Елордада Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Еліміздегі басты партияның кеңейтілген отырысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып отырды. Жиынға, сонымен қатар Премьер-Министр Асқар Мамин, Үкімет мүшелері, партияның Мәжілістегі фракциясы, Jas Otan жастар қанатының, партияның облыстық филиалдарының жетекшілері қатысты.
Дамудың діңгегі – саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім
Елбасы өзінің кіріспе сөзінде биыл елімізде Nur Otan партиясының бастамасымен көптеген ауқымды шаралардың өткеніне тоқталды. Бір жыл мерзім ішінде партияның екі съезі өткізіліп, 20 жылдығы аталып өтілді, ал маусым айында Президент сайлауында Nur Otan партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетіп, Президент атанды.
Жалпы, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы әрбір жетістігі, құнды шешімдер мен заңдардың қабылдануы Nur Otan партиясының қатысуымен өткенін қазақстандықтар жақсы біледі. Бірақ уақыт көші өзгерістерді қалайтындықтан, Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Nur Otan партиясы да уақыт талабына сай жаңару жолына түсіп, жаңа белестерді бетке алып келеді.
Кеңейтілген отырыста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының жұмысын жаңғырту жөнінде сөз қозғап, партияның сайлауалды бағдарламасы мен съездерде қабылданған шешімдерінің орындалу барысына тоқталды.
– Партиямыздың дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын бәріміз түсініп отырмыз. Nur Otan еліміздің жетекші күші ретінде саяси басшылықты бекемдеп, стратегиялық бағыттан ауытқымауы үшін бүкіл қоғамды жұмылдыруы тиіс. Бұл бос айтылған сөз емес. Біз – Қазақстанның, халықтың ортасындағы елді алға жетелейтін ұйымбыз. Егер ондай маңызды міндеттің үдесінен шыға алмасақ, орнымызды басқа партия басады. Сондықтан жауапкершілікті барынша сезінуіміз керек. 2050 жылға дейін қабылданған бағдарламада Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қосылуын мақсат етіп қойдық. Барлық бағдарламалар осы меженің төңірегінде тоқайласады. Индустриялық, инфрақұрылымдық бағдарламалар, ауыл шаруашылығы, үй құрылысы, медицина, халықты ағарту жұмыстары – барлығы бір мүддеге жету мәселесі. 2015 жылдан бастап 5 институционалдық реформаны жүзеге асыруды бастадық. 2017 жылы Парламент пен Үкіметті күшейту үшін билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта қарап, саяси жүйені жаңғырттық, – деді Тұңғыш Президент.
Nur Otan партиясының төрағасы 2018 жылы сайлау заңнамасы жетілдірілгенін, алдағы сайлаулар конституциялық мерзімде өтетінін және мәслихаттардың келесі сайлауы алғаш рет Мәжілістегідей партиялық тізім бойынша өткізілетінін мәлімдеді. Осы ретте Елбасы партия жекелеген оппоненттердің, блогерлердің бұрынғы мажоритарлық жүйеге оралу, мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы пікірлеріне жауап беру керектігін, мажоритарлық жүйеге көшуді қолдап жүргендердің нақты ұсыныстары жоқтығын, билікті сынап сөйлегендері бос сөз ғана екенін айтты. Сөйтіп мысал ретінде демократияның шамшырағы деп жүрген Еуропадағы 30 дамыған елдің қатарына кіретін мемлекеттердің 63 пайызы сайлауды пропорционалды жүйемен өткізетінін, бұл жүйе үздік әлемдік демократиялық тәжірибеге толық сай келетінін атап өтті. Саяси жүйені нығайтуға, демократияны дамытуға септігін тигізіп, толықтай алғанда саяси партияның қызметін жандандырады.
