Салықтық әкімшілендіру аясындағы цифрландыру салықтық тексерулерді 9%-ға қысқартып, Қазақстан бюджетінің кірістер бөлігіндегі түсімдерді 20%-ға арттыруға жол ашты. Бұл туралы Үкіметтегі баспасөз конференциясы барысында ҚР бірінші қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов мәлімдеді.
Оның айтуынша, ведомствоның басым міндеттерінің бірі - көлеңкелі экономика деңгейін ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін төмендету - ЖІӨ-нің 15-17%.
Үкімет бекіткен 2019-2021 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының аясында мемлекеттік органдар «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе отырып, салық және кеден саясатын жетілдіру және қолма-қол ақшасыз айналымдардың үлесін арттыру арқылы шағын және орта бизнес субъектілерін «көлеңкеден» шығару жұмысын жүргізуде. Жұмыстар салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыруға, ақпараттық жүйелерді біріктіруге негізделген.
«Цифрландыру бойынша қабылданып жатқан шаралар қазірдің өзінде салықтық тексерулерді 9%-ға қысқарту және бюджетке түсетін кірістерді 20%-ға көбейту түрінде оң әсерін тигізуде», деді Б. Шолпанқұлов.
Салық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру алдағы үш жыл ішінде бюджетке 1,9 трлн теңге көлемінде қосымша түсімдерді қамтамасыз етеді (2019 жылы 520 млрд теңге, 2020 жылы 623 млрд теңге және 2021 жылы 750 млрд теңге).
Сонымен қатар, халық пен бизнестің есеп айырысуының қолма-қол ақшасыз формасының көлемін ұлғайту шаралары қабылданып жатыр. Қолма-қол ақшасыз формада жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәмілелерді жүзеге асыруды ынталандыру, салық төлемдерін жеңілдету үшін салық төлеушінің электронды әмиянын енгізу мәселелері қаралуда.
Өз кезегінде ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев бизнес жүргізу рәсімдерін жеңілдету және патентке негізделген режимге көшу мүмкіндігі туралы айтып берді.
«Жалпы, патент бастапқыда жалдамалы жұмысшыларсыз өзін-өзі жұмыспен қамтыған кәсіпкерлер санатына арналған еді. Нарықтағы бизнестің негізгі үлесінде жалдамалы жұмысшылар бар және олардың айналымы патентке рұқсат етілген деңгейден асады. Біртіндеп көшу жоспарланды. Жеңілдетілген декларацияда бар болғаны 3%, ал патентте барлық салықтардың 2%-ы. Жеңілдетілген режим төмен салыстырмалы жүктемені және оңайлатылған есепке алуды топшылайды. Сондықтан біз қазір басқа режимдерге өту процедурасын ұзартудың қажеті жоқ деп санаймыз», деді Жайдар Іңкәрбаев.