Шетелдік жоғары оқу орындары қазақстандық түлектердің қалағанын, ал отандық оқу орындары бұйырғанын қабылдайды. Талапкерлердің ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуының бәсеңдеуі осы пайымға негіз болып отыр.
78 мың түлек аутсайдерлер қатарында ма?
Биыл мемлекет тарапынан бөлінген 53 785 грантқа 64 452 үміткер ғана қатысты. Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова 2019 жылғы білім грантының конкурсы өткен жылдармен салыстырғанда төмен деңгейде екенін мәлімдеді. Бұл ретте биыл 143089 оқушы мектеппен қоштасқанын да айта кетелік. Вице-министрдің айтуынша, бір грантқа орташа конкурс 1,29 адамды құрады. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысушылардың саны жыл өткен сайын азайып келеді. Ең жоғары көрсеткіш 2012 жылы тіркеліпті. Сол жылы 172 мың 762 түлек конкурсқа қатысқан. Содан кейінгі жылдардағы көрсеткіш 133 мың мен 143 мың талапкер арасында құбылып отырған. Ал 2015 жылдан бері өсім бере бастаған демографиялық нәтиже бойынша жыл сайын кем дегенде 200-250 мың түлек тестілеуге қатысуы тиіс-тін... Бірақ бұл фактор олардың грант ұту мүмкіндігі аз болғандықтан конкурсқа қатыспады дегенді білдірмейді.
2000 жылдардың басында шетелде білім жиып келген жастарға көзқарас салмақты еді. Себебі олардың қатары көп емес-тін. Сондай-ақ «шетелге тек ауқаттылар бара алады» деген көзқарас та басым түсетін. Қазір бұл тарапта кедергі жоқ. Бірі мемлекет ұсынған мүмкіндікті, енді бірі жекелеген компаниялар гранттарын пайдаланады. Кешеге дейін қажетті мамандарды шетелде оқыту мемлекетте тренд болды. Сонымен бірге шекаралас Ресей, Қытай, Қырғызстан жыл сайын қазақстандықтар үшін білім грантын бөледі. Ресейдің жоғары оқу орындары қазақстандық түлектерге 300-ге жуық білім грантын бөлетінін жыл басында хабарлап, түлектеріміздің бетін өздеріне бұрып қойды. Былтыр Білім және ғылым министрлігі таратқан мәлімет бойынша, шетелде білім алатын қазақ студенттерінің саны 30 мыңнан асты. Олардың 15 мыңы – Ресейде, 10 мыңға жуығы – Қытайда, 5 мыңы Еуропа елдері мен АҚШ-та оқып жүр. Демек, бұл шетелдік жоғары оқу орындары қазақстандық түлектерді таңдап жүріп қабылдайтынын, ал қазақстандық оқу орындары бұйырғанын қабылдайтынын байқатады.
Дамыған елдердегі демографиялық дағдарыс
Соңғы уақытта кей басылымдар «қазақстандық түлектердің шетелдік жоғары оқу орындарына көптеп шақырылуы қазақтың ерекше жаратылған дарынына байланысты» деген пікірге ден қоя бастағаны байқалады. Сарапшылар бұл Орталық Азия елдеріне тән ортақ құбылыс екенін айтады. Мәселен, биыл Еуропалық одақ, Жапония және Қытай жоғары оқу орындары Қазақстанмен бірге Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанның мектеп бітірушілері үшін де білім грантын көптеп бөле бастады. Қазір дамыған елдерде демографиялық дағдарыстың әсері сезіледі. Сондықтан бұл елдер таланттарды қолына шырақ алып іздеуге дайын.
Сарапшы Тоғжан Қожалиева шекаралардың ашықтығы бұл үдерісті тездетіп отырғанын жеткізді. «Жапония, Қытай, Ресей сырттан маман тартумен бірге ерекше қабілетті адам ресурсын сақтап қалуды стратегиялық бағыт деп қарайды. Қазақстан мамандарын сыртқа экспорттайтын елдердің қатарына қосылуға жақындай бастады. Өйткені білім гранты көбірек бөлінген салаларда да студенттердің саны жоспардан аз болып тұр. Ал ақылы білім беретін бөлімдерге студенттер қабылдау 40-85%-дың арасында екен. Жоғары оқу орнына түсуге қажет шектi деңгейдің өте төмендігі де жағдайды өзгерте алмады. Ұлттық университеттер тікелей мемлекеттің қаржыландыруымен жұмыс істеп отырғандықтан Қазақстандағы әрбір талант үшін таласуы керек», дейді Т.Қожалиева.
