, кітап оқудан бастау алады.
Бұған мысал ретінде бірер дерек келтірелік. Сонау Кеңес заманы кезінде де, бүгіндері де әлемдегі экономикасы дамыған озық елдер қайсы дегенде, ғалымдар ең әуелі АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея елдерін мысалға келтіреді. Оның басты себептерінің бірі ретінде ақпарат құралдарының рөлімен байланыстырады. Шынында солай. Айталық, әр жапон орташа есеппен күніне 3,5 сағатын теледидар көруге, бір сағаттай уақытын газет-журнал оқуға жұмсайды екен. Бәлкім содан да болар, бұл ел БАҚ саны жөнінен дүние жүзінде бірінші орында тұр. Жылына жалпы таралымы 4 млрд (иә, миллиард) дана болатын 3000 түрлі газет-журнал шығады. Күн сайын газеттердің 90 пайызы үйге жеткізіледі (ал мен «Ақтөбе» газетін аптасына бір рет ғана аламын).
Жапонияда «Асахи» деген газет бар. Газет деген атау дүниеге келгеннен бері шығып келеді. Сол газет баяғыдан бері кешке және таңертең шығады екен. Соның өзінде таралымы 12,5 млн данаға жетіп жығылады.
Ал Оңтүстік Кореяны мысалға келтірер болсақ, территориялық аумағы жөнінен дүние жүзінде шағын, кішкене мемлекеттер қатарына жатады және жер асты байлығы жөнінен де жарытып ештеңе айтуға болмайды, тіпті ештеңе жоқ десек, артық айтпаған болармыз деймін. Солай бола тұра Оңтүстік Корея бүгінде Еуразия құрлығындағы үш елге – Қытай, Ресей, Қазақстанға инвестицияны көп құяды. Бұл елде темір мүлдем өндірілмейді. Әйтсе де әлемнің отыз елінен сол темірді шикізат күйінде тасымалдап, одан дайын өнімдер шығарады. Бұл елде машина өндірісі, ауыр өнеркәсіп, кеме құрастыру, бизнес мықтап дамыған. Ал оған корейлер қалай қол жеткізіп отыр? Бір сөзбен айтсақ, кітап пен газетті көп оқиды, жаңалық атаулының бәрін солардан тауып, өндіріске енгізеді.
Кітап оқу тарихы, менің зерттеп білуімше, мұхиттың ар жағындағы Америка Құрама Штаттары елінен басталған сыңайлы. Тарихқа жүгінсек, 1895 жылы сол елдің азаматтары – Тодд Бола, Рик Брукс есімді оқымыстылары баспа өнімдері мен әдебиетті кең насихаттау үшін көше кітапханаларын жасамақ болады. Қала көшелеріне кітап қоятын жәшіктер орнатады. Алғашқыда онымен ешкімнің шаруасы болмайды, біреулер күліп өтеді, енді біреулері әлгі жәшіктерге келіп, қызықтай бастайды. Көп ұзамай кітап оқитын адамдардың қатары күрт өседі. Ал сол АҚШ бүгінде технологиясы дамыған озық елдердің қатарында тұр.
Иә, солай. Мен бұл елдердегі, әсіресе Батыс Еуропадағы адами қасиет, адамгершілік туралы ештеңе айтқым келмейді. Кейбір ғалымдардың сөзіне сенсек, бұл елдер азып бара жатқан көрінеді. Осыған алаңдаған озық ойлы ғалымдары Шығыс елдері өркениетіне қарай ойыссақ деген пікірлер айтуда. Бәлкім, сондықтан да болар, қазақтың ақын-жазушылары, ғалымдары бұл мәселені ерте бастан-ақ көтеріп, арнайы мақалалар, ғылыми еңбектер жазып жүр. Ақын Ұлықбек Есдәулет былай дейді:
«Батысқа, балам, қызықпа, Батқан күн – біздің күніміз. Көкжиек деген сызықта, Сөнгенше ғана тіріміз».
Қазір әлемде интернет қолданушы адамдар саны 3,5 млрд-тан асты дейді зерттеушілер. Оның пайдасы – мысалы, бизнесті дамытуға, алыстағы туған-туыстарымен хабарласып тұруға, т.б. салаларда қарым-қатыс жасауға игі әсер ететіні рас. Алайда соның осындай пайдасымен бірге зияны да барлығын бүгінгі жастар біле ме екен?! Әй, білмейді ғой, әйтпесе бір күн емес, айлар, жылдар бойы құлаққа тығып алған микрофон адам миының қабылдау қасиетін төмендететінін айтпағанның өзінде, күндердің бір күні есту қабілеті мен айналаңдағы өзгерістерді саралауға, тануға кері әсері барлығын ғалымдар баяғыда айтып қойған-ды. Айталық, смартфон, ноутбук, планшет, тіпті теледидар экраны да адамды соқырлыққа ұшырататын көрінеді... Толедо университеті зерттеушілерінің мәлімдеуінше, экранның көгілдір жарығы сезімталдығы жоғары көз клеткасында токсинді молекулалардың түзілуіне ықпал етеді. Сөйтіп көруді нашарлатады.
Өз басым бұрын теледидардың көгілдір жарығы болатынын білмейтінмін. Ал сол телефонда да бар көгілдір жарық фоторецепторлары көздің өте қатерлі дертіне – сарғылт таптың бүлінуіне әкеп соқтырады. Бір ғана АҚШ-та бүгінгі таңда 12 млн-нан астам адам осы сырқатқа шалдыққан. Ал бізде көгілдір жарықтың, дәлірек айтсақ қалта телефоны жарығын зерттеп, оның көгілдір жарығы орны толмас зиян келтіретінін айтып жатқан мамандар бар ма?. Әй, жоқ-ау деймін...
Төлеміс МЕҢДІҒАЛИ,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты
Ақтөбе