Премьер-Министр Асқар Мамин Қостанай облысына сапарында негізінен индустриялық және инфрақұрылымдық даму барысын қарады. Қостанай – бұрыннан кенімен, астығымен аты шыққан өңір.
Еліміз тәуелсіздік алып, экономикалық дамуға жаңа көзқарас қалыптасқаннан кейін кен де, астық та шикізат екенін, жеріміздің ішмайын жұртқа артып бере бергенмен ұзаққа шаппайтынымызды, дүниежүзілік нарықтан орнымызды ала алмайтынымызды білдік. Экономикалық дамудың бетін шикізат өндіруден өңдеу өнеркәсібіне бұрған кәсіп Қостанайдағы машина құрастыру өндірісі болатын. Жалпы, машина жасау – өнеркәсіп өндірісіндегі күрделі әрі ел экономикасының дамуына әсері де, ықпалы да зор сала. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағдарламаларында және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары бойынша машина жасау ісін дамыту Республика Үкіметі жұмысында басымдыққа ие бола береді.
А.Мамин еліміздегі осы саланың көшбасшысы «СарыарқаАвтоПром» зауытының цехтарын аралап көрді. Кәсіпорын жылына 27 мың машинаны сапқа қояды, дүние жүзіндегі мойындалған 8 брендтік автомобильдердің 50 моделі құрастырылады. 2015 жылы машина құрастыру өндірісінің көлемі 44,9 млрд теңгені құраса, 2018 жыл ол 113,5 млрд теңге болып, серпінді дамыды. «Агромаш Холдинг» зауытының өндіріс алаңында 2005 жылдан бастап 4 мың астық жинайтын комбайндар құрастырылды, сонымен қатар мұнда басқа да ауыл шаруашылығы техникалары өндіріледі. Өткен жылдан бастап өмірге жолдама алған Индустриялық аймақта қуатты «Беларусь» және «Кировец» тракторлары сапқа қойыла бастады. Оны құрастыратын зауыт құрылысының алғашқы сатысы аяқталды. Биылғы жартыжылдықта облыста машина құрастыру кәсіпорындары 97,4 млрд теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда екі еседен артық.
Жалпы, Қостанай облысында индустрияландыру қадамы шабандаған емес және бұл соңғы жылдары инвестицияға тартымдылығын да көрсетіп келеді. 2010 жылдан басталған Индустрияландыру бағдарламасы аясында облыста барлығы 150,3 млрд теңгені құрайтын 90 маңызды жоба жүзеге асты, 5,5 мың қостанайлық жұмыс орнын тапты. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов алдағы жылдары тағы да 40 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарда бар екенін айтты.
– Соның бірі Қытай Халық Республикасының СМС трансұлттық компаниясының және JAC Motors-тың «Аллюр» компаниялар тобы капиталына кіруі болып табылады. Жоба бойынша автомобиль өндірісін екі жақ кешенді дамытатын болады, әріптестер алдағы 10 жыл ішінде бірлескен кәсіпорынға 1,1 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салатын болады. Өндіріс жылына 100 мың автомобиль шығарып, жергіліктендіру деңгейі 50 пайызға жетеді, – деді облыс әкімі. Қостанайдағы жаңа Индустриялық аймақ өңір өндірісіне инвестиция тарту мен индустрияландырудың негізгі алаңына айналып келеді. 400 гектар аумақты алып жатқан онда облыс экономикасындағы басымдыққа ие машина жасау, металл өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындары орын тебеді. Қазірдің өзінде Индустриялық аймақта құны 350 млрд теңге болатын 14 жоба өмірге жолдама алу сатысында тұр.
Қазақстан мен Ресей арасындағы өнеркәсіп кооперациясын дамыту аясында «КамАЗ» көлігінің құрамдас бөліктерін шығару қолға алына бастады. Бұл бойынша екі жоба, яғни «КамАЗ-дың» арнайы техникалары негізгі белдігінің редукторлары мен құю өндірістік зауыты Индустриялық аймақтан орын алады. Қостанайдағы «Агромаш Холдинг» акционерлік қоғамы мен «КамАЗ» жария акционерлік қоғамын әріптес ететін бұл жобаларға 400 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынады.
Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» машина жасау зауытының өндіріс алаңында Үкімет басшысы Асқар Маминнің басқаруымен өткен автомобиль және ауыл шаруашылығы машиналарын құрастыруды дамыту мәселелері жөнінде өткізген мәжілісте Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Роман Скляр, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, «Astana Group» холдингінің акционері Нұрлан Смағұлов және «КамАЗ» ААҚ басқарма төрағасы С. Когогин, «China National Vehicles Import and Export Corporation» директоры Ву И, «Петербург трактор зауыты» АҚ директоры С.Серебряков, «Гомсельмаш» ААҚ бас директоры А.Новиков сөз сөйлеп, Қазақстандағы машина жасау ісінің проблемалары мен болашағына тоқталды. Машина құрастыру ісіне соңғы жылдары жаңа көзқарас қалыптасты, жаңа леп беретін, ынталандыратын бағдарламалар жүзеге асты. Соның нәтижесінде қысқа уақыттың ішінде нарықтағы бәсекені сезінетін жаңа машина құрастыру саласы қалыптасты. Қазір елімізде сатылған барлық автомобильдің 55 пайызы Қазақстанда шығарылған. Әрине мұндай деңгейге көтерілу үшін мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер жасалды. Ол миллиардтаған қаржыға түсті. Мысалы, жеңілдікпен берілетін автонесие мен лизинг үшін 4 жылда 50 млрд теңге бөлінген. Роман Скляр еліміздегі автомобиль өндірісі отандық нарықтан енді экспортқа қарай бет бұру керектігін айтты.
– Автомобиль өндірісін ынталандыру механизмі аясында экологиялық таза көлік шығаратын кәсіпорындар экспорттық қаржыландырылады. Бұл үшін олар жаңа, үздік технологиялық опперацияларға баруы, жергілікті құрастырылатын материалдарды пайдалануы, тағы басқа тиімді ізденістерге баруы тиіс. Мұның сыртында біз өзімізде автомобильдің құрамдас бөліктерінің базасын жасайтын боламыз, – деді министр Роман Скляр.
Мәжілісте ауыл шаруашылығы техникаларын шығаруға жеңілдіктер, субсидиялау мәселелері қаралды. Комбайн, тракторлар шығарылып жатыр, алайда мұның өзі еліміздегі ауыл шаруашылығы техникалары паркінің жағдайын түбірінен өзгертуге аса қуатты болмай отыр. Бүгінге дейін ауыл шаруашылығындағы трактордың 60 пайызы, комбайнның 40 пайызының 17 жылдан бері ері мойнынан түспей келеді, тозығы жеткен. Сондықтан алдағы уақытта ауыл шаруашылығы техникаларын өндіретін кәсіпорындарға жеңілдіктер қарастырылып, импорттық және отандық техникаларға берілетін субсидияларды қайта қарау ұсынылды.
Премьер-Министр Асқар Мамин мәжілісті қорытындылай келе, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізді индустрияландырудағы бастамаларының жүзеге асып келе жатқанын айтты.
– Автомобиль және ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру ырғақты дамып отыр. Мысалы, біз биыл 60 мың автокөлік өндіріп, ал 2020 жылы 100 мың автомобильді сапқа қою керектігін жоспарладық. Осы межеден шығу үшін ілкімді жұмыс істейтін боламыз. Бұл үшін инвесторлар тарта береміз, әсіресе қытайлық инвесторлармен әріптестігіміз табысты болады деп ойлаймын, – деді А.Мамин. Үкімет басшысы ресейлік инвесторлармен жұмыстар да еліміздегі машина құрастыру өндірісіне жаңа серпін беретінін атап өтті. Сөзінің соңында Премьер-Министр машина құрастыру өндірісіндегі жергіліктендіру, экспортты көбейту, ішкі нарықты сақтау сияқты көтерілген мәселелерді назарға алып, оның шешімі қарастырылатынын айтты.
Премьер-Министр Асқар Мамин Қостанайға сапарында Рудный цемент зауыты, «Баян сұлу» кондитер фабрикасы сияқты бірнеше өңдеу кәсіпорындарында болды. Қостанай ауданының «Заречное» ТШ» ЖШС алаңдарында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс жағдайын қарады. Сондай-ақ Заречное ауылында «Северный» шағын ауданына барды, онда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 279 жеке және 11 көп қабатты тұрғын үйлер салу көзделген. Бүгінде 172 үй бойынша жұмыстар аяқталған, осы жылдың соңына дейін 107 үй салынады. Премьер-Министр Рудный қаласында бірқатар жүйе құрушы кәсіпорындар – «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ Соколов карьері, Рудный цемент зауыты, «Лидер-2010» ЖШС сүт өңдеу және сүт өнімдерін шығару кәсіпорындары қызметімен танысты.
ҚОСТАНАЙ