Соңғы уақытта «ақылды технологиялар» өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналды. Алайда «ақылды» сөзін бәріміз түсінгенімізбен түбіне терең бойлай бермейміз. «Ақылды қаланың» негізгі міндеті – жайлылық, қоғамдағы қауіпсіздік, тиімділік және қоршаған ортаға зиянды төмендету. Бүгінде Ақмола облысында орналасқан Ақкөл қаласы еліміздегі алғашқы «ақылды қала» атанды. «Smart Aqkol» жобасын «Қазақтелеком» АҚ Ақмола облысының әкімдігімен және серіктес компаниялармен бірігіп жүзеге асырды.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Астананың тәжірибесі негізінде Smart city «эталонды» стандартын қалыптастырып, Қазақстан қалалары арасында озық практиканы таратуды және тәжірибе алмасу ісін бастау керек», деп айтқан болатын. Міне, осы орайда қолға алынған «Smart Aqkol» жобасының игілігін қазіргі уақытта қала тұрғындары көріп отыр. Сондай-ақ жоба Қазақстандағы барлық «ақылды қалаларды» дамытудың бірыңғай стандарты саналады. Сонымен «ақылды қала» дегеніміз қандай қала?
«Ақылды қала» – технологиялар арқылы деректерді жинап, содан кейін бұл деректерді активтер мен ресурстарды тиімді басқару үшін пайдаланатын қала ауданы. Жоба қаладағы барлық қызметтерді оның ішінде жол және көлік жүйелерін, электр станцияларын, сумен жабдықтау желілерін, қалдықтарды басқару, қылмыстарды анықтау, барлық қоғамдық қызметтерді бір уақытта мониторинг жасап, басқарумен ерекшеленеді. Яғни қысқаша айтқанда, бұл жоба бір мезетте қаладағы барлық жағдайды бақылдауда ұстауға мүмкіндік береді. Ал бұл дегеніңіз – өз кезегінде адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ оларға жайлылықтың жоғары деңгейін тарту етеді.
Ақкөл – Қазақстандағы алғашқы «ақылды қала»
Бүгінде еліміздегі телекоммуникация нарығын дамыту саясатын іске асырып отырған «Қазақтелеком» компаниясы «Smart Aqkol» жобасын Tengri Lab және Еуразиялық Топпен (ERG) бірлесе іске асырды. Ақкөл қаласы әлеуметтік инфрақұрылымға, дамыған аграрлық сектор мен өнеркәсіптік әлеуетке ие, қалада 14 мың адам тұрады. Аймақта «ақылды қала» стандартының жүзеге асуы өңірге инвесторлар мен дарынды мамандар тартып, қала ажарын арттыра түсті.
Биыл қаңтар айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысының Ақкөл қаласына жұмыс сапары барысында «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы желілік магистралінің техникалық торабы Мәліметтерді өңдеу орталығының жұмысымен танысып, жоғары бағасын берді. Бұл орталық Ақкөлдегі барлық бейнебақылау, энергия ресурстарына экологиялық мониторинг, бақылау және есеп жүргізу, жол трафигін басқару, өртке қарсы қауіпсіздік жүйелерінен келіп түсетін мәліметтерді жинақтап, «Smart Aqkol» ахуалдық орталығына жібереді. Деректерді жинау және өңдеу бункерлік типтегі «Қазақтелеком» деректерді өңдеу орталығында жүзеге асады.
Қаланы цифрландырып, ақпараттарды бір жерге жинау үшін қалада «Қазақтелеком» компаниясы қажетті цифрлық және зияткерлік инфрақұрылым құрды. Компанияның қолдауымен 17,5 км талшықты-оптикалық байланыс желісі, LoRaWAN энергия тиімділік желісі, қоғамдық Wi-Fi және LTE желісі жаңғыртылды. Бұл өз кезегінде түрлі модификациядағы 100-ге жуық камераны орнату, экологиялық және энергия ресурстарын бақылау және есепке алу, жол трафигін, өрт қауіпсіздігін, көшені жарықтандыру және басқа да IoT датчиктерді басқару мүмкіндігін туғызды. Тұрғын үйлерге суды есепке алудың 4500 құрылғысы және электр энергиясын есепке алудың 6000 құрылғысы орнатылған.
