Арыс қаласындағы айтып келмеген апат Арқа жұртын бей-жай қалдырмады. Төтенше жағдай туралы ақпарат жеткен бетте Қарағанды облысы алғашқылардың бірі болып арыстықтарға қол ұшын беруге асыққан болатын.
Жарылыс болған күннің ертеңінде-ақ кеншілер астанасының әуежайынан 10 тоннадан астам гуманитарлық жүк тиеген ұшақ Түркістан облысын бетке алып ұшып шықты. Қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей болған бұл шарапатты істі Арыс халқы әрдайым ризашылықпен еске алып жүрері сөзсіз.
Күні кеше Қарағанды облысының құрыш қолды құрылысшылары Арыс қаласында жүргізген жөндеу және құрылыс жұмыстарын толықтай аяқтап, үлкен абыроймен үйлеріне оралды. Олар бір айға жуық уақыт ішінде қыруар іс тындырып, 519 пәтер мен 72 жекеменшік үйді жөндеуден өткізді.
Жалпы, алапат жарылыстан зақымданған тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына облыстың 20-дан астам құрылыс фирмасы атсалысқан екен. Төрт жүзге жуық жұмысшы күн-түн демей еңбек етіп, мойынға алынған міндетті абыроймен орындап шықты.
– Біз мұнда 28 маусымда келген болатынбыз. Бұл жұмыстарға әртүрлі құрылымдар мен 25 мердігерлік ұйым тартылды. Әрбір бекітілген үй бойынша іс-шаралар жоспары жасалды, – деді Қарағанды облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Тайхан Қалмаханов.
Айта кету керек, жөндеу жұмыстарында жүрген мердігерлер Арыс тұрғындарының трагедиясын жүрекпен сезініп, апаттың салдарын жою ісіне бар ынта-шынтасымен кіріскен болатын. Сондай мердігердің бірі – «Жилкомхоз-2030» ЖШС директорының орынбасары Талғат Қасымханов қайырымдылық шарасынан қалыс қалмай, сауапты іске өздерінің де сүбелі үлес қосқандықтарын орынды мақтан етті.
– Біз көпқабатты 11 үйге жауапты болдық. Қажетті жөндеуден басқа, тұрғындардың өтініш-тілектерін орындадық. Біздің мамандармен бірге жергілікті тұрғындар да тізе қоса жұмыс істеді. Жалпы, Арыс қаласындағы жөндеу жұмыстары кезінде 200-ге жуық адамды қабылдап, қолдан келген көмекті көрсеттік, – дейді Т.Қасымханов.
Арыстағы тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстары барысында Қарағанды құрылысшыларына облыста болған төтенше жағдайлар кезінде жинақтаған жұмыс тәжірибесі көп көмегін тигізіпті. Бұл турасында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Тайхан Қалмаханов былай дейді:
– 2015 жылы Қарағанды облысының біраз елді мекендері су тасқынынан қатты зардап шекті. Сол кезде топан су құрсауында қалған тұрғындарға жедел түрде көмектесу керек болды. Біздің құрылысшылар дала жағдайында жұмыс істеуге сол кездері төселіп алды. Біз үшін мұндай жағдай үйреншікті шаруа деп айтуға болады.
Қарағандылық құрылысшылар Арыс қаласында көпқабатты үйлерді жөндеумен ғана айналыспай, жұмыс барысында туындаған мәселелерді шешу үшін тұрғындар арасында қабылдау да жүргізіпті. Мұның өзі адамдардың ұсақ-түйек мәселелерге бола штабқа барып әуре болмай-ақ, шаруасын үйінің маңында жүріп-ақ шешуіне игі ықпалын тигізген.
Қарағандылықтардың Арыс тұрғындары үшін жасаған тағы бір жақсылығын айтпай кетуге болмас. Арқа азаматтары өз бастамалары бойынша жергілікті жұртқа демеушілік қаражат есебінен спорт алаңын жабдықтап беріпті. Мұндағы дене шынықтыру жаттығулары үшін қажетті спорттық құралдар көпқабатты үйлер тұрғындарының көңілінен шығып, олар қарағандылық қайырымды құрылысшыларға деген алғыстарын шын жүректен жаудырған.
Жалпы, Арыстағы Қарағанды облысы әкімдігі ұйымдастырған штабтың жұмысына жергілікті тұрғындар дән риза болып, жоғары баға берген. Штабтан бөлек мұнда өңірден келген техникалық қадағалау ұйымдары мен мемлекеттік органдардың өкілдері де ортақ іске өздерінің үлесін қосқанын айта кеткен ләзім.
Сөйтіп қиын жағдайда Арыс халқына қол ұшын берген қарағандылықтар оңтүстіктен осылайша алғыс дейтін мол олжамен оралды.
Қарағанды облысы