Сейсенбі, 29 қаңтар 2013 7:55
Уақыт алмасып, ғасырлар жалғасып жатқан тұста біздің еліміздің алға қойған мақсат-ниеті – береке-бірлікте түгел болып, бүлінбей бүтін ынтымақта өмір сүру. Осы өміршең идея азаттық алғаннан бері бір сәт те күн тәртібінен түсіп көрген емес. Мұның ұйытқысы да, ұйымдастырушысы да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екені айдай әлемге анық.
Сейсенбі, 29 қаңтар 2013 7:55
Уақыт алмасып, ғасырлар жалғасып жатқан тұста біздің еліміздің алға қойған мақсат-ниеті – береке-бірлікте түгел болып, бүлінбей бүтін ынтымақта өмір сүру. Осы өміршең идея азаттық алғаннан бері бір сәт те күн тәртібінен түсіп көрген емес. Мұның ұйытқысы да, ұйымдастырушысы да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екені айдай әлемге анық.
Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырға жуық уақыт ішінде мемлекетіміз әлемге танылды. Ел болып ірге көтеріп, қасиетті қара шаңырағын биіктен көрсете алатынын дәлелдеді. Сол биікке тіккен алып шаңырағы – Арқа төсіндегі Астанамыз, оның қақ төрінен орын алған Ақордамыз дер едім.
Осындай елдің әр жылғы бағыт-бағдары Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жоралғы жолдауларында айқындалып, орындалып келе жатқаны мәлім. Елбасының биылғы Жолдауы – Қазақ елінің кемел келешегіне жасаған қажырлы қадам, ұрпақты жарқын болашақ заманда дәуір көшінен қалдырмайтын, әлемдік жаһандану үрдісіне Отанымыздың өзіндік бет-бейнесін айқындап берген құжат деп білемін. Осы күнге жету, бітім-болмысымызды нақтылау, нарықты игеру, дәуір талабына қашанда сай болу бүгінгі қалыптасқан Қазақстанды алда да төрткүл дүниеге таныта беру, сөйтіп, қуатты мемлекетке айналдыру, демократияны деміктіріп алмай алға жылжыту, ұлттық экономиканы орнықтыру, мұның бәрін ширек ғасырға таяу уақыт ішінде орындап шығу оңай болған жоқ. Бұл туралы Елбасы биылғы Жолдауында: «Біздің алғы шепті алуымыз қымбатқа түсті. Ел 20 жыл бойы егемендігіміз бен саяси салмағымызды нығайтуға жұмыс істеді. 20 жыл өткен соң бұл мақсатқа қол жетті. Қалыптасу кезеңі табысты аяқталды. Қазақстан ХХІ ғасырдың басында тәуелсіз әрі өзіне сенімді болып отыр. Жаһандық дағдарыстың жалғасуының әсерінен әлемде болып жатқан өзгерістер бізді үрейлендірмейді. Біз оларға дайынбыз. Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру», дейді. Ақиқат сөзге терең бойласаң, арғы жағынан өткенді бүгінмен ұштастырып, алдағы бағытты белгілеп бергеніне көз жеткізесің.
Бір қарағанда «Қазақстан-2050» Стратегиясы алыстау көрінеді. Бірақ ертеңіне үміт артқан елдің, сол елдің алтын тірегі саналатын ұрпақтың болашағын ойлағанда, бұл – шынайы бағдарлама екенін аңғарасың. Өткенді бағамдай отырып, алдағы күніне, үкілеген үмітін оздырған жұрт үшін, бұл – стратегия кемел келешекке бастайтын дара да даңғыл жол. Барды малданып отыра бермей, келешекке қанат қағу, бұл – еліміздің көкжиегін кеңейтіп, еңсемізді биіктете бермек.
Бұл алғашқы стратегия емес, осыдан 15 жыл бұрын 2030 жылға дейінгі стратегия қабылданған болатын. Сол бір алмағайып заманда Жолдауды еске алған Елбасы: «1997 жыл естеріңізде ме? Парламентте мен сөз сөйлегеннен кейін абдырау мен абыржу болды. Көпшілік: «Бұл не – насихат па? Әлде аспаннан түскен нәрсе ме?» деп сауал қойып жатты… Халық нақылында айтылғандай… «Мақсат – жетістіктің желкені». Орынды мақсаттар ғана табысқа жеткізеді», депті.
