Сейсенбі, 26 ақпан 2013 7:53
Тарихта тұңғыш әрі осы күнге дейін тек бір өзі атом қаруынан бас тартқан жалғыз мемлекет – Қазақстан атомды бейбіт мақсатқа пайдалануды, жойқын қарудан бас тартуды қандай мінберден де айтып, адамзат баласы үшін игілігі мол осы жолдан таймаған бірізді саясат ұстанып келеді. Семей сынақ алаңының зардабын шеккен қазақ даласының жарасы жазылар, бірақ әлемде ядролық сынақтар өткізу тоқталмай жатқан уақытта оны айыптамай отыру да кешірілмейтін күнә.
Сейсенбі, 26 ақпан 2013 7:53
Тарихта тұңғыш әрі осы күнге дейін тек бір өзі атом қаруынан бас тартқан жалғыз мемлекет – Қазақстан атомды бейбіт мақсатқа пайдалануды, жойқын қарудан бас тартуды қандай мінберден де айтып, адамзат баласы үшін игілігі мол осы жолдан таймаған бірізді саясат ұстанып келеді. Семей сынақ алаңының зардабын шеккен қазақ даласының жарасы жазылар, бірақ әлемде ядролық сынақтар өткізу тоқталмай жатқан уақытта оны айыптамай отыру да кешірілмейтін күнә.
Төмендегі мақала ағылшын тілінде жарық көрсе, оған әлемдік БАҚ-тар назар аударып, жариялап жатыр. Біз өз оқырмандарымыз үшін мақаланың қазақ тіліндегі нұсқасын ұсынғанды жөн көрдік.
Тарихтан сабақ алмай, оны естен шығарудың зардабы ауыр. Себебі, ол қайталануы мүмкін.
Біздер – «хибакушалар» Хиросима мен Нагасакиге тасталған атом бомбаларының құрбандары болған және көптеген жылдар бойы Тынық мұхиты мен Қазақстандағы ядролық қару сынақтарынан зардап шеккен жандармыз.
Бүгінде жер жүзінде 19 000 ядролық оқтұмсыққа ие тоғыз ел бар, яғни әлем ядролық қарудан келетін алапатты бір сәт те естерінен шығармаулары керек. Біз Солтүстік Кореяның ядролық қаруды сынақтан өткізгені туралы естігенімізде, төбе шашымыз тік тұрды. Бұл ядролық қаруды қолдану ықтималдылығын жақындата түседі.
Гуманитарлық апат
Қазіргі таңдағы ядролық қарудың көпшілігі 1945 жылғы Хиросиманы күлге айналдырған ядролық бомбадан гөрі қуаттырақ. Хиросимаға тасталған ядролық қарудың қуаттылығы шамамен 13 килотоннадай болып, 118 661 адамның әп-сәтте басын жұтты, шамамен 78 000-нан астам адамды ауыр жарақаттады. 1945 жылдың соңына қарай тағы да 140 000-нан астам адам қаза тапты. Осы қаза мен аурулардың басым көпшілігі аспанға көтерілген ауқымды отты шардың тікелей әсерінен болды. Қатты қызған алау адамдарды тұрған орындарында көлеңкелерін қабырғаларға салып күйдіріп өтті, қаланың үлкен бөлігін күлге айналдырды. Жарылыс адамдардың денелерін киімдерімен бірге бөлшек-бөлшек етіп ауаға ұшырып жіберді. Үйлер мен дүкендер, офистер қираған үйінділерге айналып, адамдар мерт болып, жұтылып кете барды. Артынан мыңдаған жанды тұншықтырып улаған, отқа ораған алапат өрт дауылы басталды. Мұның соңы майлы қара жауынға ұқсаған алып саңырауқұлақ бұлтынан түзілген радиоактивті қалдықтарға ұласты.
Тынық мұхиты аралдарындағы бірқатар атмосфералық сынақтардан кейін радиация қалдықтары аппақ ұлпа қар секілді болып жерге түсті. Балалар мәз-мейрам болып қызықтап, солармен ойнап кетті. Хиросима мен Нагасаки тәрізді басқа да аралдардың жапа шеккен тұрғындары үйлеріне дейін жайлап, сіңіп кеткен көрінбейтін радиоактивті сәулелермен демалып, ішіп-жеп, тамақтанып, уланды, қаза болды. Балалардың шаштары түсіп қалды. Олардың терілері тыртықты ісік ауруларына ұшырады. Әйелдер түсік тастады немесе өлі сәбилер туды.