– Партия проблемаларды нақты шешу жолдарын ұсынып, тиімді жұмыс істеуі керек. Сонда партияның беделі асып, халықтың қолдауына ие болады. Жалпы экономикалық және саяси өрлеуде дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенгеніміз жөн. Алдымен дамудың негізі – саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім. Ал дағдарыстар кезеңінде жүйені іштей және сырттай сілку өте қауіпті. Қайта оны нығайтып, жұдырықтай жұмылып, алға жылжуымыз қажет. Екіншіден, ортақ табысқа қол жеткізу үшін қоғамның тұтастығын бекітіп, халықтың жай-күйін түсінетін мықты көшбасшы және күшті партия қажет. Бұл барлық дамыған мемлекеттерде бар. Мәселен, Христиан-демократиялық одағын құрған Конрад Аденауэр Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германияның аяғынан тік тұрып, экономикасын, инфрақұрылымын қалпына келтіруге үлес қосты. Ал Азия жолбарыстарына баланған елдер ретінде Ли Куан Ю басқарған Сингапур мен Махатхир Мохамед көтерген Малайзияны айтуға болады. Мұнда басқарушы партиялар 60 жыл бойы билікте болды. Жапонияда да сондай. Үшіншіден, стратегиялық бағыттың бірізділігі мен сабақтастығын сақтау маңызды. Биыл біздің тәуелсіз ел болғанымызға 28 жыл толып жатыр. Алғашқы жылдардағы жағдай мен қазіргі күнімізді салыстырып қарасақ, арасы жер мен көктей. Бүгінде біз демократиялық жас мемлекетпіз. Біздің демократияға бірден алпауыт Американың бөркін кигізіп қою жараспайды. Ол үшін уақыт қажет. Алдымен қоғамды дамытуға баса мән бергеніміз абзал. Елдегі тұрақтылықтың сақталуына мүдделі келетін орта таптың үлесін арттыру – басым бағыт. Өз үйі, жұмысы, тұрақты табысы бар бұл таптың өкілдері елдің тыныштығын қалайды. Бізге стратегиялық бағыттың осындай бірізділігі керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы саяси тұрақсыздықтан ең әуелі қарапайым халықтың зардап шегетінін, тәртіп жоқ, жүйе жоқ жерде проблемалар шешілмейтінін, экономика төмендегеннен кейін халықтың өмір сапасы да нашарлайтынын айтты. Партия төрағасы қазір Үкімет пен барлық атқарушы билік білек сыбанып, Nur Otan партиясының және сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды уәделерін орындай отырып, елдің алдында тұрған нақты мәселелерін шешуге тиіс екенін еске салды.
Nur Otan партиясы мен Үкімет бірлесіп жұмыс істеуі қажет
Тұңғыш Президент алдағы сайлаулардың алдында партияның жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынып, оны «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» деп атады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдымен партияның белсенді мүшелерін топтастыруға мән берді. Яғни, қоғамдық мәселелерді ұдайы көтеріп жүрген, оны шешудің жолдарын ұсына білетін, өз сөзін дәлелдей алатын азаматтарды партияға тартудың жайы қозғалды. Партия мүшелерінің қоғамда болып жатқан жағдайларға немқұрайды қарамай, дер кезінде үн қатуы, нақты іс-шаралар қолдануы назарға алынды. Халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде белсенділік танытпағандар партияның мүшелігіне лайық еместігі айтылды.
Оларды «ядролық» деп атау керек. Ядролық деген – ядролық бомба емес, белсенді мүшелер деген сөз. Көшеге шығып, шындығын дәлелдей алатындар. 800 мың партияластың ішінде кім өзін белсенді түрде көрсете алады? Шымкентте партияның туын жыртып кеткенде ешкім былқ еткен жоқ. Бәрі отырды. Партия қайда болды? Кейін ғана қалпына келтірілді. Міне, осы кезде белсенділік көрінуі керек еді.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті түбегейлі күшейтіп, тазалық жүргізу қажет. Мұны жиі қозғап жүрміз. Сайланған Президент те бұл туралы айтты. Аталған бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ бұған халықтың өзі де атсалысу керек. Мысалы, Сингапурда жемқорлық әрекетін байқаған адам жағдайды дереу тиісті орындарға хабарламаса, жауапқа тартылады. Бізде осындай ма? Бұл – қарапайым мысал. Nur Otan партиясының бастамасымен соңғы бес жылда сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарлама жасалып, заң қабылданды. Соған қарамастан партия сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамды қалыптастыра алмады. Біз көптеген жоғары оқу орнында емтиханды ақшамен тапсыратынын білеміз. Бұған қоса жатақханадағы орындарды бөлу кезінде, тағы басқа мәселелерде студенттер пара беруге мәжбүр. Осындай келеңсіз жайттарға жастар қынжылыс білдіреді. Білім ақшаға сатылғаннан кейін, біз одан қандай сапалы маман шығарамыз. Қауіпсіздік кеңесінің Төрағасы ретінде бұл мәселені әрбір жоғары оқу орындарында қарастырып, талқыға салуды ұсынамын. Соның нәтижесінде шешім қабылдаймыз. Мысалы, Назарбаев Университетте студенттердің ұғымында емтиханнан өту үшін ақша ұсыну деген мүлдем жоқ. Батыстың үздік университеттерінде оқыған 10 мың қазақстандық сынақта ақша беру дегенді кездестірмеді. Ал бізде мұндай жағдай әлі де бар. Балалары оқуға түссе, артынан ауылдағылар соғымын да беріп жібереді. Ректорлармен жұмысты күшейту керек, – деді партия Төрағасы.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев партия жұмысындағы ашықтықты қамтамасыз етуге тоқталып, жетекші ұйымның әлеуетін барлық жерде арттыру керектігін айтты. Соның бірі – Мәжілістегі фракцияның жұмысын барынша күшейту. Бұл – партия міндеттерін орындаудың және атқарушы органдарға ықпал етудің негізгі тетігі. Фракция өз деңгейінде жұмыс істесе, оның беделі де жоғарылайтынын атап өткен Елбасы әлемнің басқа елдерінде бар ережеге сүйене отырып, Мәжілістегі фракцияның жетекшісі лауазымына Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын ұсынды. Мәжіліс спикері ретінде Н.Нығматулин алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу және фракция жұмысын қайта жандандыру үшін барлық ресурстарды жұмылдыра алатынын жеткізді.
Сонымен қатар Тұңғыш Президент мәселелерді шешу үшін заңнамалық бастамаларды белсенді түрде іске асыру керектігін айтып, өңірлердің дамуына нақты ықпал ете алатын мәслихаттардың жұмысына тоқталды. Заңнамаға сәйкес мәслихаттар бюджетті, жергілікті даму бағдарламаларын бақылап отырады. Бірақ Елбасы бүгінгі таңда өз деңгейінде тиімді жұмыс істеп отырмаған мәслихаттарды қатты сынға алды.
– 2016 жылдан бастап біз «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты партияның сайлауалды бағдарламасын іске асырып келеміз. Бүгін Премьер-Министрдің баяндамасында сайлауалды уәденің 70 пайызы орындалғаны айтылды. Әлі 30 пайызы бар. Бұл қалғаны – ең маңызды іс-шаралар. Келесі сайлауға дейін алдымызға қойған мақсатты толық орындауымыз керек. Егер мен бір бастаманы көтерсем, жүзеге асыруға болатын ұсыныстарды айтамын. Бұған 30 жылда көз жеткен шығар. Қазір де солай болуы керек. Партияның Мәжілістегі фракциясының қатысуымен Үкіметтің арнайы отырысын өткізуді және қалған мәселелерді талқылауды ұсынамын. Бұдан Үкіметтің ұтары көп. Және де шешілмеген мәселелерге басымдық бере отырып, жұмыстардың нәтижесін жария түрде баяндау керек. Nur Otan партиясы мен Үкімет бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Біздің Тәуелсіздік жолында және қазақстандықтардың әл-ауқаты бағытында ортақ мақсатымыз бар. Бөліп-жаратын ештеңе жоқ. Мұндай шешімдер халықтың мүддесі үшін қабылданады. Демек, бұл мәселелерді бірлесіп шешуіміз қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан кейін Елбасы халықпен жұмыс істеудің нақты бағытталған ұстанымын енгізу керектігін айтты. Оның айтуынша, қазіргі таңда партия 24 жобамен 200-ге жуық түрлі есеп берумен айналысып келеді. Оның барлығы – партияның емес, Үкіметтің жұмысы. Партия мемлекеттік органдардың жұмысын қайталамауы керек. Мәселен, егде жастағы адамдарға арналған орталықтар құруға жол ашқан «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы, көп балалы аналарға қолдау көрсеткен «Бақытты отбасы» орталықтары сияқты бастамаларды көптеп іске асыруға шақырды.
Бұған қоса партия Төрағасы «Мирас» қоғамдық кеңесінің әлеуетін пайдаланып, зиялы қауымды рухани дамуға қатысты мәселелерді шешуге жұмылдыруды тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстарға Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары бағдар болмақ.
