Еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде дамудың жаңа кезеңі басталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде әділетті қоғам орнату, халықпен санаса жұмыс істеп, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуды басты нысана етіп алуы жұртшылықтың ойынан шығып, адамдардың болашаққа деген сенімдерін нығайта түсті. Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде ел ішіндегі өзекті деген мәселелердің оң шешімдерін табу мақсатымен Ұлттық кеңес құру қажеттігін айтқан болатын. Ел жұртшылығы бұл жаңа құрылымнан жыл келгендей жақсы жаңалықтар күтіп, елеңдесіп қалған еді.
Жақында Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылып, оның құрамы, Ережесі Президент Жарлығымен бекітілді. Ұлттық кеңестің құрамына жұртшылық көкейіндегі өзекті деген мәселелер жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында өздерінің ой-пікірлерін батыл айтып жүрген азаматтардың енгізілгені қуантады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қым-қуыт қиын кезеңде экономикалық реформалар жүргізуге атсалысқан Ораз Жандосов, саясаткерлер Расул Жұмалы, Сейдахмет Құттықадам, Айдос Сарым, Мұхтар Тайжан, Марат Шибұтов, Данияр Әшімбаев, Жәнібек Қожық, ел ішінде жұмыс жасап, тәжірибесі мол Қырымбек Көшербаев, Ерлан Қарин, Рауан Кенжеханұлы сияқты елдің әлеуметтік-экономикалық жай-күйін жақсы білетін азаматтар Ұлттық кеңестің құрамында болуы жаңа құрылымның өміршең болатынына сендіреді. Ұлттық кеңестің құрамын әлі де болса толықтыра түсу қажет сияқты. Әсіресе, мемлекеттің бюджеттік қоржынын толтыруға қомақты үлес қосып келе жатқан, соңғы жылдарда қарсылық білдіруші, наразы электораттардың көбірек топтасқан саласы мұнайшылардың белсенді өкілдері енгізілсе дейміз.
Ұлттық кеңестің ережесінде бұрын қабылданып, бүгінгі күні әрекетте жүрген мемлекеттік бағдарламалардың, нормативтік-құқықтық актілердің осал тұстарына сараптама жүргізу, бұл орайда азаматтық қоғамның, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың арасында сындарлы диалог орнату арқылы жұртшылық пікірін ескере отырып, шешімдер қабылдау міндеттері айқындалған. Ұлттық кеңестің өңірлерде көшпелі отырыстарын өткізіп тұру да көзделген.
Орайы келгенде бірқатар ұсыныстарымызды да білдіре кеткенді жөн санаймын.
– Өңірлердегі жұртшылықты толғандырып жүрген өзекті деген мәселелер жөнінде ұсыныстар жинақтау мақсатымен Халыққа қызмет көрсету орталықтарында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің арнайы жәшіктерін орнату қажет.
– Бос жұмыс орындарын жемқорлықтың көзіне, тамыр-таныстыққа, саудаға айналдырып жүргендердің жолын кесудің нақты жолдарын қарастыру керек.
– Шетелдік компанияларда жергілікті жұмыскерлердің азаматтық құқығының тапталмауын көздейтін заңдарды қабылдатуға күш салу қажет.
– Білім саласындағы біліксіз реформаларға тыйым салып, бастауыш сыныптарда сабақ тек ана тілімізде жүргізілуін жүйеге түсіру керек.
– Отандық өнімдердің өрісін кеңейту, жергілікті шикізатты өңдейтін кәсіпорындарға салықтық, басқа да жеңілдіктермен қолдау көрсету, жаңа туған сәбилерге міндетті түрде депозиттік есеп карталарын ашу, оған мемлекеттік қордан немесе ата-анасының жұмыс орнынан ай сайын 10 мың теңге көлемінде қаржы аударып тұру сияқты жұртшылық көкейінде жүрген басқа да мәселелерді Ұлттық кеңес отырыстарында жүйелі түрде талқылап, тиісті шешімдер қабылданса дейміз.
Қорыта айтқанда, Ұлттық кеңестен күтеріміз көп, қалың көпшіліктің көкейіндегі нақты ұсыныстар ескеріліп, ұтымды шешімдер қабылданып, нақты іске асырылып жатса, ұтарымыз да көп болмақ деген сенімдеміз.
Есберген ІҢІРБАЙҰЛЫ,
Ақтау қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы
Маңғыстау облысы