Мамлютка қаласындағы үйлердің бірінің қорасынан 39 жастағы әйел мен оның 3 жасар қызының мәйіттері табылды.
Облыстық департамент полициясының баспасөз орталығының мәлімдеуінше қылмыскер әйел мен қызын пышақтап өлтіріп, бірден ізін суытқан. Ал марқұмдардың жансыз денелерін учаскелік полицей тауып алған.
Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 25 жастағы жігіт ұсталды. Ол марқұмның танысы екен. Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қайғылы оқиғаның орын алуына тұрмыстық кикілжің себеп болған. Жігіт бұған дейін бірнеше рет әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған екен. Тәртіп сақшылары оны Петропавл қаласында құрықтады.
«Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 99-шы бабының 2-ші тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Ұсталған азамат Мамлют аудандық полиция бөлімінің уақытша тергеу изоляторына қамалды», дейді баспасөз орталығының бас маманы Нұрбек Баекин.
Солтүстік Қазақстан облысы