Мемлекет басшысы қаладағы жұмыстың алғашқы нәтижелеріне, сонымен қатар еліміздегі ірі қалаларында технологияларды енгізу перспективаларына қызығушылық танытты. Бұл еліміздегі «ақылды қаланың» алғашқы стандартына берілген жақсы баға десек арттық айтқандық емес болар.
Тұрмыс сапасын арттырады
Елбасы «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады» деген болатын. Бұны практикада жүзеге асырған Ақкөл қаласы бүгінде еліміздегі үлкен қалаларға арналған үздік үлгі ретінде қарастырылады. «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, «Ақкөл қаласында ахуалдық орталықты салу және ұйымдастыру мақсаты – шағын қалалар үлгісінде азаматтарға жайлы жағдай жасау мен қауіпсіздікті арттыру және оң тәжірибені мегаполистерге одан әрі тарату».
Компания «ақылды қала» жобасын тек осы аймақта таратумен шектелмек емес. Сонымен қатар компания еліміздегі ірі мегополистерді де үздік технологиялармен қамтамасыз етіп жатыр. Мысалы, компания Қазақстан бойынша 5,5 млн тұрғын саны бар 1,5 млн пәтерді, 100 мыңға жуық кіреберісті қамтитын 30 мыңнан аса көппәтерлі үйді GPON оптикалық желісімен қамтамасыз етті. Сондай-ақ ТМД-да ең ірі LoRa технологиясы базасында М2М желісі құрылысының 1-кезеңін аяқталып, Алматы, Астана, Шымкент және Ақкөл қалалары желімен қамтылды, биыл барлық облыс орталығы қамтылады. Міне, мұның барлығы ірі қалалардың барлығын дерлік «ақылды қалаға» айналдыру мақсатында жүзеге асып жатыр.
Бүгінде қала тұрғындары игілігін көріп жатқан Ақкөл қаласында барлық коммуналдық қызметтер толықтай цифрлы жүйеге көшкен. Қала тұрғыны, зейнеткер Қадыргүл апаның айтуынша, «қазір коммуналдық төлемдерді төлеу үшін сағаттап кезекте тұрмай-ақ, ұялы телефонның бір кнопкасын бассаңыз жеткілікті», дейді қуанышын жасыра алмай.
Сонымен қатар «ақылды қалалардың» қаладағы қауіпсіздікті сақтауда айтарлықтай үлесі бар. Өйткені көшенің әр түкпіріне орнатылған бейнебақылау камералары қаланы бір жерден бақылай алады. Қала тұрғыны Тоқтар аға да осы туралы өз пікірін білдірді. «Соңғы уақытта қоғамымыздағы болып жатқан жағдайлар балаларымызды беймезгіл уақытта балаларымызды далаға шығармақ түгілі, күндіз де бірге мектепке апарып келуге мәжбүрлейтін. Бұл бір жағынан қаншама уақыт шығыны болғанымен, баламыздың қауіпсіздігі үшін басты жұмысқа айналған. Алайда, қаламыз «ақылды қалаға» айналғалы бұның игілігін көріп жатырмыз. Өйткені қаладағы әрбір жағдайдың бір орталыққа «байлануы» қылмыс санын да айтарлықтай азайтты деп айта аламын», деді ол.
Ақкөл қаласы бүгінгі күні ақылды қалалар қауіпсіздіктен бастап экологияны қамтитын 11 саланың стандартына сай жұмыс істейді. Көшелердегі айқындылығы жоғары камералар қоғамдық орындар мен жолдарды қадағаласа, ал көппәтерлі үй алдындағы камералар құқықтық тәртіпті сақтауға және жағдайды бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өрттің алдын алу, қоғамдық көліктердегі Wi-Fi технологиясы да халықтың игілігіне айналып үлгерді.
Міне, осылайша әлемдік стандарттарға сай, жоғары технологиялы инфрақұрылымды жасайтын «Қазақтелеком» тағы да бір сапалы сервисімен халықтың ықыласына ие болды. Айта кетейік, сондай-ақ компания елімізде телефон байланысы қызметтерін, Интернет тарату, ақылы цифрлық теледидар, түрлі инновациялық қызметтерді және сервистерін халыққа ұсынып отыр.
Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»