Семей ядролық полигонында Кеңес Одағы 450-ден астам ядролық сынақ жасаса, оның 120-сын жер бетінде сынақтан өткізді. Осы сынақтардың жалпы қуаты Хиросимаға тасталған 2500 бомбаға тең еді. Сынақтың кесірінен 1,5 миллионға жуық қазақстандық зардап шегіп, ауруға және қазаға ұшырады, аса ауқымды жер көлемі радиациямен ластанды. Ядролық қарудың зардаптары әлі күнге дейін жергілікті тұрғындарға кері әсерін тигізіп келеді, аман қалғандардың 70 пайызға жуығы сәулеленуге ұшыраған ата-анадан туған зардап шегушілердің екінші және үшінші буын ұрпақтары.
Бүгінде біз радиоактивті ластанған материалдардың аз ғана мөлшерінің өзі генетикалық ауытқушылыққа әкеліп, көптеген қатерлі ісік-обыр ауруының түрлеріне ұшырататынын білеміз. Бұл зақымдаушы факторлар ұрпақтан ұрпаққа беріледі.
Ядролық жарылыстан кейін аспанға көтерілген шаң тәріздес бұлттан бірнеше күн бойы аспан күңгірттеніп, қызарып тұрады. Егер қазіргі қордағы жүздеген ядролық қаруды – ал бұл қазіргі арсеналдардың аз ғана бөлігі – пайдаланатын ядролық соғыс бола қалған жағдайда, күлге айналған қалалардан көтерілген түтін мен тозаң әлемге тарап, жер бетінің көп бөлігі әдеттен тыс қараңғы әрі суық болар еді. Жаһандық сол суыну көптеген жылға созылып, жауын-шашын мен маусымдық циклды бұзып, егінді жойып жіберер еді. «Шектелген ядролық соғыстан» кейінгі алғашқы онжылдықта миллиардқа жуық адам аштықтан қырылуы мүмкін. Мұндай ядролық сынақтың салдарынан болған аштықтың құрбандарына Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия және Латын Америкасы тәрізді ядролық қарудан азат елдердегі аймақ тұрғындары көптеп ұшырайды. «Қызыл крест» пен басқа да гуманитарлық көмек ұйымдарының қамтамасыз ету мүмкіндігі шектеліп, қоры тез таусылып қалатын болады.
Егер ядролық қарумен жарақтанған 9 елдің біреуі ядролық бомбаның кез келген біреуін жаруға шешім қабылдаса, планетамыздағы бірде-бір адам аман қалмайды. Адамзатқа зиянын тигізетін апаттың өмірімізде орын алмауына қалай тосқауыл қоя аламыз? «Қызыл крест» ұйымы ядролық қарусыз әлемді қамтамасыз ету үшін әлем халқы «Ядролық қаруды қолдануға тыйым салу мен оны тұтастай жою туралы келісімді тез арада ерікті түрде іске асыруы керек» деп есептейді.
Әрекет ететін уақыт келді
4-5 наурызда жүзден аса мемлекет Ослода (Норвегия) ядролық қарудың гуманитарлық салдарына бағытталған БҰҰ мекемелері мен азаматтық қоғам мемлекеттерінің тұңғыш жаһандық кеңесіне жиналады. Гуманитарлық салдары мен жапа шеккендерге тиімді гуманитарлық көмек көрсетудің мүмкін еместігін қарастыра отырып, мемлекет басшылары ядролық қаруға тыйым салу бұл апаттың қайталанбауы үшін өте қажет екенін түсінуі тиіс.
Біз мемлекеттердің және азаматтық қоғамның көшбасшыларын жаппай қырып-жоюға әкелетін ядролық апатты күтпестен, оған қазірден тыйым салу керектігіне үндейміз. Біздің өтінішіміз бен үндеуіміз басымыздан өткен сынақтан туындап отыр. Ядролық қаруға тыйым салатын уақыт келді.
Сэцуко ТЭРЛОУ,
«хибакуша» – Жапониядағы ядролық бомбалаудың құрбаны.
Кеннет МАКГИНЛИ,
Британия ядролық сынақ ардагерлері ассоциациясы.
Кәріпбек КҮЙІКОВ,
«АТОМ» Жобасының Құрметті елшісі.
Роланд ОЛДЭМ,
Муруроа мен Тату құрбандары ассоциациясының президенті.