Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен дәстүрлі Тамыз кеңесі өтті. Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңнан аса делегат жиналды. Президент қатысқан конференцияда білім саласындағы негізгі бағыт-бағдар айқындалып, осыған дейінгі жұмыстарға қорытынды, алдағы күнге жоспар жасалды. Қ.Тоқаев саладағы қордаланған мәселелер мен оны шешу бойынша Үкімет пен әкімдерге, сондай-ақ тиісті министрлікке бірқатар міндет жүктеді.
Мұғалімнің еңбегі бағалануы тиіс
Ұстаздар қауымы бас қосқан ауқымды әрі маңызды жиында сөз алған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әр адамның тәрбие мен білім берген ұстаздарын қадірлейтінін айтты.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мәртебелі мамандық иелеріне деген ықыласы ерекше екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Мен де бүгін сіздермен кездесу үшін осы жиынға арнайы келіп отырмын. Ең алдымен, білім және ғылым саласының барлық қызметкерлеріне шынайы ықыласымды білдіремін. Сіздер еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек етіп келесіздер. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» деп ұлы Абай айтқандай, Ұстаз – әрқашан ілім мен ізгілікті алға қоятын тұлға. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі жұмыс. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет, – деді. Мемлекет басшысының айтуынша, сапалы білім қарқынды дамудың басты шартына айналды. Осы ретте жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу – осы күннің негізгі міндеті.
Қ.Тоқаев отандық білім беру жүйесінің үздік үрдісін сақтай отырып, бір орында тұрып қалмай, әрдайым даму жолында болу керектігін атап өтті. Президенттің айтуынша, бәсекеге қабілетті балаларды қалыптастыруда басты үміт мұғалімдерге артылады. Педагогтардың, әлбетте ата-аналардың да міндеті – еліміз үшін лайықты азаматтарды тәрбиелеу.
– Лайықты азамат – өз білімін Отанымыздың игілігі үшін жұмсайтын адам. Алдымызда тұрған құбылмалы заманда жастарымыз еңбекқор болмаса, ешқандай бәсекеге түсе алмайтынын терең түсінуі керек, – деді Президент. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жаңа ұрпақты алдағы сын-қатерлерге дайындау қажеттігін, бұл ретте балалар еңбексүйгіштік идеялары мен құндылықтары негізінде тәрбиеленуі тиіс екенін тілге тиек етті.
– Бүгінде IT мен биотехнология саласындағы революциялар адамзаттың өмірін өзгертуде. Сондықтан білім беру жүйесі жаңа өмірге тез бейімделуі қажет. Әлемдегі жетекші мектептер балалардың креативті әлеуетін дамытумен айналысады, сандық технологиялар мен нақты ғылымдарға үйретеді, – дей келе, Қазақстанның дамыған ел қатарына қосылуының кілті сапалы, қолжетімді және заманауи білімде екенін айтты. Бұл үшін осы саланың дамуына жаңа, қуатты серпін беру маңызды.
– Бұл – ең алдымен мұғалімдердің біліктілігіне, оқулықтардың сапасына, заман талабына сай инфрақұрылым мен материалдық қорға байланысты мәселелер. Аталған бағыттар бойынша тиімді жұмыс істеу қажет, яғни туындаған мәселелерді дер кезінде анықтап, оны шешудің оңтайлы жолдарын ұсыну керек. Білім беру жүйесінің сапасына теріс ықпал ететін тағы бір кедергі – ұсынылатын реформаларда педагогтардың нақты қажеттіліктерінің есепке алынбайтыны. Бүгінде мұғалімдерді кәсіби тұрғыдан дамыту Білім және ғылым министрлігінің салалық құрылымдары өткізетін курстармен және семинарлармен шектеледі. Мұндай шаралардың қажет екені түсінікті. Дегенмен, аталған курстарда мұғалімдер қауымын толғандыратын өзекті мәселелер назарға алынбай қалады, – деді Қ.Тоқаев. 2018 жылғы сертификаттаудан өткізу нәтижесінде педагогтардың 35 пайызы шекті деңгейден өте алмағанын, мұғалімнің дайындық деңгейін бағалаудың бюрократиялық, біржақты іске асырылатынын алға тартты. Мемлекет басшысы атап өткендей, жағымсыз нәтижелер жағдайында педагогтар оқу ошақтарының басшылығы тарапынан қысымға ұшырайды, себебі бағалар мектеп рейтингіне әсер етеді. Осы орайда Үкіметке аталған мәселелерді шешу бойынша шұғыл және түбегейлі шаралар қабылдауды шегелеп айтты.
– Тәрбие – сапалы білімнің негізгі арқауы, діңгегі. Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі барша білім саласы қызметкерлерінің бой түзер бағдары болуы тиіс. Еліміздің жастары өзін жеке тұлға ретінде дамытумен қатар мемлекеттің озық инновацияларға сай өркендеуіне зор үлес қосуы қажет. Бұл – қазіргі білім және тәрбие беру үдерісінің алдында тұрған маңызды міндет. Отандық білім саласы туған жеріңе, қоршаған ортаңа, өз тарихыңа құрметпен қарауға тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуі тиіс. Кең ауқымда өтіп жатқан «Бірге – таза Қазақстан!» экологиялық акциясын дәл осындай бағыттағы өте қажетті, дұрыс бастама деп санаймын. Мұндай шараларға әрқашан қолдау көрсете береміз, – деді Мемлекет басшысы. Осы ретте балаларға экологиялық таным-түсінік беру арқылы табиғатты қорғауға тәрбиелеудің маңызды екенін жеткізді.