– Қазір ауыл жастарымен жұмыс істеу – маңызды міндеттердің бірі. Мен «Ауыл – ел бесігі» жобасын әзірлеуді тапсырдым. Тәжірибе жүзінде бұл жоба әлеуметтік инфрақұрылым жасаумен ғана шектелді. Бұл жобаның басты мақсаты – ауыл жастары үшін жұмыс орындарын ашу, оларды ауылда тұрақтандыру. Ауылда ертең кім жұмыс істейді? Үкімет осы мәселелермен айналысып, тиісті шараларды қолға алу керек. Қазір урбанизация жүріп жатыр. Қалаға көшті тоқтату мүмкін емес. Егер де ауылдарда нақты жұмыс орындары ашылатын болса, жағдай жасалса, қалып жатыр. Кейбір адамдар қаладан ауылға қайта көшуде, – деді Тұңғыш Президент.
Халықпен нақты жұмыс істеу қағидаты енгізіледі
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев халықпен нақты жұмыс істеу қағидатын енгізуді, қарқынды ақпараттық-идеологиялық жұмысты ұйымдастыруды және партия төңірегіне жастарды біріктіру үшін шаралар қабылдауды ұсынды.
– Қазіргі таңда «жаңа» медиа салада шындыққа жанаспайтын ақпарат таратушы арналар көбейіп келеді. Жергілікті, қарапайым мәселелер республикалық деңгейге дейін көтерілуде. Қоғамдық санада жалған түсінік қалыптасуда. Nur Otan өзінің ақпараттық стратегиясын түбегейлі қайта қарауы қажет. Партияның бұқаралық ақпарат құралдары объективті және жедел ақпарат көздеріне айналып, халықтың сеніміне ие болуы тиіс, – деді партия Төрағасы.
Бұған қоса Қазақстанның Тұңғыш Президенті ел алдында тұрған экономикалық проблемаларға тоқталып, тұрақты өсімді қамтамасыз ететін жаңа шаралар ұсынды. Атап айтқанда Елбасы бизнес үшін салық ауыртпалығын төмендету арқылы экономикаға салықтық ынталандыру тетіктерін енгізуді ұсынды.
– Сондай-ақ бюджет саясатын қайта қарау қажет. Мемлекеттік сатып алулар ашық емес және сыбайлас жемқорлық жаппай белең алған салаға айналды. Құны 1,8 триллион теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алулардың 65 пайызы бір көзден жүзеге асқан. Мемлекеттік сатып алулар туралы заңды өзгерту керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге Қазақстанның Тұңғыш Президенті белсенді сауда саясатын жүзеге асыру және қаржы секторын тұрақтандыру шараларын қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.
– Қазіргі таңда жасанды интеллект алдыңғы қатарға шықты. Оны тіршіліктің барлық саласына енгізу ауқымы жағынан уранның бөлінуі туралы жаңалықты ашумен тең. Жасанды интеллект денсаулық сақтаудан бастап, өндіріс пен қаржы секторына дейінгі барлық саланы түгел трансформациялайды. Жасанды интеллект жаңа әлемдік тәртіп орнатып, жаңа жаһандық көшбасшылар мен аутсайдерлерді айқындайды. Сондықтан біз оны қолдау үшін қазірден бастап ауқымды және жүйелі шаралар қабылдауымыз қажет, – деді партия Төрағасы.
Нұрсұлтан Назарбаев жасанды интеллектіні жан-жақты дамытуға мүмкіндік беретін заңнамалық база әзірлеуді, сондай-ақ осы саланы кәсіпкерлік және ғылыми тұрғыдан қолдау үшін экожүйе қалыптастыруды ұсынды.
– Партияның күнделікті жұмысын айтарлықтай жан- дандыру керек. Біз үлкен деректер мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, халықтың сұранысына алдын ала жауап беруді үйренуіміз керек, – деді Елбасы.
«Егеменнің» басшысы Саяси кеңес бюросының құрамына кірді
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастарға қолдау білдіріп, зиялы қауыммен тұрақты диалогты жолға қоюды айта келе, партияның Саяси кеңес бюросының құрамына өзгеріс енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, бюроның қазіргі құрамында 11 мүше бар. Партия Төрағасы мемлекеттік қызметке өткен Мәулен Әшімбаев пен министр атанған Бақыт Сұлтановқа алғысын білдіріп, бюро құрамынан шығып қалған мүшелердің орнына «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәліні енгізуді ұсынды. Елбасы еліміздің бас басылымының тізгінін ұстап отырған Дархан Қыдырәлінің газетті көтергенін, зиялы қауыммен байланысы мығым екенін атап өтті. Сонымен қатар жастардың атынан сөз сөйлесін деп Jas Otan жастар қанатының көшбасшысы Дәулет Кәрібекті ұсынды.
