• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Тамыз, 2019

Жеке кәсіпті бастаудың жолы бар

382 рет
көрсетілді

Жас кәсіпкер Евгения Шелудько былтыр наурыз айында жеке кәсібін ашты. Өз қабілетіне күмәнданған кей­бір жас кәсіпкерлерге қараған­да, біздің кейіпкеріміз бизнес әле­міне батыл қадам басты. Евге­ния бөдене өсірумен айналысады. Оның командасы Екібастұз және Пав­лодар қалаларына бөдене еті мен жұмыртқасын жеткізеді.

– Барлығы «StartUp Болашақ» конкурсынан басталды. Осы конкурстан кейін «Бастау Бизнес» бағдарламасына қатыстым. Байқаудағы тәлімгерлердің бірі мені оқуға шақырған соң қолымда серти­­фикат болғандықтан, грантқа өті­ніш білдірдім. Жобаны сәтті қорғап шық­тым да грант қаражатын пайдаланып қажетті жабдық сатып алдым, – деді бизнесвумен.

«Бастау Бизнес» бағдарламасының артықшылықтарын қоспағанда, өнім­дерін сақтайтын тоңазытқыштар сатып алуының өзі Евгенияның кәсібіне айтар­лықтай оң әсер етті.

– Бүгінде «Атамекен» Ұлттық кәсіп­керлер палатасы мен «Даму» кәсіп­керлікті дамыту қоры мені түрлі көрме­лерге жиі шақыратын болды. Бұл, әри­не жаңа таныстықтар арқылы жаңа клиент­тердің келуіне мүмкіндік береді және жалпы бизнестің дамуына оң әсер етеді, – деп кейіпкеріміз сөзін сабақтады.

Евгенияның негізгі мамандығы – фельд­шер. Дегенмен, мамандығы өзіне мүлдем басқа жолды таңдауына кедер­гі болған жоқ. Оған қоса, кәсіпкер өзі­нің жеке ісін өркендету үшін білімін жетіл­діретін «алтын кеніш» тапқандай болды.

– Жақында мен «Әйелдер микро­бизнесі» жобасына қатыстым. Қазіргі уа­қытта «Атамекен» ҰКП-ның «Іскер­лік байланыстар» жобасының қаты­сушысымын. Айтайын дегенім, бүгінде көптеген жобалар бар, бірақ ондағы ақпараттар жиі қайталанады. Ал мен үшін «Бастау Бизнес» расымен де бизнесімнің бастауы болды, бұл менің кәсіпкер ретінде есеюуім деп білемін, – деді Евгения Шелудько.

«Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы нәтижелі жұмыспен қамту­ды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылды. Жыл басынан бері оқу­ға қабылданған 15 мың азаматтың 3,5 мыңнан астамы өз ісін ашуға және ілгерілетуге гранттар мен микрокредиттер алды. Осылайша жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал ететін кәсіпкерлік субъектілерді мүмкіндігінше көп қамту жоспарлануда.

– Бізге бизнес-жоспар, қаржы жоспары не екенін және оны қалай жасайтынын егжей-тегжейлі түсіндірді. Бизнеске жаңа­дан қадам басқан бізге бұл өте маңызды болды. Менің кәсіпкерліктегі алғашқы мектебім десем де болады. Бү­гінде басқа жобаларға қатысқанда бәрін біліп отырамын. Айтпақшы, біздің мекеме «Біздің өнім» деп аталады, өнімдерімізді ал­ғысы келгендер болса интернеттен тауып ала алады, – деп Евгения сөзін қоры­тындылады.

Биыл бағдарламаға көп балалы отбасылар мен жастарды қолдауға бағытталған өзгерістер енгізілді.

Мәселен, 2019-2021 жылдары жастар­дың жаңа бизнес-идеяларын іске асыру үшін аз қамтылған көп балалы отбасы­ларға, аз қамтылған мүгедектігі бар ең­бек­ке жарамды адамдарға 505 мың теңгеге дейінгі мөлшерде 30 мың тегін грант беріледі.

Бұдан басқа, жыл сайын жастарға, көп балалы аналарға, мүгедектігі бар адам­дарға жеке кәсібін ашу үшін 6,5 млн теңгеге дейінгі мөлшерде және зәкірлік кооперацияны дамыту үшін 20 млн теңгеге дейінгі мөлшерде 5 мың микрокредит берілетін болады.