– Мемлекеттік емес мектепке дейінгі шағын ұйымдарда тәрбие-білім беру процесі іс жүзінде жоқ. Тәрбиешілер мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт талаптарын әрдайым басшылыққа алмайды. БАҚ-тың материалдарынан біз балаларды ұрып-соғу жағдайлары туралы жиі білеміз. Үкіметке мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеудің жоғары сапасын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті, бұған қоса заңнамалық шаралар қабылдауды тапсырамын, – деген Қ.Тоқаев осыдан соң балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесіне тоқталып, оның себебі неде екенін ойлануымыз керегін тілге тиек етті.
– Орта білім беруді дамыту стратегиясын айқындау қажет. Бүгінде әлемде 12 жылдық білім беруге арналған жалпы орта білім берудің белгілі бір стандарты қалыптасты. Бастауыш сыныптарда оқыту ұзақтығын арттыру үрдісі сақталуда, әлем мектептерінің 60 пайызында білім беру 6 жастан басталады, бұл баланың ерте интеллектуалды дамуы мен әлеуметтік бейімделуіне ықпал етеді. Үкіметке білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде 12 жылдық үлгіге әбден ойластырып, бірқалыпты көшірілуін қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді Президент. Мемлекет басшысының айтуынша, кәсіптік-техникалық білім беру саласы қай бағытта қозғалып бара жатқанын түсінген абзал. «Жас маман» жобасының да баяу қадаммен жүзеге асып жатқаны алаңдатады. Аталған жобаны іске асыру тетігі толық жүргізілмеген. Мамандықтар тізімі бекітілмеген. Жобаны іске қосу үшін Үкімет нақты мерзімдерді атап, нақты әрекет алгоритмдерін ұсынуы керек.
– Тағы бір өзекті мәселе – уақыт талабы мен еңбек нарығының қажеттіліктеріне қарай арнаулы орта оқу орындарын жаңғырту. Тәжірибе көрсеткендей, қолданыстағы колледждердің материалдық-техникалық қайта жарақталуына басымдық беру – ресурстарды шығындайтын тәсіл. Сондықтан Үкіметке колледждерді ірі кәсіпорындар арқылы сенімді басқаруға көшіру, дуалды оқытуды дамыту, түлектерді жұмысқа орналастыру мәселелеріндегі стратегиялық бағдарларды айқындай отырып, типтегі ұйымдарды дамыту ісін кешенді түрде қарауды тапсырамын, – деген Қ.Тоқаев кәсіпорынның сенімді басқаруына көшірілген кәсіптік-техникалық оқу орнының жарқын мысалы ретінде Президент сайлауы қарсаңында жұмыс сапарымен барған Атыраудағы мұнай-газ саласына кадрлар даярлайтын APEC PetroTechnic колледжін атап өтті.
– Үш ауысымды және шағын жинақты мектептер мәселесінің өз шешімін табу керек. 7014 мектептің 128-і үш ауысымдық, ал 31-і апаттық жағдайда. 2019-2020 жылдары бюджет есебінен үш ауысымды оқыту проблемасын жою үшін 35 мектеп және апатты мектептердің орнына 7 мектеп салу көзделген. Тәуелсіздік жылдары барлығы 1 мың 198 мектеп салынды. Біз халық санының артуына байланысты демографиялық үрдістерді ескере отырып, мектептерді салу мен жаңғыртуды одан әрі жалғастырамыз, – деді президент. Бұл үшін мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында инвесторларды тартып, жеке мектептерді салу көзделмек. Сонымен қатар Қ.Тоқаев күн тәртібіндегі өзекті тақырып ретінде үштілді білім беру жүйесін енгізу мәселесіне тоқталды.
– Ғылыми-жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім орталықтарының кадрлық мүмкіндігіне қарай, оқушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша іске асуы тиіс. Ағылшын тілін оқытуды 2-3-ші сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5 сыныптан бастау тиімді болады деп санаймын. Ал жоғары сыныптарда жаратылыстану-техникалық пәндерді мектептердің дайындығына қарап жүргізу қажет, – деді ол. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасы жөніндегі ойын ортаға салды. Құжатта қарастырылған ұстаздарды қолдаудың кешенді шаралары ретінде сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін қосымша ақыны екі есеге өсіру, еңбек демалысының мерзімін 56 күнге дейін ұлғайту, магистр дәрежесі үшін үстемеақы төлеуді атап өтті. Сондай-ақ облыс басшыларына педагогтарды өз міндетіне жатпайтын жұмыстарға жегуді доғару керектігін қатаң ескертті.
– Ақиқатын айту керек. Бүгінде мұғалімдердің жалақысы ең төмен деңгейде қалып отыр және экономика бойынша орташа жалақының 65 пайызын ғана құрайды. Біз әлбетте мұнымен келіспейміз. Сондықтан Үкіметке білім саласына білікті мамандарды тарту және мұғалім мәртебесін көтеру мақсатында жалақыны төрт жыл ішінде екі есеге көбейтуді тапсырамын, – деді Президент. Сонымен қатар жиында қала мен ауыл балалары арасындағы білім беру теңсіздігін жеңудің маңызын тілге тиек етті. Оның ойынша, білім беру стандарттары мен бағдарламалары бірыңғай болуы тиіс. Себебі барлық балалар тұратын жеріне немесе олардың ата-аналарының әлеуметтік мәртебесіне қарамастан сапалы білімге қол жеткізуі қажет. Осыған орай, Білім және ғылым министрлігі, облыс әкімдеріне шара қолдану қажеттігін жеткізді.