Тағы да Жолдау жолдарына үңілсек, «Дүниеде болып жатқан өзгерістердің сипаты мен тереңдігі, жаһандық өзара іс-қимыл ұзақ мерзімді дамуды талап етеді. Көптеген елдер қазірдің өзінде 2030-2050 жылдардың арғы жағына көз жіберуге тырысады. «Басқарылатын болжамдау» қазіргі тұрақсыз кезде мемлекеттер дамуының маңызды тетігіне айналуда» дейді. Осындайда қазақтың «Көз қорқақ, қол батыр», «Тәуекел түбі желқайық, өтесің де кетесің» деген қанатты сөздері ойыңа оралады екен. Еліміздің өскенін, өркен жайғанын мынадан көруге болады. Алғашқы елдік жылдарымызда экономикамыздағы кіріс-шығысымыз миллион, миллиард деген өлшемдермен белгіленсе, 2030 стратегиясының жемісі – экономика көлемі триллион теңгемен түйінделетін биікке қол жеткізді. Жолдауда айтылған осы 15 жыл ішінде ұлттық экономика 1,7 триллион теңгеден 28 триллион теңгеге өсуі осы сөзімізге дәлел болады.
Мен экономист ретінде Жолдаудағы осы салаға қатысты айтылған кейбір тұжырымдарға тоқтала кетсем деймін. «Қазіргі уақытта адамзат жаңа жаһандық сын-қатерлермен бетпе-бет келуде. Еліміз бен өңіріміз үшін мен он негізгі сын-қатерді бөліп көрсетемін. Егер біз өз дамуымызда жаңа табыстарға одан әрі қол жеткізуді жоспарлайтын болсақ, олардың әрқайсысын міндетті түрде ескеруге тиіспіз» дейді Елбасы.
Иә, Президент осы он қатерді жеңуді бізге міндеттеп отыр. Мен бәрін емес, екеуін ерекше атағым келеді. Ол су тапшылығы мен жаһандық энергиялық қауіпсіздік еді. Суды үнемдеп пайдалану, қолда барды ұқсата білу туралы Мемлекет басшысы бұрын да жиі айтып жүретін. Енді ұзақ мерзімге арналған Стратегияда «Сумен қамтамасыз ету проблемасы біздің елімізде де өткір болып отыр. Бізге сапалы ауыз су жетпейді. Бірқатар өңірлер оның зардабын қатты тартуда» деп атап өткен. Ендеше, алдағы жылдары су мәселесіне қай-қайсымыз да сергек болуымыз керек. Су өмірдің нәрі, тіршіліктің көзі екенін ұқсақ ұтылмаймыз, ұтамыз. Елбасы осыны ерте бастан еске салып, тамшы су үшін тартыс алда тұр дегенді меңзейді. Ал «Көмірсутегі экономикасының дәуірі бірте-бірте аяқталып келе жатқаны анық. Адамзаттың өмір тіршілігі тек бір ғана мұнай мен газға емес, энергияның жаңғыртылатын көздеріне негізделетін жаңа дәуір келе жатыр» деген кемел ой келешектің бағдарламасы деу орынды. Ел мерейін өсірген, беделімен жеңіп алған EXPO-2017 халықаралық көрмесінің атауын Қазақ елі, Елбасы «Болашақтың энергиясы» деп өзекті тақырыпты таңдауы тегін болмаса керек.
Жолдаудағы Президенттің «Қазақстан экономикасы – әлемдік ауқымда көлемі шағын экономика. Сондықтан оны өте тиімді басқару қажет… Қайталап айтамын: елдің бюджетін жай бөліп қана қоймай, ойлы да салмақты инвестициялау қажет» деген жолдарды мысалға келтіре отырып, мен Сенатта бюджетті талқыға салғанда өңірлер бойынша қаржы бөлудің өлшем критерийлері туралы жиі көтеріп, тиімділік басты нысан болу керек дегенге берік табан тіреп келемін. Сол секілді бюджет саясаты туралы айтылған түйіндер елдің дамуындағы басты көрсеткіш екенін «қиын-қыстау» күнге резервтер жинау» екенін қадап айтып, «Бюджеттік-қаржылық процеске деген көзқарас жекелей салымдарға көзқарас секілді ұқыпты ойластырылған болуға тиіс. Басқаша айтқанда, бірде-бір бюджеттік теңге ысырап болмауға тиіс» деп тапсырады. Салық, ақша-кредит, мемлекеттік және сыртқы қарызды басқару саясаты жөніндегі нақты міндеттер – күні ертеңгі мінсіз іске жол сілтеп тұр. Мәселен: «Жаңа салық саясаты әлеуметтік бағыт алуға тиіс. Бұл үшін 2015 жылдан бастап ынталандыру шаралары кешенін, соның ішінде білім беруге, өзін, өз отбасын, қызметкерлерін медициналық сақтандыруға қаражат салатын азаматтар мен компанияларды салықтан босату практикасын көздейтін ынталандыру кешенін әзірлеу қажет» десе, салық туралы «Әлемдік экономикадағы қолайсыз ахуалды ескере отырып, біз инфляциядан әрбір қазақстандықтың кірістерін қорғауды қамтамасыз ететін және экономикалық өсім үшін лайықты деңгейін ұстап тұратын боламыз. Бұл жай ғана макроэкономикалық мәселе емес, бұл елдің әлеуметтік қауіпсіздігінің мәселесі. Және де бұл – 2013 жылдың өзінен бастап Ұлттық Банк пен Үкімет жұмысының басты мәселесі» дейді ақша-кредитке қатысты. Сонымен бірге, мемлекеттік және сыртқы қарызды басқаруға қатысты: «Біздің елдің мемлекеттік қарызының деңгейін тұрақты бақылауда ұстауға тиіспіз. ІЖӨ-ге қатысты бюджет тапшылығын 2013 жылғы 2,1%-дан 2015 жылы 1,5 %-ға дейін төмендету керек». Міне, бұл міндет те осал жүк емес. Оны орындау үшін әр азамат өзінің білік-білімін сарп ете отырып, саналы еңбек үлгісін көрсетуі керек деп ойлаймыз.