Осы орайда Елбасы кеңесте сөйлеген сөзінде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі туралы да сөз қозғап, әртүрлі жолдармен сыни материалдардың жолын кесетін шенеуніктердің баспасөзге қысым жасауын доғару керектігін атап айтқанына да тоқтала кеткен жөн. «Егер осындай жағдай тіркелсе, қандай лауазымда болса да жұмыстан шығарамыз. Кім болса, ол болсын», деді Елбасы.
Тұңғыш Президенттің осы сөзі және Саяси кеңес бюросының құрамына алғаш рет БАҚ басшысының кіруі отандық баспасөздің мәртебесін көтеріп қана қоймай, жалпы осы салаға да зор жауапкершілік жүгі артылатынын байқатса керек.
Әлеуметтік міндеттемелер толық орындалады
Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында көтерілген мәселелер Елбасының күнделікті назарында жүрген және Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмалары негізінде жүзеге асырылып жатқан іс-шаралардың нақты жалғасы болатын.
Айталық, Премьер-Министр, Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Асқар Мамин өз баяндамасында Nur Otan партиясы тарихи тұрғыда қысқа мерзім ішінде еліміздің алдыңғы қатарлы саяси күшіне айналғанын атап өтті.
– Nur Otan – Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды, саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырушы партия. Аса қадірлі Елбасы, Сіз партияның алдына кез келген уақыт сынағына сай жедел және сапалы жауап беру міндетін қойдыңыз. Осы орайда партия әрқашанда күрделі мәселелердің оңтайлы жолын тауып, тиімді шешімдер қабылдап келеді. Біздің ортақ мақсатымыз – халқымыздың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруға, елдің экономикалық әлеуетін нығайтуға, қоғамның тұрақтылығын сақтауға бағытталған партия лидері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамалары мен Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асыру. Жауапкершілігі мол бұл міндеттерді партиямен тығыз қарым-қатынаста іске асырудамыз, – деді Асқар Мамин.
Премьер-Министр жауапкершілігі мол міндеттер Nur Otan партиясымен тығыз бірлестікте іске асырылып жатқанына да назар аударды, сонымен қатар «Әлеуметтік қамқорлық» бойынша атқарылған іс-шараларды еске салды.
– Сіздің тапсырмаңыз бойынша осы жылдың 1 сәуірінен бастап АӘК көлемі артты. 1 шілдеден бастап мүгедек балаларды өсіріп, тәрбиелеп отырғандар үшін мемлекеттік жәрдемақының көлемі ұлғайды. 1 маусымнан жалақысы аз бюджет қызметкерлерінің айлығы 30 пайызға дейін көтерілді. Ал жергілікті атқарушы органдардағы қызметкерлердің жалақысы 25 пайызға көбейді. «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, Тұрғын үй жинақ банкі арқылы аз қамтылған отбасыларға жеңілдетілген несиелеу жүйесі іске қосылды. Бұл механизм осы жылдың шілдесінен бастап іске қосылды, алдағы үш жылда бұл бағытта 50 млрд теңгеден бөлінеді, – деп атап өтті Премьер-Министр.
Қазір бұл бағдарламаға қатысуға ниет білдірген адамдардан 4 мыңдай өтініш түскен. А.Маминнің айтуынша, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру барысында кәсіпкерлер де өз ынталары бойынша көмек қолын созып, аса мұқтаж жандарға қайтарымсыз пәтер сатып алып беруге кіріскен. Биыл «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе отырып, халықты барынша жұмыспен қамту шараларын жоғары деңгейде жүргізуге мән берілмек. Оның ішінде 200 мыңдай адам мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қайта оқытылып, «Еңбек» бағдарламасы, «Бастау Бизнес» және «Жас кәсіпкер» жобалары ойынша біліктіліктері жоғарылады.
Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жоғары курстардағы 100 мың студент кәсіпкерлік негіздерін тегін оқи алады.