– Ғылымды қаржыландыру ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Өткен конкурстардың қорытындысы бойынша гранттық қаржыландыруды бөлу Ұлттық ғылыми кеңестің жұмысын жетілдіру және толықтай алғанда ғылымды қаржыландыру ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігін көрсетті. Ғылыми ортада қаржыландыру жүйесіне сенімсіздік, сонымен қатар егде және жас ғалымдар арасында белгілі бір жіктелу байқалады. Сондықтан Үкіметке нақты тәжірибелік ұсыныстармен ғылымды мұнан әрі институттық дамыту тұжырымдасын әзірлеуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, ол бала тәрбиесінде отбасы мен ата-ананың алар орны зор екенін атап өтті. Адам бойындағы негізгі құндылықтар отбасында қалыптасатынын айта келе, ата-аналарды педагогтардың еңбегін бағалауға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңын:
– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деген сөзі бар. Осыған орай, барлық мақсат-міндеттер Үкімет әзірлеп жатқан «Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасында» толық қамтылуы тиіс. Бұл бағдарламаның жобасын халықпен кеңесіп, кеңінен талқылау қажет. Бұған қажетті ресурстар жеткілікті. Баршаңызға жаңа оқу жылында табыс тілеймін! – деп аяқтады.
ТАМЫЗ КЕҢЕСІ: БІЛІМНІҢ БҮГІНІ МЕН БОЛАШАҒЫ
Тамыз кеңесіне жиналған жұрт алдағы оқу жылында енгізілетін өзгерістер мен болашақтағы жаңалықтарды, сондай-ақ Мемлекет басшысының берген тапсырмалары қай бағытта орындалатынын баяндайтын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың сөзін асыға күтті.
Бас педагог баяндағандай, конференция – 7 тамыздан бері жер-жерлерде өткен Тамыз кеңестерінің қорытындысы. Жаңа оқу жылындағы басты жаңалық – «Педагог мәртебесі» туралы заңды қабылдау және 2025 жылға дейінгі білім мен ғылымның жаңа мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу. А.Аймағамбетов алдымен осыған дейін атқарылған істерге қысқаша тоқталды:
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту. Балаларды балабақшамен қамту 95,2 пайызға жетті. Ал барлық мектепке дейінгі ұйымдардың саны 2 мыңға өсті. Баланы балабақшаға орналастыру облыстар мен ірі қалаларда автоматтандырылған. Енді республика бойынша жолға қою керек.
Орта білім. Мектептер жаңартылған оқу бағдарламасына көшті. Мұғалімдердің 70-87 пайызы жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша курстардан өтті. Педагогтарды аттестациядан өткізудің жаңа жүйесі енгізілді. Оқушыларды қосымша білім берумен қамту көрсеткіші жоғарылай түсті.
Кәсіптік-техникалық білім. «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы жүзеге асырылды. Дуалды білім беру жүйесі 484 колледжге енгізілді. Демек, колледждердің 50 пайызында типтік оқу бағдарламасын жұмыс берушілердің қалауына қарай, кәсіби стандарт негізінде өзгертуге болады. Сондай-ақ колледждерге академиялық еркіндік жүйесі енгізілуде.
Жоғары білім. Былтыр шілде айында ЖОО-ларға академиялық еркіндік пен қаржылық дербестік беру туралы көптен күткен заң қабылданды. Шетелдік студенттердің саны 9 мыңға артып, бұл барлық ізденушілердің 4 пайызын құрады.
Ғылым. Қазақстан ғылымында нақты жетістіктер бар. Соның ішінде ғылыми еңбектер көптеп жазылды, ғалымдардың белді басылымдарға мақала жариялау белсенділігі жоғарылады.
Болашақтағы бетбұрыс қандай болмақ?
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту. Министрдің айтуынша, Елбасының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап балаларды ерте жастан дамыту бағдарламасы енгізіледі. Бүгінгі таңда 2 жастағы балаларды балабақшамен қамту мәселесі өте өзекті. «Балалардың балабақшаға бару кестесін қайта қарау қажет. 6 жастағы балаларды балабақшадан мамыр айынан бастап шығару тәжірибесін тоқтатып, тамыз айына дейін ұзарту керек. Осы уақытты балалардың мектепке дайындығына арнаған абзал. Аталған өзгерістерге сай бағдарлама әзірленеді. Кедергісіз қамту ұстанымын жүзеге асыру арқылы мүмкіндігі шектеулі балалардың балабақшамен қамтылуын әрі қарай жалғастыру керек», деді А.Аймағамбетов.
Мектепке дейінгі ұйым педагогтарының біліктілігін арттыру мен жалақысын өсіру мәселесі де күн тәртібінен түспей тұр. Елбасының тапсырмасымен аталған сала қызметкерлерінің жалақысы 28 пайызға өскен болатын. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз. «Қазір орта білім берудегі біліктілікті арттыру мен 30-50 пайыздық үстемемен жалақыны өсіру жүйесін мектепке дейінгі сала қызметкерлеріне енгізу жоспарланып отыр.
Балабақшалардың жұмыс сапасын арттыру мақсатында қоғамға жария түрде мектепке дейінгі ұйымдарды онлайн бағалау жүйесі енгізіледі», деді ведомство басшысы.
Орта білім. Бұл білім сатысында ата-аналар мен ұстаздар әліппе мәселесін жиі көтеріп жүр. «Біз әліппені қайтару керек деп есептейміз. Ол 2021 жылы, өздеріңізге жақсы таныс, қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байұрсынұлының әдістемесі негізінде енгізіледі. Әліппе сынақ өткізетін алаң емес. Сондықтан ештеңені ойдан шығармай, осы әдістеме бойынша әзірлейміз», деді министр.
Оның айтуынша, жаңартылған оқу бағдарламасына көшуді жалғастыру керек. Биыл 4, 9, 10 сыныптар осы жүйеге көшеді. Ал келесі жылы тек 11 сынып тар көшіріледі. Сонымен 2021 жылы білім берудің жаңартылған мазмұны толықтай тәмамдалады.
