Елімізде салық органдарын қайта құру тоқсаныншы жылдардың басында нарықтық экономикаға көшумен сабақтаса жүргізілді. Сөйтіп Қазақ КСР Президентінің 1991 жылғы 9 шілдедегі Жарлығымен Қазақ КСР Басты мемлекеттік салық инспекциясы құрылды. Биыл салық қызметінің құрылғанына 28 жыл толып отыр.
Жалпы, 1991 жылға дейін салықтар бөлу-фискалдық функциясын орындағанын, өндіріс тиімділігінің өсуін, жаңа технологияларды енгізуді, тауар өнімін шығаруды ұлғайтуды ынталандырмағанын атап өту қажет. Салық төлеуші жұмысының тиімділік дәрежесіне қарамастан, салықтар бюджетке автоматты түрде аударылған болатын.
Біз АҚШ, Ұлыбритания, Германия және басқа да дамыған елдердің тәжірибесін зерттеп көрдік, бұл зерттеулер салық жүктемесі салық төлеушінің тиімділігі және табыстылығымен мөлшерлес болуы тиіс екенін көрсетті. Біздің алдымызға нарық талаптарына сай, өндірісті дамытуға мүмкіндік беретін Салық кодексін әзірлеу нақты міндеті қойылды. Осылайша ТМД елдері арасында алғаш рет Қазақстанда 1995 жылғы 24 сәуірде Салық кодексі қабылданады. Бұл салық салудың кеңестік жүйесінен айтарлықтай ерекшеленетін жаңа жүйе құруға бағытталды. Жаңа құжат бойынша салық пен алымдар саны 55-тен 11-ге дейін қысқарды. Қазіргі қолданыстағы салық заңнамасында сабақтастық сақталғанын, яғни ел экономикасын дамыту үшін жағдай жасайтын 1995 жылғы салық салудың барлық базалық қағидаттары сақталғанын атап өткен жөн.
Салық реформасы жүргізілгеннен кейін бюджет түсімдері айтарлықтай артты. Алайда, мемлекеттік қазынаны толықтыру кезінде біз салықтық әкімшілендіру қиындықтарына тап болдық. Ел енді ғана тәуелсіздік алған уақыт, экономикалық дағдарыс күшейіп, инфляция бір жыл ішінде 2000 %-ға жетті. Соған қарамастан, еліміздің салық жүйесі жылдан-жылға жетілдіріліп отырды. Бұл істе бай кәсіби тәжірибесі бар салық қызметі органдары ардагерлерінің еңбегі зор.
2008 жылғы 14 қаңтарда Қаржы министрлігі Салық комитетінің көмегімен салық қызметі аумақтық органдары ардагерлерінің қатысуымен «Салық қызметі органдарының ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің съезі өткізілді. Онда съезге қатысушылар ардагерлер ұйымын құру туралы шешім қабылдады. 2008 жылғы 13 ақпанда «Салық қызметі органдарының ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Әділет министрлігіне тіркелді. Барлық облыстарда, Астана мен Алматы қалаларында бірлестіктің филиалдары құрылды, Ұйымның жарғысына сәйкес қоғамдық бірлестіктің филиалы туралы ереже мен бірлестіктің жарғысы бекітілді. 11 мүшеден тұратын атқарушы комитет және «Салық қызметі органдарының ардагерлері» РҚБ президенті сайланды. Ұйымның жұмысы Мемлекеттік кірістер комитетінің аумақтық органдарының кадр бөлімшелерімен келісіліп әзірленген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылады. Салық қызметі органдарының ардагерлер ұйымының жалпы саны 2019 жылдың 1 ақпанында 1500-ден астам адамды құрады.
Қоғамдық бірлестік жұмысындағы басым бағыттар – ең алдымен, ардагерлер арасындағы қарым-қатынас, қажет болған жағдайда құқықтық, моральдық және материалдық көмек көрсету, жас қызметкерлерге патриоттық және адамгершілік тәрбие беруде МКК департаменттерімен өзара тығыз іс-қимыл. Облыс бойынша ұйым ардагерлері жас қызметкерлерге тәлімгер болып, қызметкерлерді кәсіби даярлау және бұқаралық ақпарат құралдарында МКК департаменттерінің оң имиджін қалыптастыру шеңберінде сабақтар өткізеді. Азаматтардың құқықтық тәрбиесіне және қоғамдық өміріне біздің филиалдарымыз орналасқан қалалардың аумағында қатысады.
Облыс бойынша ардагерлер Nur Otan партиясы фракциясының өкілдері ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және партиялық бақылау жөніндегі түрлі комиссиялардың құрамына кіреді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестердің мүшелері болып саналады. Қазіргі уақытта қол жеткен жетістікпен тоқтап қалмауымыз керек. Әлемдік дағдарыс пен тұрақсыз халықаралық жағдай осы күрделі кезеңде қиындықтарды еңсеру мен өмір сүру үшін біздің алдымызға маңызды міндеттер қояды. Біз, салық қызметінің ардагерлері, қазір де мемлекеттік салық қызметтерін жақсарту және парасатты салық төлеушілерді қолдау бойынша салық саласында шетелдердің неғұрлым тиімді тәжірибесін енгізуге тиіспіз деп есептейміз.
