Бурабай баурайында VII Burabike Fest-2019 қайырымдылық бағытындағы спорттық-музыкалық фестиваль өткізілді. Аталмыш фестивальді облыстық әкімдіктің қолдауымен Болат Өтемұратовтың қоры ұйымдастырды.
Әр жыл сайын табиғаты тамылжыған Бурабай аумағында веломарафон өткізу дәстүрге айналған. Қайырымдылық шарасы бірте-бірте өз аясын кеңейтіп келеді. Үстіміздегі бұл шара жалғыз адамға емес, тұтас отбасына арналған музыкалық-спорттық фестивальге ұласты.
Адамдарды ізгілікке, қайырымдылыққа баулитын іске саясат, бизнес және спорт саласының өкілдері қатысты. Биылғы жылы аталмыш шараға 3500 адам жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Жиналғандар алдында олимпиада чемпионы Александр Винокуров, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев сөз сөйлеп, қайырымдылық жасау ең алдымен адам бойындағы кісілік қасиетті көрсететіндігіне тоқталды. Әлемге жылу шашып тұрған да осындай ізгілік тұнған кеңпейіл екендігін екшей айтты.
–Әр жыл сайын қайырымдылық шарасының аясы кеңейіп келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады,–деді облыс әкімі,–бүгін еліміздің әр өңірінен, алыс және жақын шет елдерден адамдар жиналып отыр. Осыған қарағанда, қайырымдылық сияқты асыл қасиетте шекара жоқ.
Эксклюзивтік лоттар бойынша қайырымдылық аукционы өткізілді. Жиналғандардың лебізіне қарағанда бағасы қолжетімді. Қатысушылар Қанат Ислам мен Геннадий Головкиннің қолғабы, Дмитрий Баландиннің жүзу телпегі, Батырхан Шүкеновтың альбомдар жинағы, Рафаэль Надальдың теннис добы және өзге де көптеген лоттар бойынша бәсекеге түсті. Барлық қаржы қайырымдылық шараларына бағытталады.
Балаларға арналған анимациялық-қайырымдылық бағдарлама мен жәрмеңке, әрқилы ұлттық ойындар көп көңілін баурады. Осы арада екпін түсіріп айтатын жай, биылғы қайырымдылық назары Есіл қаласына түсіп отыр. Бұл қала облыстың ең шалғайындағы елді мекендердің бірі. Аудан орталығындағы көнетоз аурухана 25 мың халыққа қызмет етеді.
–Несін жасырайық, аудандық аурухана осы заманғы медициналық құрал-жабдыққа зәру,–дейді бас дәрігер Дастан Асанұлы,–мәселен, ауыр науқастарды 350 шақырым жердегі Көкшетауға, әйтпесе, Нұр-Сұлтан қаласына жеткізуге мәжбүрміз. Әсіресе, жүкті әйелдер мен жас балаларға қиын. Бір жылдың ішінде шамамен 60-70 адамды тасымалдап жүрміз. Тасымалдау үшін арнайы жабдықталған көлік керек. Оның үстіне аурухананың хирургия бөлімшесі де медициналық құрал-жабдықтарға зәру. Осы жолғы қайырымдылық шарасы барысында біраз кем-кетігімізді бүтіндеп алатын болдық.
Қор директоры Марат Айтмағамбетовтың айтуына қарағанда, аталмыш қор жыл сайын медицина саласына көп көмегін тигізіп келеді. Алты жылдың ішінде 700 миллион теңге қаржы жинаған. Биылғы жылы Ақмола облыстық перинатальдық орталыққа, облыстық балалар ауруханасына, Щучинскідегі балалар үйіне, басқа да мекемелерге қайырымдылық көмек көрсетілмек. Белгілі қоғам қайраткері Аружан Саин ең бастысы осындай мейірімді шараларды тұрақты өткізу деп есептейді.
Үстіміздегі жылы қатысушылар көп болғандықтан, фестиваль екі күн бойы өткізілді. Кәсіби спортшылар арасында веложарыс 35 және 70 шақырым, әуесқойлар арасында 10 шақырым қашықтықта ұйымдастырылды.
Ақмола облысы