Кейбір пәндердің оқытылуына қатысты пікір білдірген бас педагог кәсіби бағдар беретін пән 7 сыныптан басталу керектігін, осыған орай нақты шаралар қабылданатынын жеткізді. «Шағын жинақты мектептерде бір мұғалім 5-6 пәннен сабақ береді. Сапасы қандай болады? Сондықтан мұндай мектептердің қаржыландыру жүйесін қайта қарау қажет. Екіншіден, ауылдық жерлерде кадрлар тапшылығын қысқарту үшін біз «мобильді мұғалім» қанатқақты жобасын енгіземіз», деді министр. Оның айтуынша, жаңа мектептер салынады, 5-7 жылдан кейін елді мекендер жабылып, мектептер бос қалады. «Сондықтан ауылдарда модульдік мектептер салынады, оны қажетіне қарай бөлшектеуге, ауыстыруға және мақсатқа сай пайдалануға болады», деді А.Аймағамбетов.
Ведомство басшысы баяндағандай, латын графикасына өту асықпай, кезең-кезеңімен жүргізіледі. Ал үштілділікке қатысты жұмыстар Мемлекет басшысының жоғарыда айтқан тапсырмасы негізінде жүзеге асырылады. Енді педагогтардың аттестациядан өтуі Үкімет порталы арқылы автоматтандырылады. Мұғалім өтінішін мектеп директоры мен орынбасарының қолынан өткізбейді.
Ұстаздар күткен жаңалықтың бірі: мұғалімдер енді 5 күн жұмыс істейді. Өйткені мектептер 5 күндік оқу жүйесіне көшкен. Олар алтыншы күнді өз қалауына қарай жеке уақыты ретінде пайдаланады. Тағы бір өзгеріс – оқу жетістіктерін сырттай бағалаудың енді болмайтыны. Бұл жоғары білімге де қатысты. Бірақ сырттан бақылау бәрібір болады, оның орнына тестілеу енгізіледі.
Кәсіптік-техникалық білім. «Кәсіптік-техникалық білімнің ең негізгі екі міндеті бар. Көп адам колледждер тек мамандар даярлаумен айналысады деп ойлайды. Әрине бұл – негізгісі. Ал білім берудің бұл сатысындағы маңызды міндет – әлеуметтендіру», дейді А.Аймағамбетов. Ол осы салаға қатысты «Жас маман» жобасының Президент тарапынан сынға алынуын орынды деп санайды. Ондағы негізгі түйткілдердің түйінін тарқату үшін қандай қажетті мамандықтар бар екенін егжей-тегжейлі қарау қажет. Соған сәйкес ең керекті жабдықтар алынуы тиіс.
Жиында колледждердегі жалпы мамандықтардың қатары екшелу керектігі де айтылды. Министрдің мәлімдеуінше, бірқатар ескірген кәсіп түрлері қысқартылып, оның орнына жаңа мамандықтар қосылады. Десе де кәсіп игергісі келетіндерге арналып осымен 3-ші жыл іске асырылып келе жатқан «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы жалғасады.
Президент атап өткендей, колледждерді сенімді басқаруға беру – өте маңызды. Алайда мұнда да нақты басқара алатын, ірі инвесторлар мен оқыту бағдарламаларын өзгертуге әзір кәсіпорындарды лайықты таңдау керек. Бұл өз кезегінде еңбек нарығын біліктілігі жоғары кадрлармен қамтамасыз етуге септеседі. «Колледждерді жабу мәселесі де түпкілікті зерттеуді қажет етеді. Ондағы студенттер саны аз болғаны үшін жаба салуға тағы келмейді. Мәселен, бір ауданда жалғыз кәсіптік-техникалық білім ошағы болса, балалар қайда барады? Бұл өз кезегінде кәсіпке ұмтылмайтын жеткіншектер мен жұмыссыз жастар қатарын көбейтеді», деді А.Аймағамбетов.
Жоғары білім. Гранттардың ашық әрі әділ бөлінуіне кепілдік беру мақсатында ҰБТ электронды форматта өткізіледі. «Оқушылар түрлі әдіспен жүйені «алдап соққысы» келетіні жасырын емес. Телефон алып кіреді, балды өз білімімен емес, әлдеқандай құралдардың көмегімен жинау туралы көбірек ойлайды. Сондықтан біз ҰБТ тапсыру жүйесін біртіндеп электронды форматқа көшіруді жоспарлап отырмыз», деді ведомство басшысы.
Студентке өз грантымен жағдайға қарай қалаған университетке ауысуына мүмкіндік беріледі. «Қазір, мысалы, Павлодардағы ЖОО-да грант ұтып алған студент белгілі бір уақытта Еуразия Ұлттық университетіне ауыса алмайды. Сондықтан бұл мәселені сарапшылармен бірге талқылаймыз. Грант иегері мәжбүрлікпен келесі бір қалаға көшсе, грантымен ауыса алатындай мүмкіндік қарастырылады», деді А.Аймағамбетов.
ЖОО-ға қабылдаудағы қажетсіз құжаттардың сұралатыны жақында ғана біздің басылымда көтерілген болатын. Тамыз конференциясында министр қабылдау жүйесі автоматтандырылатынын, іш пыстыратын құжаттар тізімі қысқартылатынын айтты.
«Мемлекеттік грантта оқып, бітірген түлектер өз мамандығы бойынша кемінде үш жыл жұмыс істеуі керек. Осы талаптан қашып құтылу үшін студенттер 4-курсқа өткенде гранттан өз еркімен бас тартып, ақылы оқытуға өтіп жатады. Бұл келеңсіздіктің алдын алу мақсатында бұдан былай бас тартқандарға қалған 3 жылғы оқытудың да ақысын өтеу талап етіледі», деді министр. Оның айтуынша, елімізде 86 ЖОО педагогикалық кадрларды даярлайды. Оның барлығы бірдей сапалы маман даярлауы мүмкін емес. Аталған университеттер сертификаттаудан өтеді, осының негізінде іріктеледі. Ал жалпы ректорлар қоғам алдында есеп береді. Қазақстан «Білім хабы» болуы керек. Шетелдерден студент тарту жұмысы жалғасады.
