• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Тамыз, 2019

Маусымдық аллергияны жеңілдетудің қандай жолдары бар

4620 рет
көрсетілді

Жыл сайын жаз айларында дәрігерлерге маусымдық аллергияға шағымданған адамдардың саны күрт көбейеді. Әсіресе өсімдіктер гүлдейтін шілде мен қазан айларының аралығында аллергия симптомдары өрши түседі. Көп жағдайда көзі, мұрны мен тамағы бітеліп, өзін әлсіз сезінген шағымданушылар тұмау кезіндегі симптомдарды сезінуі мүмкін. Маусымдық аллергиямен қалай күресуге болады? Дәрігерлер не дейді?

Қазақстанда аллергиясы бар адамдар дәріханалардан дәрі-дәрмекті рецептісіз алуына болады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бұйрабекова мәлімдеді.

«Бұған дейін дәрі-дәрмекті сату жолын күшейттік. Дегенмен қазір аллергия маусымы болғасын тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін жеңілдеттік. Енді тұрғындар кей дәрі-дәрмек түрін дәрігердің рұқсатынсыз сатып алады» деді Л. Бұйрабекова. Бұл аллергияға шалдыққан адамдардың жағдайын уақытша жеңілдеткенімен, айығып кетуіне көмектеспейді.

Мамандар дер кезінде қаралып, аурудың алдын алу керек екенін айтады. Себебі, аллергияның соңы созылмалы демікпеге ұласып кетуі мүмкін. 

«Аллергияны нақты қай өсімдік тудыратынын анықтау үшін лабораторияға қан талдауын тапсыру керек. Мысалы шілде-тамыз айларында далалық өсімдіктерден жусан гүлдейді, оның  тозаңы адамдардың мұрнына, көзіне түсіп аллергия тудырады. Аурудың өршіп тұрған кезінде ешқандай ем нәтижесін бермейді», дейді дәрігерлер. «Толық емді қыс айларында алу керек. Ал қазір түшкіру, мұрын бітелу, көздің жасаурағанын уақытша жеңілдетуге болады. Жалпы қыста емделген науқас толығымен айығып кетпеуі мүмкін. Тек келесі жазда аллергиядан жеңіл өтеді».    

Маусымдық аллергияны жеңілдету үшін не істеуге болады?

Айтпаса да түсінікті болғанымен, аллергендерден қорғану – мамандар беретін ең алғашқы кеңес. Ол үшін төмендегі кеңестерге көңіл бөліңіз.  

Ыстық немесе желді күні сыртқа шықпауға тырысу керек. Далаға шығатын ең қолайлы ауа райы жаңбырдан кейін, жаңбыр ауаны тозаңдардан тазартады. Үйге кіргенде сыртта киген киімді бірден шешіп, суға түсу керек. Осылайша дене мен шашқа қонған тозаңдарды жоюға болады. Сүлгі мен төсек жаймаларын сыртқа жаюға болмайды. Түнде есік-терезені жауып ұйықтау керек. Ауада өсімдік тозаңы ең көп болатын кез таңертең сыртта жұмыс істемеу керек. Үй бөлмесіндегі ауаны таза ұстаған жөн. Едендерді жуып, тазартып отыру керек. Көлік пен үйде ауа кондиционерін қосып қоюға болады. Көп сұйықтық ішу қажет. Су, шырын немесе өзге де сусындар мұрын бітелгенін жеңілдетеді. Шай, сорпа немесе жылы сұйықтықтар одан да жақсы әрекет етеді. Үй ішіндегі аллергендерді жою үшін химиялық тазартқыштардан гөрі сірке суы немесе ас содасын қолданған жөн. Химиялық заттар мұрын жолдарын тітіркендіріп, симптомдарды күшейтуі мүмкін. Темекі түтінінен аулақ болу керек. Аэрозольді спрей, отын түтіні де жағдайды ушықтырады. Үй жағдайындағы ең оңай ем – бумен ингаляция жасауға болады. Бұл әрекет мұрын мен тыныс жолдарын ашып, аллергияны жеңілдетеді. Бақша жұмыстарымен айналыспау керек. Мүкін болмаған жағдайда тыныс алу жолдарын қорғайтын арнайы маска сатып алуға болады. Орманды жерде серуендемеген жөн.

Осындай кішігірім әрекеттер маусымдық аллергияны жеңілдетуге көмектеседі. Алайда дәрігерлер нақты себебін анықтау үшін қан талдауын жасатып, арнайы ем қабылдау керектігін айтады.