22 тамызда Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті. Онда бағдарламаны іске асырудың екі жарым жыл ішіндегі қорытындылары қаралды және алдағы кезеңнің міндеттері талқыланды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Бағдарламаның барлық бағыттары бойынша ауқымды жұмыс жүргізілгенін атап өтті.
Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары үкіметтің кезеңдік іс-шаралар жоспарына сәйкес жалғасуда. Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық және Ақпараттық жұмыс жөніндегі 4 топ жұмыс істейді.
«Жаңа гуманитарлық білім» жобасы бойынша Cambridge University Press, Oxford University Press және басқа да ірі халықаралық баспалармен ынтымақтаса отырып, философия, саясаттану, дүниежүзілік тарих, экономика, әдебиет теориясы, халықаралық құқық, ориенталистика, педагогика және басқа да ғылымдар бойынша 48 оқулық қазақ тіліне аударылып, шығарылды. Бұл жұмысқа жоғары оқу орындарының білікті оқытушыларынан, редакторлардан, аудармашылар мен лингвисттерден құралған 300-ден астам маман қатысты. Оқулықтар еліміздің 113 жоғары оқу орынына жеткізілді және оқытушылар мен студенттердің жоғары бағасына ие болуда. Олардың электрондық нұсқалары еркін оқу үшін «Қазақстанның ашық университеті» порталында орналастырылды.
«Туған жер» жобасы бойынша 10 мыңнан аса меценаттың қатысуымен 1800 мәдениет, білім, спорт нысаны жаңадан салынып, 1,5 мың нысан қайта қалыпқа келтірілді.
«Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша тарихымызда тұңғыш рет Қазақстандық поэзия мен проза антологиясы БҰҰ-ның 6 тіліне аударылып, жарыққа шығарылды, оның халықаралық таныстырылымы қыркүйек айында басталады.
«Қазақстанның киелі географиясы» жобасы бойынша 28 тарихи нысан қайта қалыпқа келтіріліп, ауқымды ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізілді. «Отырар» және «Тамғалы» визит орталықтарының құрылысы аяқталуда. Тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану туралы заңнамалар жетілдірілуде. BBC World News, «Euronews» телеарналарымен ынтымақтастықта Қазақстанның киелі нысандары туралы деректі фильмдер циклі түсірілді.
Қазақстандық қоғамдық даму институты және өңірлерде жобалық офистер құрылды.
Мәдениет және спорт министрлігімен мәдениет саласындағы меценаттықты ынталандыру жөніндегі ұсыныстар дайындалды. Білім және ғылым министрлігі волонтерлік қызметі үшін студенттерді материалдық ынталандырудың тетіктерін әзірледі.
4-6 қыркүйекте Қазақстан елордасында Азия қаламгерлерінің бірінші Форумы өтеді, оған қырыққа жуық елдің танымал ақын-жазушылары қатысады.
Тамыз айының соңында «Музейдегі түн» жобасы іске қосылады, онда қазақстандықтар әр айдың төртінші сенбісінде сағат 21-ден 3-ке дейін елді мекендегі музейлердің бірін тегін аралай алады.
Жаңа телевизиялық маусымда республикалық эфирге мәдениеттанушылық сипаттағы радио және телевизиялық бағдарламалар циклі эфирге шығады. Халықты латын графикасындағы жаңа әліпбиге оқытуға бағытталған бейнероликтер мен бейне лекциялар телеарналар эфирлеріне шығарылады, сондай-ақ интернетке орналастырылады. Классикалық музыканы бағалаушылардың сүйіктісіне айналған «Классик» радиосының тарату аумағын кеңейту жоспарлануда.
2020 жыл Волонтерлер жылы деп жарияланды. Осыған байланысты Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин мемлекеттік органдарға студенттердің қоғамдық пайдалы қызметіне қолдау көрсету шараларын қабылдауды жеделдетуді тапсырды.
Отырыста Президент Әкімшілігі Басшысының Орынбасары Мәлік Мурзалин, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова сөз сөйледі.