Ғылым. «Мемлекет басшысы ғылымның дамуына айрықша көңіл бөледі. Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен келесі жылы ғылымды қаржыландыруды өсіру қарастырылған. Жақында ғана Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның отырысында бөлінетін қаржы көлемі белгіленді. Алдағы міндет – ғылымның қаржыландырылуын ІЖӨ-нің 1 пайызына дейін жеткізу», деді министр.
Спикер баяндағандай, гранттардың бөлінуі бойынша Ұлттық ғылыми кеңестің (ҰҒК) айналасындағы проблемалар өзекті болып тұр. Осыған орай ҰҒК талаптарын өзгерту қажет. Өзгерістер ғалымдармен бірге талқылаудан кейін енгізіледі. ҰҒК құрамына қатысты сыни ойлар ескеріледі, онда шын мәнінде жоғары нәтижеге қол жеткізген ғалымдар болуы тиіс.
«Антиплагиат бойынша алда үлкен міндеттер тұр. Бүгінде диссертациялар отандық еңбектер қоры негізінде тексерістен өтеді. Ал оны шетелдік жұмыстан көшіріп, аударып беруі мүмкін. Сол себепті халықаралық дәрежеде антиплагиаттан өтеді», деді А.Аймағамбетов.
ҰСТАЗ БОЛУ ҮШІН ЖҮРЕК КЕРЕК
Тамыз кеңесіндегі негізгі отырыс қарапайым мұғалімдердің ұстаз туралы бір ауыз сөздері жазылған бейнероликтен басталды. Алуан пікірдің тоғысқан тұсы «Ұстаз – әрдайым жас, көңілі қартаймайды. Себебі осы бір қасиетті мамандық иелерінің айналасында балауса-балдырғандар мен жаны мөлдір жасөспірім, жастар жүреді. Ұстаз болу үшін жүрек керек», дегенге саяды.
Бұдан кейін Тамыз конференциясында білім және ғылым саласын басқару мәселелері талқыланып, инновациялық идеялар мен бастамалар ұсынылатыны айтылып, солардың бір парасын мінберден айтуға келген баяндамашыларға кезек берілді.
Педагогикалық мамандыққа түсу талаптары қатаңдатылуы тиіс
Ақмола облысынан келген алғашқы спикер, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дамир Сұрағанов Президенттің әр өңірден жиналған педагогтардың ортасына келуін білім саласына деген қамқорлыққа балады.
– Білім берудің сапасы педагогтарға ғана емес, мамандардың ата-аналармен қарым-қатынасына байланысты. Ал қазіргі ұйымдастырылатын ата-аналар жиналысына келетіндер қатары өте аз. Оның бір себебі – ата-аналардың жұмысбастылығы болса, екінші себебі – бұрыннан қалыптасып қалған ата-аналар жиналысының қазір өзектілігін жойып алуы, – деген Дамир ата-анамен жұмыс форматын өзгертіп, дебат, семинар, бетпе-бет әңгіме, тренинг түрінде ұйымдастырудың қажеттігін айтты.
Бұдан бөлек, спикер педагогикалық мамандықтарды даярлайтын жоғары оқу орындарының санын азайтып, сапаға көшіруді, сондай-ақ мемлекеттік білім гранттарын оқыту тіліне емес, жинаған балына қарай бөлуді ұсынды.
Мамандықты тастауға төмен табыс түрткі
Ал петропавлдық бастауыш сынып мұғалімі Анжелика Качкина «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасын қабылдауға пәрмен берген Елбасына барша әріптестерінің атынан алғыс айтты.
– Дәл осы заң негізінде мұғалімдердің жалақысын арттыру мәселесі қарастырылды. Педагогтардың еңбекақысы елдегі ең төмен жалақының бірі екені жасырын емес. Бала өз жолын балабақшада үлкен білім әлемінен бастайды. Мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерінің жауапкершілік жүгі ауыр. Ал олардың айлығы көңілге кірбің ұялатады, – деген баяндамашының айтуынша, тәрбиешілер бүгінде орта есеппен 76 мың теңге, бала күтуші 67 мың теңге алады. Сондай-ақ университеттерді жыл сайын тәмамдайтың мыңдаған түлектердің біршама бөлігі ғана мектеп пен балабақшаға жұмысқа тұруы да – сол төменгі табыстың әсері.
А.Качкина цифрлы технологиялар заманында өмір сүргенімізбен, жасанды инетеллект пен онлайн курстар кәсіби әрі майталман мұғалімнің орнын алмастыра алмайтынын айтады. Сондықтан педагогтың еңбегі бағалануы керек.
Ата-аналар қауымдастығын құру керек
Тамыз кеңесіне жылдағы дәстүр бойынша ата-аналар да шақырылған. Елімізде 3 миллионнан аса оқушы барын ескерсек, балабақша мен ЖОО-ларды санамағанда, ең кемі 7 млн-ға жуық ата-ана бар. Осынша өкілдің атынан сөз алған оралдық Клара Есқалиқызы жастар арасындағы құқық бұзушылықтың көбеюі, зиянды заттарға әуестенуі, ата-аналар мен ұстаздарын сыйламауы белең алып бара жатқанына алаңдайтынын, білім ошағы мен ата-ананың мәселені бірлесіп шешудің орнына кінәліні іздейтінін тілге тиек етті.