28 жыл ішінде республикада оң саяси және экономикалық өзгерістермен қатар салық салу жүйесіне байланысты мәселелердің ауқымы өзгеріп, айтарлықтай реформаланды. 2014 жылы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті құрылды, оған салық және кеден қызметтері біріктірілді. Бұрын 2 комитет қазынаны толықтыру мәселелері бойынша белсенді іс-қимыл жасаса, қазір комитетке біріктірілген қызметтің тиімділігі артты. Салық қызметінің ардагерлері Мемлекеттік кірістер комитетін құру жөніндегі жаңалықты қуана қабылдады. Жұмыс бизнестің дамуына кері әсерін тигізбейтін өркениетті тәсілдерді ескере отырып, тиімді әрі үйлесімді түрде жүргізілетініне сенімдіміз.
Мемлекеттік кіріс органдары 2025 жылға қарай ІЖӨ-ге қатысты қатынаста салықтардың жиналуын 25%-ға дейін арттыруды көздеп отыр. Салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру есебінен 2025 жылға қарай түсімді 5,5 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланған.
Салық және кеден ақпараттық жүйелерін біріктіру Қазақстан аумағында импорттан немесе өндірістен бастап түпкілікті сатуға дейінгі тауар қозғалысының толассыз мониторингін жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Мұндай жүйе көлеңкелі экономиканың үлесін қысқартуға, сондай-ақ тауарларды жеткізудің барлық тізбегін бақылай отырып, ел бойынша тауарлардың бағасын белгілеуді талдауға мүмкіндік береді. Тағы бір жетістік ретінде үлкен деректер массивін талдау негізінде жүргізілетін және салық төлеушілерді санаттауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған жүйені атауға болады. Осындай бағалаудың нәтижелері бойынша парасатты салық төлеушілер үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Бүгінде мемлекеттік кіріс органдары уақытпен бірге дамып, нарық сын-қатерлеріне батыл жауап беретін кәсіби қызмет. Салық декларацияларының 85%-дан астамы электронды түрде ұсынылады, мемлекеттік қызметтердің 90%-ы онлайн түрде көрсетіледі.
Бүгінде еліміздегі салық жүйесінде әлемде бар ең озық заңнамалық құрылымдар қолданылады. Егер салық жүйесіне енгізілген заманауи құрылымдар туралы айтатын болсақ, еліміз әлем бойынша алдыңғы қатарда тұр.
Соңғы жылдары әкімшілендіруде талдау мен инновацияға, бизнесте түсінікті және ашық іскерлік орта құруға баса назар аударылуда. Осылайша МКК бақылау жұмысының тұжырымдамасы қайта қаралды, талдау бөлігіне және жаңа ақпараттық технологияларды енгізуге басымдық берілді. Бұл бизнесті тексеруді азайтуға және бақылау-қадағалау қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Жалпы адал салық төлеушілерге қатысты әкімшілік жүктемені адал емес салық төлеушілерді бақылауды күшейту есебінен төмендету мәселесі шешілді.
Мемлекеттік кірістер комитеті қызметкерлерінің күш-жігерінің нәтижесінде 2018 жылы бюджеттің барлық деңгейі бойынша кірістер жоспары асыра орындалды (Мемлекеттік бюджет – 102,5%, республикалық бюджет – 102,3%, жергілікті бюджет – 103%). Бюджеттің кірісі (трансферттерді есепке алмағанда) 8,2 трлн теңгені құрады, бұл жоспардан 194 млрд теңгеге артық. Былтыр республикалық бюджетке 5,8 трлн теңге түсті. Бұл да жоспардан 130,3 млрд теңгеге артық, 2017 жылғы көрсеткіштен 836 млрд теңгеге көп екенін айта кетейік.
Былтыр Ұлттық қорға 5,8 трлн теңге түсті, оның 3,2 трлн теңгесі – мұнай секторы ұйымдарынан түсетін тікелей салықтар түсімдері есебінен, 2,5 трлн-ы – инвестициялық кіріс есебінен, 21,6 млрд теңге қаржы басқа түсімдер есебінен болды. Бұл Мемлекеттік кірістер комитеті мамандарының заман талаптарына сай білікті жұмыстарының нәтижесі деуге болады.
Биыл Мемлекеттік кірістер комитетінің құрылғанына бес жыл толмақ. Жалпы, мемлекеттік орган қызметкерлері мемлекеттік қазынаны толтыруға сүбелі үлес қосуда.
Алданыш НҰРЫМОВ,
экономика ғылымдарының докторы, «Салық қызметі органдарының ардагерлері» РҚБ президенті