«Ой түстері». Бірімен-бірі жымдасып, иықтаса қатар өрілген түрлі түстер галереясы бейнеленген картина осылай аталады. Жалпы кескіні құрақ көрпені еске түсірген сурет атауына қарап, еріксіз ойға батасың. Адамның бір сәтте мың сан тарапқа құбылатын ойын біреу көркем сөзбен жеткізсе, енді біреу бояулы түспен айшықтайды.
Ойдың қай кезде қандай түске боялып жатқанын әркімнің өз іші ғана білсе керек. Автор да өз бойынан байқаған ой құбылыстарын салып отыр. Қызығы сол, картинаға қарап, түрлі бояудың арасынан сол сәттегі өз ой-түсіңді, өз күйіңді іздейді екенсің.
Ұлттық академиялық кітапханадағы біз тамашалаған белгілі қылқалам шебері Руслан Ақанаевтың жеке көрмесі 7 шілдеде ашылған болатын. Мұнда шебердің соңғы жылдары салынған жұмыстары қойылған. Аталмыш көрме Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өскелең ұрпаққа сурет өнерін насихаттау мақсатында өтіп отыр.
Р.Ақанаевтың жұмыстары «Шығыстық галерея» (Мәскеу қаласы), «Алыс әлемдер» (Вашингтон қаласы), «Has Sanat» (Астана қаласы), «Трибуна» (Алматы қаласы) галереяларында қойылған. Ресей, Германия, Франция, Америка, Канада, Қазақстан, Лихтенштейн мен Швейцарияда жеке коллекцияларда сақтаулы.
Көрмедегі назарға ілігіп, көңілге қозғау салған «Ой түстері» картинасы хақында автордың өзінен сыр тартып, блиц-сұхбат жасаған едік.
– «Ой түстері» деп өзіңіз атадыңыз ба? Себебі неде?
– Шығарма тақырыбын өзім қойдым. Маған көрінбейтін энергияларды бейнелеген ұнайды. Осы секілді «Тыныштық дыбысы», «Жұпар түсі», т.б. картиналарым бар.
– Суретті салуға көп уақытыңыз кетті ме?
– Бір айдай уақыт жұмсадым.
– «Ой түстерінде» қанша түс қолдандыңыз?
– Барлық түсті пайдаландым десем болады.
– Қай түс басым?
– Мен көбіне көк пен күлгін түсті жиі қолданамын. Мұнда да солай.
– Салу үстінде қандай көңіл күйде болдыңыз? Оның картинаға әсері болды ма?
– Көңіл күйім медиативті болды. Әйтпесе мұндай картинаны салу өте қиын болар еді.
– Картинада қара түс неге жоқ?
– Қара түс болса, «Өмір түстері» деп атар едім.
– Адам ойының түрлі күйлерін түспен бейнелеу идеясы қалай туды?
– Өз ойларымды бақылап жүрдім. Яғни өзіме эксперимент жасадым. Байқағанымды түстермен жеткізгім келді.
– Неге «өмір түстері» емес, «ой түстері»?
– Өйткені өмір ойдан басталады.
– Әлемдік аренада кімнің картинасын ерекше бағалайсыз?
– Леонардо да Винчидің барлық шығармасы ұнайды.
– Әңгімеңізге рахмет.