– Педагогтардың еңбегін бағалап, құрметпен қарауымыз қажет. Бала тәрбиесінде отбасының рөлі зор. Қазір барлық өңірде ата-аналарды қолдайтын ресурстық орталықтар бар. Бірақ біз келеңсіздіктердің салдарымен ғана күресудеміз. Ал отбасы құндылықтарын бала бойына жастайынан сіңіру керек. Осы мақсатта «Жас отбасы» мектебін ашуды ұсынамын, – деген ол бұған қоса ата-аналар мен ұстаздар бірігіп ата-аналар қауымдастығын құру керектігін айтты.
Ғылымды басқару ісіне жас ғалымдарды тарту керек
Қоғамда тиісті министрліктің міндеті мектеп машақатынан әрі аспай, ғылым білімнің көлеңкесінде қалып қоятыны жөнінде жиі айтылып жүр. Осы олқылықтың орны биылғы Тамыз кеңесінде толтырылғандай. Ғалымдардың атынан сөз алған Ұлттық биотехнология орталығындағы Адам генетикасы зертханасының меңгерушісі Мақсат Жабагин жас ғалымдарға мемлекет соңғы жылдары лайықты көңіл бөле бастағанын жеткізді. Оның айтуынша, алғаш рет жас ғалымдардың жобаларына үш жылға 9 миллиард теңге бөлініп отыр. Десе де ғылымды үдемелі дамыту үшін қаржыландыруды ұлғайтумен қатар, жүйелі негізде қолдау көрсету, яғни жыл сайын ғылыми жобаларды қаржыландыру бойынша конкурс өткізу маңызды.
– Өкінішке қарай қазақстандық ғылым қазір тек осыған дейін жоғалтқанын қайта түгендеумен айналысып жатыр. Мысалы, 90-шы жылдардың басында ғылыми қызметкерлер саны 50 мың адамнан асты, ал ҒЗТКЖ-ға (Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар) жұмсалатын шығындар ІЖӨ-нің 0,8 пайызын құрады. Қазір қаржыландыру 0,12 пайызбен ең төменгі шегіне жетті. Ғалымның орташа жалақысы айына 120 мың теңгеге тең. Сол себепті бүгінде ҒЗТКЖ-да тек 22 мың адам ғана жұмыс істейді, – дейді ол. Генетиктің пікірінше, осы ретте қоғам мен бизнес тарапынан қолдау арқылы ғылымды көтеруге үміт бар, бірақ бұл үшін саланың жүйелі проблемаларын шешу қажет.
– Жыл сайын ғылыми еңбектер мен монографиялар жазылады. Бірақ нәтиже нендей, берері бар ма? – деп сұрақ тастаған жас ғалым зерттеулер жемісін беру керектігін жеткізді. Сондай-ақ өз бетінше ғылымның дамуына үлес қосып жүрген жас ғалымдардың белсенділігі ретінде Жас ғалымдар альянсы мен министрлік жанынан жақында құрылған Жас ғалымдар кеңесін айрықша атап өтті. Осы орайда ол ықпалды жас ғалымдардың ғылымды басқаруға да тартылуын ұсынды.
Тараптардың татуласуы балалар құқығын бұзады
Баланың өмірін сақтау мен құқығын қорғау ісі тәрбие, білім беру саласымен тікелей байланысты. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин педагог қауымның еңбегін ерекше бағалайтынын айта келе, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Ол балалар қауіпсіздігі мен өміріне қатысты пікірлері алдағы Президент жолдауында ескеріледі деп сенеді.
Уәкіл балаларға жасалған зорлық-зомбылық жағдайының артуына істің облыстық деңгейге жетпей жабылып қалуының әсері барын айтады. Сондықтан балаларға қатысты қылмысты облыстық прокуратура қарауы керек. «Балаларға зорлық-зомбылық жасалса, тараптарға татуласу мүмкіндігін бермеу керек», деген А.Саинның айтуынша, мұндай істерге келгенде отбасыларға қоқан-лоқы көрсету немесе ақша беріп құтылу жағдайларымен бетпе-бет келіп отырмыз. Ақырында жәбірленуші тарап зардап шексе де арызын қайтарып алады. Ал балалардың құқығы таптала береді.
Қатып қалған кестемен жүреміз
Мәскеу болат және қорытпалар институты Ұлттық зерттеу технологиялық университетінің даму жөніндегі директоры Нұрлан Қиясов Қазақстанның зияткерлік мектептер жүйесін қалыптастырғанын атап өтті. Көп жылдан бері ресейлік білім беру саласында жұмыс істеген Н.Қиясов білім беру саласындағы басты проблемалардың бірі балалардың мүмкіндігі мен қабілеті түрлі болатынына қарамастан, оларға бірдей көзқараспен қарау, бағалау, үйрету екенін айтады. «Біз қатып қалған сабақ кестесімен жүреміз. Барлығын тез меңгеріп алған үздік оқушы уақытын келесі тақырып өтетін күнді күтумен өткізеді», деген ол цифрлы технологияның мүмкіндігін балалардың әрқайсысына өз деңгейіне сай тапсырма беруде, дамытуда қолдануға болатынын жеткізді.
Еленген еңбектер
Конференция соңында Президент отандық білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін бірқатар ұстазды марапаттады. Атап айтқанда, «Құрмет» орденімен – Павлодар қаласының №8 дарынды балаларға арналған мектеп-лицейінің мұғалімі Анатолий Билида, Алматы облысы Іле ауданы №13 орта мектебінің мұғалімі Гүлнар Казербаева, «Ерен еңбегі үшін» медалімен – Орал қаласы Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің мұғалімі Гүлзихан Таскарина, Түркістан облысы Кентау қаласының А.Югнаки атындағы орта мектебінің мұғалімі Дәнегүл Қуатбек, «Шапағат» медалімен – Қарағанды қаласындағы Н.Нұрмақов атындағы №2 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының мұғалімі Екатерина Нипрук марапатталды.
