Абай елі бұрын да, қазір де Абайдың туған күнін 10 тамыз күні атап өтуді дәстүрге айналдырған. Биылғы ақынның туған күні де Жидебай басында ерекше аталып өтті. Оған мұрындық болған Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті.
Университет ұжымы ғалымдарымен, студенттерімен, әнші-жыршыларымен, ас-суларымен келіп, Жидебай басын бір күн ән мен күйге бөлеп, Құран-қатым түсіріп, тағылымы мен тәрбиелік мәні зор «Абай еліне тағзым» атты үлкен форум өткізді. Бұл форумға Абай ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Тәттібеков бастаған Қарауыл ауылының ардагер-ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері, «Қаламқас» халық ансамбілінің өнерпаздары да қатысып, екі ұжым бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Жидебай жазығын Абайдың өлеңдерімен, қара сөздерімен сусындатты. Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Мұхтар Төлегеннің бастамасын қызу қолдап, университет ұжымының игі қадамдарына сәт сапар тілегенін, Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыровтың университет ұжымын құшақ жая қарсы алғандықтарын да қоса айта кеткен жөн.
Ақынның 175 жылдық торқалы тойының алатын орны ерекше болмақ. Бұл жөнінде облыс әкімдігінде де үлкен жиын болып, өңір басшылары біздің бастамамызды қызу қолдады. Сол жерде «Абай еліне тағзым» атты форумды Абай елінде, Жидебайда өткізу жөнінде шешім қабылданды. Өйткені Абай тойы Шығыстан, Жидебайдан бастау алуы керек. Университетімізде Абайдың арнайы дәрісханасы жұмыс істейді. Абайтану курсы міндетті пән ретінде оқытылуда. Абай жолы – мәңгілік жол. Ол – ешқашан ескірмейді, ешқашан өлмейді. Ол – жаңа биіктерге көтеріле береді», деді Мұхтар Төлеген.
Шара барысында университет ұжымы еңбек ардагері, Абайдың туысы Манатай Толғанбаевты, ақын Төлеген Жанғалиевті, ұстаз Бағдат Есдәулетованы, «Қаламқас» халықтық ансамбілінің әншісі Бақыт Шағатаеваны, Абай, Шәкәрім поэзиясы күндері шәкірттері үнемі топ жарып жүрген ұлағатты ұстаз Райгүл Тізгінбаеваны «Абай» төсбелгісімен марапаттады. Абайлық көнекөз ақсақалдар ұлт ақынын ұлықтау үшін Өскеменнен арнайы келген азаматтарға алғысын жеткізді. «Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл форумның мәдени-танымдық мәні де салмақты болды. Олай дейтініміз өскемендік студенттер мен ұстаздар Абай, Шәкәрім мұражайларына саяхат жасап, Абайдың елі, ұлы тұлғалары, Абай, Шәкәрім, Мұхтар мұрасына қатысты тағылымды әңгімелерге қанықса, жиналған қауым «ШҚО-ның қасиетті жерлерін зерттеудегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың үлесі» көрмесінен өлкеміздегі археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері жайлы құнды мағлұматтарға қанықты», дейді Шыңғыстаудың ақсақалы Манатай Толғанбаев.
Өскеменнен келген Мұхамеди мешітінің имамы Дубек Құсманұлы Абай, Шәкәрім және Мұхтар рухтарына Құран бағышталып, қатым түсірілді. Кесене басында болып, Абай басқан топырақты басып, Абай жүрген жолмен жүріп өткен университеттің ғалым-ұстаздары мен студенттері бұл күні ерекше көңіл күйде болды. Қазақстандағы 100 киелі мекеннің біріне саналатын Жидебай олардың бойларына тың күш құйып, арман құстарын Шыңғыстау аспанында шарықтатты.
Совет МАХМЕТОВ,
ардагер журналист
Шығыс Қазақстан облысы,
Абай ауданы