Толық талдау жүргізілуі тиіс
Соңғы 15 жылда орыс және қазақ тілінде білім алған түлектердің ара салмағын ҰБТ нәтижесі арқылы білуге болады. Нәтижесінде, грант бөлінер кезде «50х50» деген қасаң өлшемнің күші жойылды. Бұған қарап кейбір басылымдар «қазақ тілінде білім алатын балалардың саны өсті» деген ақпаратты жариялап та жіберді. Ал қоғам болса орыс сыныбын бітірген түлектердің басым көпшілігі Ресей немесе шетел асатынын көріп-біліп жүр. Экономист Ерлан Ибрагимов бұл көрсеткіш тек Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға өтініш берушілердің саны екенін айтады. «Қазақстандағы орта мектептерді қанша бала бітіріп шықты, олардың қаншасы Қазақстанның жоғары оқу орындарын таңдады?» деген сұраққа мемлекет тарапынан назар аударылған емес. Қанша түлек ата-анасының қаржысымен шетелде оқып жүр?» деген сұраққа ресми түрде әлі жауап берілген жоқ», дейді Е.Ибрагимов.
Қытайдың білім ведомствосына сілтеме жасаған ағылшын тілді «China Daily» басылымы жыл басында Қытайда білім алатын шетелдіктер саны бойынша Қазақстан 9 орында екенін жазды. Бұл ретте еліміз Франция, Вьетнам, Германия, Моңғолия, Ұлыбританияның алдын орап кетті. «Қытайда білім алу Жібек жолы экономикалық белдеуінде орналасқан елдер үшін сәнге айналуда. Оған Қазақстанды мысалға келтіруге болады. 2005 жылы Қытайда 781 бала білім алса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 11 764 балаға жеткен» деп жазды «China Daily». Басылымның жазуынша, ҚХР мемлекеттік кеңесі 2020 жылға қарай Қытайда білім алатын шетелдік студенттер санын 500 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Қазақстан елшіліктерінің мәліметіне сүйенсек, Ресейдің жоғары оқу орындарында 26 600 қазақстандық білім алуда. Оның 19 100-і – күндізгі оқу бөлімінде, 1700-і – халықаралық келісімшарт аясында оқып жүр. ҚХР-да 9 670 отандасымыз оқиды. Шамамен Ұлыбританияда – 4 мың, АҚШ пен Чехияда – 1 мың, Малайзияда – 1500 (Малайзияның көші-қон қызметінің мәліметі бойынша – 611), БАӘ-де – 715, Түркияда – 783, Польшада 300 қазақстандық білім алуда.
Қажетті мамандарды елде дайындау керек
«Ресей Федерациясы мен Қытайдағы жоғары оқу орындарында оқу құны да, деңгейі де бізбен салыстырғанда арзан әрі сапалы. Кырғыз еліндегі жоғары оқу орындарын таңдап жатқан ұл-қыздар да бар. Финляндия мен Иран биылдан бастап шетелдік студенттерге білім грантын көптеп бөле бастады», дейді Т.Қожалиева. Ол мәселенің түйінін алыс-жақын шетелдерге білім экспансиясын ұйымдастыру арқылы тарқатуға болатынын алға тартты. Мәселе – оқу ақысында ғана емес. Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдері әлемдік рейтингте жоғары оқу орындарының тартымдылығын арттыру бойынша алдыңғы орында. Аталған елдердің алыс-жақын елдерге білім экспансиясы бізден бұрын басталған. Шетелдердегі дипломатиялық корпустары арқылы оқу орындары жарнамасын дұрыс жүргізеді. «Мемлекет есебінен қаржыландыратын білім гранттарын көбейту мәселені шешпейді. Жоғары оқу орындары әлемдік деңгейдегі тартымдылығын арттыру үшін шетелдік түлектерге бөлінетін білім гранттарын көбейту керек. Бұл оқу орындарының танымалдылығын арттырады. Елімізде шетелдік компаниялар көп. Егер Қазақстанда тіркелген шетелдік компанияларға қажет мамандарды елде оқытуға міндеттесек, оларға қажетті мамандар елімізде дайындалар еді», дейді Т.Қожалиева.