ТАМЫЗДАН ТУҒАН ТҮЙІН
Алда елеулі өзгерістер күтіп тұр
ХХІ ғасыр ғылым мен техниканың қарыштап дамыған заманы ғана емес, өзгерістер кезеңі болып тұр. Соған сай балаларды қалыптастыру жолында білім беру саласының ұдайы өзгеріп отыруы – заңдылық. Биылғы Тамыз конференциясынан балаларды тәрбиелеу, білім беру, оқыту жүйесінде бірқатар елеулі өзгерістер күтіп тұрғанын түсіндім.
Биылғы Тамыз кеңесі Мемлекет басшысының арнайы келіп қатысуымен ерекшеленді. Бұл – салмағы ауыр саланың жүгін көтеру мемлекеттің маңызды мүддесі, ең негізгі саясаттың басым бағытына айналғанының айғағы. Ал көңілге жылылық ұялатқаны – Қасым-Жомарт Кемелұлы әуелі білім мен ғылымдағы майталман мамандардың, сондай-ақ осы салаға қатысты қоғамдық қызметкер мен ата-аналар атынан келген өкілдің ой-пікірін тыңдап, соған сай үкімет пен облыс басшыларына шара қабылдауды шегелеп тапсыруы.
Мектеп басшысы ретінде конференцияда айтылған мұғалімдерді 5 күндік жұмыс жүйесіне көшіру туралы ұсынысты қолдаймын. Оқушылар 5 күндік оқу жүйесіне көшкендіктен, олармен жұмыс істейтін педагогтардың да кестесі соған сай болуы керек. Сондықтан сенбі күні мұғалімдер өзі қаласа келеді, бірақ жұмысқа шығу міндетті емес. Бұл – педагогтардың көптен күткен жаңалығы.
Кенже СЕРІКБАЙ,
Тұрар Жалғасбйұлы атындағы «Шайыр» орта мектебінің директоры
Маңғыстау облысы,
Маңғыстау ауданы
Ғылымға қадам басу балабақшадан басталады
Биылғы Тамыз кеңесінде ғылымды айрықша атап өту – тың өзгерістерге бағыт алғанның белгісі. Яғни, баланы оқытып, білім беріп қана қоймай, оларды ғылымға тәрбиелеу, сүйіспеншілігін туғызу, қызығушылығын арттыруды балабақшадан бастау деп түсіндім. Ғылым адам өмірінде, көбіміз ойлайтындай, докторантураға түскенде емес, бала күннен басталады. Айнала қоршаған ортаның, күнделікті тіршілік пен қарапайым судың күйін өзгертуі – бала үшін кәдімгі ғылым. Мектеп, университетте белгілі бір деңгейге күрделене түсетіні болмаса, әлемді түсіну, оның құпиясын ашу, ғылымға қадам басу балабақшадан, демек бізден басталады. Осы орайда, алдағы оқу жылында балаларды қызықтыратын тәжірибелер жасауды жаңаша түрде жалғастырмақпын.
Мектепке дейінгі білім саласында 7 жылдан аса жұмыс істеп келемін. Осы уақыт ішінде тәрбиеші мамандығының беделі елімізде ең төменгі сатыда екеніне көзім жетті. Неліктен деген сұрақ көп толғандырды. Алдағы қаңтардан бастап күшіне енетін «Педагог мәртебесі туралы» заң осы бір алаңдаушылық ойыма нүкте қояды деп сенемін.
Тамыз кеңесіне арнайы қатысқан Мемлекет басшысы үкіметке мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды жоғары сапаға көтеру шараларын қолға алуды тапсырды. 3-6 жастағы балаларды балабақшамен 95 пайыз қамтуға мемлекет-жекеменшік әріптестік арқылы қол жеткіздік. Бірақ бұл жүйенің де екінші жағы көрініп, Президент өз баяндамасында атап өткендей, жекеменшік мектепке дейінгі шағын ұйымдарда білім беру процесі жөнді жүргізілмейді. Бұл проблема бар. Осыдан соң тәрбиешіге деген көзқарас толық оңалмай тұр. Сондықтан сапаны да 100 пайызға жеткізу – кезек күттірмейтін мәселе.
Ұлбике Өмірбекқызы,
«Сыр жұлдызы» балабақшасының тәрбиешісі
Қызылорда қаласы
Мемлекеттік тіл ғылым тіліне айналуы қажет
Осыған дейінгі аймақтық Тамыз кеңестерінде әріптестермен бас қосып, жүйедегі шешілуі тиіс шаруаларды, шешімін табуды қажет ететін мәселелерді, сонымен қатар нақты ұсыныстарымызды ортаға салғанбыз. Оны министрлікке жеткізу жолында хаттамаға енгізуге атсалыстық. Міне, соның жемісі болса керек, Мемлекет басшысының өзі педагогтарды кәсіби қызметіне жатпайтын, жөнсіз жұмыстарға жегуді жоятын, нүкте қоятын тапсырманы облыс әкімдеріне берді. Оның оң нәтижесін алдағы уақытта күтеміз.
Ал үштілділікке қатысты ойға келсем, Қасым-Жомарт Кемелұлы өте орынды айтты. Кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытуға көшіруде мектептің, мұғалімнің дайындығы, оқушылардың қалауы ескерілуі тиіс. Себебі барлық білім ошақтары мен педагогтар оған дайын емес. Пән мұғалімдері түгілі ағылшын тілін 4 жыл оқып келген мамандардың өзіне биология мен химияның терминдері оңай тимейді, сондықтан оған біртіндеп көшкен жөн. Елбасы айтқандай, қазақ тілі бірінші болуы керек. Мемлекеттік тіл ғылым тіліне айналуы қажет.
