Кеншілер астанасында Қарағанды облыстық «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірлік жоба кеңсесі мен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырған «Тілдер мен мәдениеттер диалогы» атты форум-кездесуге «Мұхтар Әуезов» қоғамдық қорының директоры Мұрат Әуезов бастаған делегация арнайы келіп қатысты.
Сондай-ақ жиынға Украинаның Қазақстандағы Құрметті консулы Ерлан Досмағамбетов пен жаңа құрылған «Қоғам. Тіл. Мәдениет» ҚБ президенті, ғалым Нұрсұлу Бөкетова, Қарағанды облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің бас менеджері Бақытқали Мұсабеков, ақын Серік Ақсұңқарұлы, зерттеуші-сарапшы Марат Азбанбаев қатысып, хәкім Абай және ұлы Мұхтар туралы әңгіменің көрігін қыздырды.
Форумның бастамашысы Нұрсұлу Бөкетова тілдер мен мәдениеттер диалогына арналған жиынның қоғамдық дамудың маңызды көрінісі екеніне тоқталды.
– Біз «Социум. Тіл. Мәдениет» атты қоғамдық қор құрдық. Сол арқылы қоғамдық сананы жаңғырту, құндылықтар жүйесін қалыптастыру сияқты үлкен міндеттерді орындауға өз үлесімізді қосқымыз келеді, деді ол.
Форумда сөз алған Мұрат Әуезов Арқа жерінің көптеген ойшылдардың отаны екенін ерекше атап өтті. Алаштың көсемі Әлімхан Ермеков, жазушы Ақселеу Сейдімбек, ақын Бүркіт Ысқақ жайлы естеліктерімен бөлісті.
– Диалог дегеніміздің өзі бір-бірімізді тыңдай білу ғой. Бұл өте маңызды дүние. Абайдың өзі бізді бұған шақырған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының екі мазмұнды кезеңі бар: тарихты тану және осы тарихты меңгеру. Біздің барлығымыз тарихтың мұрагері болу өнеріне үйренуіміз керек. Біліп қана қоймай, халқымыздың тарихында болған жақсы дүниелерді өзіміздің, отандастарымыздың санасына сіңіруіміз қажет, деп атап өтті мәдениеттанушы.
Мұрат Әуезов осындай пікірталасты ұйымдастырғаны үшін қарағандылықтарға алғыс сезімін білдіріп, өзінің «Времен связующая нить» атты туындысын «Достық үйінің» кітапханасына тарту етті.
– Сайып келгенде екі аспект бар. Ол біздің жаратылысымыздың табиғи сапасы ретінде дүниеге келетін бітімгершілік. Бұл жерге қуғын-сүргінге ұшыраған және күштеп қоныс аударылған халықтар өз еркімен келген жоқ. Қазақтар оларды аман сақтап қалды. Екінші жағынан алып қарағанда, біз әділірек, бақыттырақ болашаққа ие болуға құқылымыз. Менің ойымша, мұндай үдеріске біздің санамыздың қаншалықты қатысы барын дәл осындай жолмен айқындап алуымыз керек, – деді Мұрат Мұхтарұлы.
Жиын барысында тарихшылар мен абайтанушылар өз пікірлерін ортаға салды.
Сондай-ақ форум аясында жергілікті ақын-жазушылардың басын біріктіретін «Арна» әдеби клубының тұсаукесер рәсімі өтті.
Форум қонақтары Долинкадағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайын аралап көріп, Бұқар жырау ауданындағы Бұқар Қалқаманұлының мемориалына барып қайтты.
Қарағанды облысы