– 1 қыркүйектен бастап жоғары курстардағы 100 мың студент тегін түрде ЖОО-лар жанындағы кәсіпкерлік негізін оқи алады. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында микронесиелеу шығындары 83 млрд теңгеге дейін артты. Ал жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 18 мың азаматқа 18 млрд теңге көлемінде мемлекеттік грант бөлінеді, – деді Асқар Мамин.
300 мың жаңа жұмыс орны ашылады
Үкімет басшысының айтуына қарағанда, азаматтарды жұмыспен қамту бағдарламаларына көптеп тарту үшін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 15 мобильді жұмыспен қамту орталығы ашылған. Жыл соңына дейін ондай орталықтар тағы 15 жерде жұмысын бастайды.
– Экономикадағы еңбек күші нарығында оң қарқын байқалады. Орташа есеппен жылына елімізде 300 мың жаңа жұмыс орны ашылады. 1 тамыздағы жағдай бойынша 227 мың жұмыс орны құрылды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, бұл – 13 пайызға артық көрсеткіш. Осының арқасында 7 айдың ішінде жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға азайды, – деп атап өтті А.Мамин.
Үкімет басшысының айтуынша, ірі қалалардың айналасындағы проблемаларды шешу үшін 2019-2021 жылдарға 19 млрд теңге бөлінбекші. Жалпылай алғанда, үш жылға 87 жоба іріктеліп алынып, биылдың өзінде 51 жоба жүзеге асырыла бастаған.
Моно және шағын қалалардың инженерлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2019-2021 жылдары 30 млрд теңге қарастырылған.
Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру аясында жыл соңына дейін 53 ауылдың инфрақұрылымын жаңғырту аяқталады. Бұл жобалар аясына инженерлік және әлеуметтік нысандардың инфрақұрылымдары енгізілген. Осы орайда Үкімет басшысы 2023 жылға қарай еліміздің қалалары мен барлық ауыл таза ауыз сумен қамтамасыз етілетініне тоқталды.
Ең бастысы А.Мамин ел Үкіметі халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді толық орындап жатқанын атап өтті.
Үкімет басшысы Елбасы мен Саяси кеңес мүшелеріне еліміздегі тұрғын үй бағдарламасының орындалу жайынан да хабардар етті. Мәселен, 2016-2018 жылдар аралығында 34 млн шаршы метрден аса тұрғын үй салынып, бұл 300 мыңнан аса отбасын сапалы әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік берген. Ал биылғы 7 ай ішінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 6,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген болса, жыл соңына дейін пайдалануға берілетін пәтер көлемін былтырғы көрсеткіштерден асыру көзделген.
Үкімет басшысының айтуынша, биылғы мамыр айынан бастап көп балалы аналарға 2200 пәтер берілген болса, жыл соңына дейін тағы 6000 пәтер берілмекші.
Сонымен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін 3 мың пәтер беріледі.
Мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешенін қолдау көлемі да арта түскен. Елбасының тиімді келіссөздерінің арқасында ҚХР, Сауд Арабиясы, Орталық Азия мемлекеттерінің нарығы Қазақстан экспортына барынша ашылып, сауда-саттық қарқын ала түскен. Мәселен, өткен айда Қазақстанның Қытайға ауыл шаруашылығы өнімінің экспорты 47 пайызға өскен.
Еліміздің аумағында Индустрияландыру картасы бойынша 2016 жылдан бері 376 жоба жүзеге асырылып келеді. Сол уақыттан бері 34 мың тұрақты жұмыс орны ашылған. Үкімет басшысының айтуынша, елімізде қайта өңдеу кәсібінің қарқыны да жоғары. Оның ішінде биыл жалпы құны 450 млрд теңге болатын, жаңадан мыңдаған жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін шамамен 100 жобаны бастау көзделген.
Баяндамашының мәлімдеуінше, биыл республикалық және жергілікті маңызға ие жолдардың 9 мың шақырымында жаңғырту және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Нұр-Сұлтан – Қарағанды, Нұр-Сұлтан – Петропавл, Алматы – Талдықорған, Атырау – Ақтау, Бейнеу – Өзбекстан шекарасы бағытындағы маңызды жолдарды жаңғырту аяқталған. Ал биыл Нұр-Сұлтан – Павлодар – Семей – Қалбатау жолының құрылысы аяқталады. Ал келесі жылы Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Атырау – Астрахань бағытындағы жол толық қайта жаңғыртылады.