Облыстағы талқылауларда әріптестер болып жеткізген ұсынысымыздың ішіндегі 5 күндік жұмыс жүйесіне көшу енгізілетін болды. Соған қуаныштымыз. Алайда бір ұсынысымыз қолдау таппай қалды. Бұл – мұғалімдердің зейнет жасын шегеру мәселесі. Оны бүкіл республика мұғалімдері болып күттік.
Мейіржан ТЕМІРБЕК,
Ақмектеп орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы
Кешенді шаралар көңіл қуантады
Алқалы жиында еліміздегі білім беру мәселесіне қатысты ауқымды мәселелер қаралды. Оның ішінде мектеп мұғалімдерінің көкейінде жүрген, әлі де болса шешімі табылмаған жайттар сөз болып, алдағы уақытта көптеген олқылықтардың орны толатынына сенім ұялады. Әсіресе, Президенттің ел Үкіметіне төрт жылдың ішінде мұғалімдердің жалақысын екі есеге өсіруді тапсырғаны ұстаздар қауымының еңбегін елеп, қиындығы мен қызығы қатар жүретін салаға жас мамандарды ынталандырды десем артық емес.
Сонымен қатар сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін қосымша ақыны екі есеге өсіру, еңбек демалысының мерзімін 56 күнге дейін ұзарту, магистр дәрежесі үшін үстемеақы төлеу және тағы басқа шаралар көзделіп отыр. Кейінгі жылдары ұстаз мәртебесінің лайықты бағаланбай келгені жасырын емес. Президент «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасы аясында қолға алынар мұғалімдердің жүктемесін азайту, абыройы мен беделін көтеру, материалдық жағдайын жақсарту сынды бастамалар біз үшін аса мән-маңызға ие.
Ұстаз еңбегі қызықты да, қуанышты болғанымен, өз ауыртпалықтары бар. Сондықтан мұғалімнің зейнетке шығу жасын қайта қарап, бір жүйеге келтіру орынды деп ойлаймын. Сан жылдық ғұмырын осы салаға арнаған ұстаздың ерен еңбегі мемлекет тарапынан еленіп жатса, нұр-үстіне нұр болар еді.
Жанаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ,
Екпінді ауылындағы М.Әубәкіров атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі
Алматы облысы
Алакөл ауданы
Қауымдастықтың ықпалды болғанын қалаймын
Ата-ана мен педагогтың мүддесі бір – баланың дұрыс тәрбиеленіп, сапалы білім алуы. Өкінішке қарай, қазір қоғамда ата-аналардың бәрі бірдей мұғалімдермен тығыз қарым-қатынаста емес. Қос тарап бірлікте жұмыс атқарғанда ғана лайықты нәтижеге жетуге болады. Ұстаздардың сабағын көруге барғанда, әрбір әрекетіне қалай сын көзбен қарасақ, өзіміздің қарапайым балаға қойған сұрағымызға дейін жете мән беруіміз керек. Оның барлығы тәрбиеге әсер етеді. Біз бәрін өзімізден бастауымыз керек.
Дәстүрлі Тамыз кеңесінің биылғы отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында барша ата-аналар атынан айтылған 7 балалы ананың ұсынысын қолдаймын. Сөзсіз, бізге ата-ана қауымдастығын құрған дұрыс, десе де оның функиясы қазіргі комитеттердей тек қаржылық проблеманы шешетін ұйым болып қалмауы қажет. Адамдардың ниеті әр түрлі, тәрбие мен білімді ақшамен бағалауға болмайды. Қауымдастықты басқаратын адам әбден екшеленген жоспармен жұмысқа кірісуі керек. Соның ішінде, балаларымыздың текті, сауатты болып өсуі үшін арнайы үйірмелер ұйымдастыруда қауымдастықтың ықпалды болғанын қалаймын. Мәселен, латын графикасына көшкелі жатырмыз. Оған да қосымша сабақ жүргені жөн.
Ал ағылшын тілін ата-аналардың қалауына қалдыру оң шешім болды. Ата-аналардың чатындағы талқылаудан-ақ көзім жетіп отыр, олардың көбісі мен секілді шет тілін 5 сыныптан бастауды қолай көреді. Себебі өзі ана тілін толық меңгеріп, сөйлеп, жазып, есеп шығарып үйренбеген бала өзге тілді қойыртпаққа айналдыратыны анық.
Айсұлу САПАРҚЫЗЫ,
ата-ана
Ақмола облысы
Қоянды ауылы
Қосымша білім берудің маңызы зор
Биылғы Тамыз кеңесі бізге біраз жылдық жоспар құруға негіз болды. Білім беру саласындағы қордаланған мәселелерді жүйелі шешудің жолдары көрсетіліп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған түйткілдердің түйінін тарқататын тапсырмалар берді. Соның ішінде педагог кадрларының құрамы мен кәсібилігі, білім сапасын көтеру үшін кешенді шаралар ретінде мұғалімдердің біліктілігіне қатысты айтылған Президенттің тапсырмасы өте орынды болды. Ал «Педагог мәртебесі» туралы заңның қолданысқа енгізілу мерзімі бекітілді. Бұл – біз асыға күткен құжат.
Бұдан бөлек, білім беру жүйесін цифрландыру, жаңаша, заманауи ғылым және оны дамыту жолдары төңірегінде министрлік бірқаттар міндеттерді айқындады. Аталған мәселелер – күн тәртібінен түспейтін, кезек күттірмес шешімді қажет ететін өзекті тақырыптар. Ал мен үшін ең елеулісі – қосымша білім беру туралы жоспарланған іс-шаралар. Бала өмірі үшін оның маңызы өте жоғары.
Абзал САПАРОВ,
Шыңғырлау ауданы Білім бөлімінің басшысы
Батыс Қазақстан облысы