Жолдауда айтылған осындай сүбелі міндет-мақсаттар үлкен жауапкершілікпен атқарылатын жұмыстар. Бұған ұлт болып ұйыссақ, жұрт болып жұмылсақ, елдің ертеңі, ұрпақтың болашағы жарқын болары сөзсіз. Мұндай ауқымды жұмысты сөзбен сомдау емес, іспен тиянақтасақ, мақсатқа жетіп, міндетті мүлтіксіз орындайтын боламыз.
Өңірден сайланған сенатор болған соң ауылдың бүгіні мен ертеңі туралы айтылған бағыт-бағдарға да сәл тоқтала кетсем деймін. Ауылды көркейту, ауыл шаруашылығын өрістету ұзақ мерзімді Стратегияда кеңінен қамтылған. Әсіресе, ауылшаруашылық тауарларын қайта өңдеу, фермерлік пен шағын және орта бизнесті өрістету, жерді игеру мәдениетін талапқа сай өзгерту, ғылым жетістіктеріне мән беру, технология, басқару саласындағы қолжетімді игіліктерді пайдалана білу, мал шаруашылығында ұлттық дәстүрімізді жаңғырту – өзге де өзекті мәселелерге ерекше мән берілген. 2020 жылға қарай ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемін 4,5 есеге арттыру, агроөнеркәсіп кешенінің жаңа бағдарламасын әзірлеу жүктеліп отыр. Бұл біз айтқан ауылды, ауыл шаруашылығын өркендетуге үлкен бетбұрыс болмақ. Оның жүйелі өсіп-өркендеуі жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, су ресурстарына тікелей тәуелді. Осыған байланысты Елбасы өз Стратегиясында суға қатысты жаңа саясат тұжырымдау қажет екенін алға тартады. Әлемдегі озық үлгіні зерделеу, жерасты суларын өндіру, оны тиімді пайдалану, бұл істе әлемдік озық технологияға сүйеніп қана қоймай, жаңа отандық үлгісін енгізу қажеттігін жүктеп, ең бастысы, агроөнеркәсіпте суды, ылғалды үнемдеуді кешенді түрде жүзеге асыру керек екенін назарға салады. Міне, барды тіршілік көзіне пайдалана отырып, елге керекті табу, оны қажетке жарату ісін Мемлекет басшысы осылайша жан-жақты атап өтеді.
Сан саланы қамтыған ұзақ мерзімді стратегияның негізгі түйіні, бұл әлеуметтің әл-ауқатын көтеру, өркениетті өмірді қазақ топырағында қалыптастыру, оны дәстүрлі етіп орнықтыру. Бұл жөнінде Елбасы «Басты міндет – кедейшіліктің өсуіне жол бермеу. Кедейшілік ешбір қазақстандық үшін әлеуметтік перспективаға айналмауы керек. Біз өз азаматтарымыз үшін экономика мен бюджеттің өсуіне тікелей тәуелді болатын ең төменгі әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктер белгілеуіміз керек» деп, аталмыш сала бойынша атқарылатын келелі істерді тайға таңба басқандай көрсетеді.
Түйіндей айтқанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл стратегиясын кемел келешекке жасалған тың қадам, алдынан үміт күтер адамды қанаттандырып, ойын оятып, санасын сергітіп, жаһандану кезінде мемлекетті қалыбында сақтап қалатын ұлттың тамырын бекітіп, талабын ұштайтын адастырмас бағыт-бағдар деп білеміз. Бұл істі орындау кезінде «Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз», деп данышпан Абай айтқандай, барды ұқсатып, кемді түгендеп, ортаны толтырып, жоқты тауып, әрқайсымыз қарыз бен парызды ұғып, үдеден шығып, бүкіл ел бірігіп білек, жұмылып жұдырық болу еншімізге тиіп отыр. Осындай жауапты міндетті жақсы атқарсақ, Қазақ елінің болашағы жарқын, келешегі кемел болары сөзсіз.
Ертарғын АСТАЕВ,
сенатор, Сенаттың қаржы және
бюджет комитетінің хатшысы.