Осындай игіліктерді айта келе, Асқар Мамин Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасындағы мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға маңыз берілетініне де тоқталды әрі партия жұмысын жаңғыртуға байланысты бірқатар ұсынысын жеткізді.
Премьер-Министрдің ұсынуынша, біріншіден, маңызды заң жобалары бойынша Үкімет пен партия фракциясының алдын ала келісім механизмін жүзеге асырған дұрыс. Екіншіден, партия мен Үкімет мүшелерінің ел-аймақтарға бірлесе шығып, халықпен кездесулері ұйымдастырылады. Үшіншіден, Үкімет маңызды құжаттарды әзірлеу барысында партияның сараптамалық әлеуетін кеңінен пайдалануға ниет білдіріп отыр.
Премьер-Министр: «Аса қадірлі Елбасы! Сіз тәуелсіз Қазақстанның және Nur Otan партиясының негізін қалаушы ретінде мемлекетіміздің өркендеп-дамуына, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға арналған көптеген тарихи шешім қабылдадыңыз. Партиямыздың бүгінгі тынысына жаңа серпін беріп, заманауи талаптарға сай тапсырма бердіңіз. Үкімет алға қойылған тапсырмалар мен талаптардың барлығын нәтижелі және сапалы орындауға күш-жігерін салады, – деп сөзін қорытындылады.
Бұдан соң Nur Otan партиясының Мәжілістегі фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаева сөз алып, фракция алдындағы мақсат-міндеттерге тоқталып өтті.
– Партияның сайлауалды бағдарламасын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету Үкіметпен бірлесе жүргізілді. Нәтижесінде 260 заң қабылданып, оның 41-і тікелей партияның сайлауалды міндеттемелерін орындауға бағытталған. Мысалы, экономиканы дамыту, кәсіпкерлікті қолдау мақсатында, жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану, салық, кедендік реттеу жөніндегі кодекстер қабылданып, бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеуге қатысты заңдар қабылданып, заңнамаға өзгерістер енгізілді. Атаулы әлеуметтік көмек көрсету заңнамалық деңгейде өзгертілді. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа үлгісін енгізетін, дәрілердің қолжетімділігі және бағасының тұрақты болуын қамтамасыз ететін тағы да басқа құқықтық база жасалды, – деді Г.Исимбаева.
Осы орайда фракция төрағасы сайлауалды бағдарламаны іске асыру заңнамалық тұрғыдан толық қамтамасыз етілгеніне сенім білдірді.
– Бұған қоса жиналыстар мен кеңестердің 70 отырысында фракция сайлауалды уәделерге байланысты нақты ұсыныстар қабылдады. Оның ішінде жалпыға ортақ декларациялаудың мерзімін өзгерту, төртінші деңгейдегі бюджетті енгізу, тұрғын үйдің қолжетімділігі, балалардың құқығы, білім беру және басқа да мәселелер бар. Жан-жақты терең талқылаулардың нәтижесінде депутаттар заң жобаларына 6 мың түзету енгізіп, 400 депутаттық сауал жолдады. Бюджет қаражатын, Ұлттық қордан «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларына бөлінген қаражатты тиімді жұмсауға бақылау күшейтілді. Бір ғана мысал. Депутаттар Нұр-Сұлтан–Қарағанды жолындағы кейбір кемшіліктерді анықтады. Жобаның құны 7 млрд теңге еді. Оның сапасыз орындалу қаупі болды. Тек комиссияда қарағаннан кейін мердігерлер бұл кемшіліктерді өз есебінен жойып, жолды мерзімінде бітірді, – деді фракция төрағасы.
Кеңейтілген отырыс барысында Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Серікбай Тұрымов, фракцияның Қостанай облыстық мәслихатындағы Nur Otan партиясы жетекшісі Екатерина Смышлеява, Nur Otan партиясы Ақтөбе қаласындағы іскер әйелдер қауымдастығы бастауыш ұйымының жетекшісі, партияның Саяси кеңес мүшесі Айнұр Бақтығалиева сөз алып, бүгінге дейін атқарылған жұмыстардың қорытындыларын және Nur Otan партиясын жаңғыртуға байланысты пікірлерін білдірді.
Серік ӘБДІБЕК,
Орынбек ӨТЕМҰРАТ