Қазақстандық жоғары оқу орындарына шетелдік түлектерді тарту мемлекеттік деңгейде талай рет айтылды. Жыл басында Білім және ғылым министрлігі Қазақстанда 18 мың шетелдік студент оқитынын, олардың басым көпшілігі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдерден келгенін жеткізді. Алдағы бірер жылда шетелдік студенттер санын шамамен 40 мыңға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. «Жыл сайын 20 пайызға көбейтіп отырсақ, алдағы 5-6 жылда Қазақстан айтарлықтай ауқымды білім беру хабына айналады», дейді министрліктің баспасөз қызметі таратқан дереккөздерде.
Академик Асқар Жұмаділдаев мамандықты түлек емес, грант таңдайтынын, мамандық пен грант арасындағы «аламан бәйгеде» гранттың бәсі басым болып шығатынын жеткізді. Ал түлектің мамандыққа бейімі мен ынтасы екінші кезекке ысырылды. Осы ретте соңғы жылдары техникалық мамандарға грант көп бөліне бастағаны белгілі. Математика немесе жаратылыстану пәндерінен төменгі сыныптарда жөнді білім ала алмаған түлек 11-сыныпқа келгенде жанталасып, тест сұрақтарын жаттап алып, қажетті балға қол жеткізеді. Бірақ әрі қарай алып кетуге қабілеті жетпегендіктен, оқуды орта жолдан тастап кетеді. «Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап бұл мәселеге мән беріліп, зерделенген жоқ. Ішкі нарық мамандық дайындауда ұсыныс пен сұранысты реттеп отыратын теңгермелі тетіктен көз жазып қалды», дейді А.Жұмаділдаев. Сондай-ақ ол білім грантын белгілейтін комиссия құрамы қоғамға құпия екенін айтады. Ғалымның сөзінше, «Қандай салаға грант көбірек бөлінді? Себебі неде?» деген сауалдардың жауабы ҰБТ қарсаңында емес, оқу жылы басталғанда белгілі болуы тиіс. Бұдан бөлек, комиссия құрамына өндіріс орындары басшылары, өңір басшылары кіргені жөн. Себебі өндіріс басшылары қанша маманның зейнет жасына жеткенін, қай салаға жастарды көбірек тарту қажеттігін орталықта отырған шенеуніктерге қарағанда әлдеқайда жақсы біледі. «Білім және ғылым министрлігі жанынан осы мәселені зерттейтін арнайы сараптамалық орталық ашатын кез келді. Мамандыққа тапсырыс берушілермен байланыс арқылы бөлінетін грант санын сұранысқа қарай реттеп отыру құзіреті жүктелуі керек. Сонда сұранысқа ие мамандар дайындаймыз. Студенттер мамандығы бойынша жұмыс таба алатынына сенімді болады. Бүгінгі таңда ағылшын тілді елдер жедел дамып жатыр. АҚШ-тың әскері де, экономикасы да қуатты, өйткені олар ақылды адамдарға жағдай жасайды», дейді А.Жұмаділдаев.
Мемлекет кадрларды даярлауға қомақты қаражат бөлуде. Мысалы, кадр даярлауға 2 жыл ішінде 234 млрд теңге бөлініп, жыл сайын 300 мыңдай жас маман жоғары және кәсіптік техникалық білім алып шығады. Алайда бүгінде жастар арасындағы жұмыссыздық ресми статистикаға сәйкес 82 400 адамды құрайды.
Түйін
Жастардың алыс-жақын шет мемлекеттердің жоғары оқу орындарына көз тігу үрдісі Қазақстанда ғана жүріп жатқан жоқ. Еліміздің орталық органдары бұл мәселенің бақылауда екенін айтқанымен, «халықаралық стандарт», «тәжірибе», «қалыпты жағдай» деп өзімізді өзіміз сендіріп отырғанда, болашақта негізгі жұмыс күшіне айналатын буыннан айырылып қалмасақ болғаны. Бұл – қаперге алатын мәселе.
АЛМАТЫ