10 тамызға дейін жыл сайынғы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына өтінім қабылданады. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Байқау әдебиет, ғылым, дизайн және бейнелеу өнері, журналистика, классикалық музыка, қоғамдық қызмет, спорт, театр және кино, эстрада, халық шығармашылығы номинациялары бойынша өтеді.
Барлық жеңімпаздарға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі және олар дипломмен, төсбелгілермен, әр номинация бойынша 600 мың тенге көлемінде ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
«Конкурсқа 29 жасқа дейінгі Қазақстан Республикасының жас азаматтары қатыса алады. Үміткер халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдар мен көрмелердің лауреаты, республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстардың жүлдегері және жеңімпазы болуы тиіс, сондай-ақ оның қызметі инновациялық болуы және тиісті сала мен жалпы қоғамның дамуына ықпал етуі тиіс», делінген хабарламада.
Сыйлық алуға кандидатураларды мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынады.
Мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер және өзге де заңды тұлғалар уәкiлеттi органға (ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитеті) мынадай құжаттарды қағаз және электрондық түрде жібереді:
1) кандидаттың жеке куәлігінің көшірмесі;
2) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша тіркеу өтінімі;
3) қолдаухат пен сыйлық алуға ізденушінің жетістіктері туралы анықтама;
4) марапаттау дипломдарының, грамоталарының, алғыс хаттарының көшірмесі (болған жағдайда);
5) кандидаттың немесе кандидат туралы мақаланың, жарияланымдардың көшірмесі (болған жағдайда);
6) кандидаттың жетістіктерін растайтын өзге де материалдар (болған жағдайда).
Марапаттау рәсiмi Қазақстан Республикасының Тәуелсiздiк күнiне орайластырылады.